Руханият • 21 Қаңтар, 2019

Ұлы даланы ұлықтаудың үлгісі

525 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлы даланы ұлықтау – киелі іс, кемеңгерлік қасиет. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – осы өнегенің өресі биік жарқын үлгісі.

Ұлы даланы ұлықтаудың үлгісі

Мақала – өткеннің өзегінен тарқата өрілген, өмір көшінің бағыт-бағдары мен мақсат-мұратын діттеген терең тамырлы толғаулы дүние. Көненің көбесінен тін тартып, жаңаның жаңғыруымен қорытылып өрелі тұжырым, өрісті зерделеумен жазылғаны көрініп тұр.

Ақиқат арқауы айқын, рухани жаң­ғырудың жалғасты арнасындай үндесіп жатқан ұлт тағдырының тізгін сөзінің тілегі тұғырлы, тәу етері тәуел­сіздік дегенді дәйектей түседі.

Тарих толқынындағы өзгерістер мен жаңарулардың барысында ұлттық бол­­мы­сымызды, тағылым-тірлігімізді, тарихы­мыздың көкжиегін әлі де анықтай түсуіміздің, қанықтай білуіміздің қажет­тігін сараптай сабақтап, ұлттың ұйыт­қылық ұстанымын алға тартады.

Әлбетте, өмірдің өзі екшеген тұжы­рымдар бар: әрбір ұлт өзінің тамыры терең тарихымен, уақытпен бірге жасаған ұлы тұлғаларымен мақтана алады. Тегіңді білу дегеннің құдірет-қасиеті осыдан шығады. Оны танып-білу ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтай жеткізу әрі парасатты іс әрі парыз. Мұның түп мақсаты – «Ең бастысы, нақты ғылыми деректерге сүйе­не отырып, жаһандағы өз рөлімізді ба­йып­­пен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», деген сындарлы пайыммен түйінделіпті.

Президенттің Ұлы даланың жеті қыры­на тоқталып, әрқайсысына тарихи-ғылы­­ми зерделеу жасауы айрықша тәнті ететі­нін атап өтуіміз керек-ақ.

Осы уақытқа дейін тарихымыздың тұм­шаланып келгені, оның ұлтқа қатыс­ты, ұлттың өркениет пен өмірге әкелген жаһандық жаңалығы, күрескерлігі мен қайсарлығы, тарихтағы тұғырлы ұлт­тар­мен терезесі тең тұрғаны айтылмай, ұдайы жабайы күйінде көрсетуге күш салынғаны белгілі. Түбі бір түркі халық­тарының ғажайып тарихы қасаң­дықтың қалыбымен бұрмаланып, дерегі мен дәйегі бұғауланып ұсталғаны ноқ­талы саясаттың уысынан шығармау жолын­дағы қитұрқы уағызы, айылын жима­ған өктемдіктің өшпенді ұстанымы еді. Осы орайда: «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұл­тартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» – дейді Елбасы. Бағамдай алсақ бұл сөзде де астарлы мағына, алды-артымызды безбендей білу мүддесі жатыр.

Көбімізге белгілі кей нәрсенің мән-мазмұны тереңде жатқанын елей бермей­тінімізді еске түсіретін мына бір жай қалыптағыдай көрінетіні рас. Өзіміз мініп жүрген автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенетінін білеміз. Бұл жаһандағы салт аттылар – біз, қазақтардың атқа мініп желдей ескен күндерге деген белгісі, соның тарихи жадыда қалған өшпес айғағы екенін айтқанда еріксіз мақтаныш сезіміне бөлену өмірдің өзіндей шындық екеніне иланымыз күшейе түседі.

Қазақтың жеріндегі қазба жұмыстары кезінде табылған ғажайып қазыналар: тасқа қашалып уақытпен бірге жасасқан таңба-жазулар, металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйым­дары, тұрмыстық заттары, қару-жарақ­тары – тарихымыздың қазына-шежі­ресі іспетті, бастауымыздың қайдан, бас ұраны­мыздың қандай болғанын айғақ­тай түседі, ал «Алтын адамның» өзі ата тари­хымыздың қуаты мен дала өрке­ниеті­нің өрісі мен өрлеу өресін көрсетеді. Ұлттың ұлылығын танытар, жаһанды таңғалдырған жәдігер жақсымызды басын ашып, абырой тұтар тарихи айғақ ретінде ақиқаттай алға тартады.

«Бұл жауынгер талай тылсым құпия­ның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті» – деп жадымызға жаңа леп, ұлттық санамызға мақтан тұтар мәйек ой салады.

Ұлы Жібек жолының өркениет өрі­сін­дегі рөлі мен тарихи орнына тоқта­ла келіп «Керуен жолдарын мінсіз ұйым­дастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасыр­лардағы аса маңызды сауда қа­ты­­на­сы­ның басты дәнекері саналды... Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, түркі империяларының аумағын қамтиды» – деп тарихи тіннің тағы бір тұңғиық сырын ашып тарқата түйіндейді. Мұның бәрінің ұлттық санамызға құнарлы қуат болып дарып, ерекше серпін берері сөзсіз.

Осылай жеті қырды жүйелі түрде сараптай келе, алдағы уақытта атқары­лар тың идеяларға толы кешенді жоба­лар­ды алға тартуы тіптен айрықша: «Ар­хив – 2025» жеті жылдық бағдар­ламасы, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көп­ші­лік сериялары, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және техникалар музейі, «Дала фольк­лорының антологиясын жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы, Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильм­дер, телевизиялық сериалдары секілді іске сәттік ілкімді жобаларын жүзеге асырудың жауапты жолын ұсынып отыр.

Бәрі – бас-аяғы жіптіктей жүйелі, ойы қанық, мақсаты анық, мәні терең, маңызы зор, көп жұмылса қолдан келер, болашақтың көкжиегіне көш түзеген келелі іс, көшелі жобалар.

Бұған баршамыз – тарихшы­лар, ғалымдар, археологтар, этно­­графтар музыка мамандары, тіл­ші­лер, әде­биет­шілер, журналистер, бас­па­герлер, кино­герлер атсалысып, білім­ді­лік пен бел­сен­ділік танытуымыз керек.

Бұл орайда жазушылар мен киногер­лер­дің шабытты еңбегінің жемісі ерекше болмақ. Өйткені кітап пен киноның құді­реті сол, бұлар – бірі тасқа басылып, бірі жанды лентаға түсіріліп, қаз-қалп­ын­дағы деректік және тәрбиелік құнды­лы­ғын келешекке жеткізе алатын айрықша жанрлар, оның тарихымыз бен тағдырымыздың төрден көрінуіне, ұлттық қасиет рухымыздың қайрала түсуіне септігі мол екені сөзсіз.

 Бастысы, мұның бәрі рухымыздың жоғары болуы үшін керек. Негізгісі – тарихымызды терең танып-білуімізге, ұлттық болмысымыздың түп-қазығын нығайта түсуге, тарихи сауаттылығымызды ны­ғай­туға, өркениеттегі орнымыздың қан­дай­лығын қалыптап мақтаныш тұтуы­мызға, тәуелсіздігіміздің жасам­паздық жігер-қуатын күшейте беруіне жол көрсетіп отыр.

Ұлы даланы ұлықтай білу деген осы. Бұл Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен көреген­дігінің асқан үлгісі. Оны жүзе­ге асыру жері мен елін сүйген, бүгінгі ұлтын мақтан тұтар ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік, үделі міндет.

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері, «Ана тілі» баспасының директоры