Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Жетісу өндірістік филиалында талқыланды

749 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысы тұрғындарын табиғи отынмен қамту бағыты бойынша ауыз толтырып айтарлықтай шаруа атқарылды. Қазір Талдықорған қаласында газ желісіне қосылуға қатысты құрылыс қызу жалғасуда. Жалпы облыста бұл жұмыс 14 аудан­да жүріп жатыр. 

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Жетісу өндірістік филиалында талқыланды

Жақында Талдықорған қала­сын көгілдір отынмен қамту ісі­нің баяу жүріп жатқаны жайлы облыс­тық мәслихат депутаттары мәселе көтерген болатын. Бұл жердегі сындарлы жағдай қала ішіндегі газ желілері құрылысын жүргізіп жатқан компанияларға қатысты орын алған-ды. Осыған орай, облыс орталығындағы газ жүйе­сіне қосу жұмыстарын жүр­гізіп жатқан компания­лар арасындағы көшбасшы ұйым – «ҚазТрансГаз Аймақ» акцио­нерлік қоғамының Жетісу өнді­рістік филиалының директоры Жайық Әлішев журналистермен кездесіп, Алматы облысы аумағындағы көгілдір отынмен қамту жайына тоқталған еді.

– Біздің негізгі міндетіміз облыс тұрғындарына табиғи отынды қауіпсіз әрі үздіксіз жет­­кізу екенін түсіндіріп жату ар­тық болар. Қазіргі таңда Тал­дықорған қаласы бойынша тұр­ғын үйлерге газ тарту ісін одан әрі жандандырып отырмыз. Бірінші кезек бойынша тарату желілеріне қосылған үйлер мен ғимараттарға, яғни көгілдір отын тұтынушы абонент­терге газ жеткізілді, – дейді Жайық Әлі­шев.

Мәлім болған дерек бойынша, дәл қазір Талдықорған қа­ла­сында 2157 абонент газ же­лісіне қосылған. Ал 300 үйге желі құбыры жетіп тұрғанымен, қазандық пен газ жағуға ар­налған жабдықтардың дайын болмауынан көгілдір отынды тұтына алмай отыр. Бұл қаланы газдандырудың бірінші кезеңі бойынша анықталған мәлімет. Жалпы, облыс орталығы бойынша 5447 жеке тұрғын үй секторы мен көпқабатты үйлердің  9958 тұрғыны табиғи отынмен қамта­масыз етілуі тиіс. Ол алдағы уа­қытта іске қосылатын газбен қам­тудың екінші және үшінші кезең­дерінде орындалатын болады.

– Қаланы көгілдір отынмен қамту ісінде «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Жетісу өндірістік филиалын монополист ретінде көр­сету­ге тырысатындар бар. Бірақ біз бәсекелестік заңына бағына­мыз. Яғни, газ желілерінің құры­лы­сына басқа да компаниялар қа­­тысуға құқылы және олар қа­­тысып та жүр. Жалпы бұл на­рықта бізден басқа 45 компания бар. Бірақ жекеменшік ком­паниялардың жұмыс сапасынан туындаған мәселе біздің жұмысымызға да сын болып отыр, – дейді филиал директоры.

Осыдан барып тұрғындар арасында түсінбеушілік туындаған. Нақты айтқанда, көшелерге тар­тылатын газ құбырының құры­лысын жүргізу мерзімі ұзаққа созылу мен дайын желі арқылы жіберілген көгілдір отынның сапасына қатысты шағым жиілеген. Әдетте, өңірге газ күйіндегі отынды тасымалдаушы «ҚазТрансГаз Аймақ» болғандықтан негізгі жауапкершілікті мойнына алады. Бірақ тұрғындар тарапынан айтылған сын қала ішілік желіні тартқан басқа компанияның әре­кетіне қатысты болып шыға­ды екен. Мысалға, құбыр жүргізген жекеменшік иесі желіні не­ғұрлым жылдам аяқтауды мақсат ете ме, әлде кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі төмен жұмыс­шыларды жалдай ма, жұмыс сапасына мән бермейтін көрінеді. Арзан бағаға газ кіргіземіз деп, бұрын қолданыста болған, ес­кі құбырларды пайдаланған теріс әрекеттер де кездескен. Тал­­дықорған қаласы бойынша бірнеше бағытта газ жүретін құ­быр­­лардың бойынан су мен то­пырақ шығып, ол көгілдір отын­­ның ағынына кедергі кел­тірген. Нәтижесінде, кедергі мен апатты жою үшін Жетісу өндірістік филиалы қосымша шығынданған. Яғни, құбырға жиналған судың кесірінен газды 1576 рет өшіріп, ақауды түзетуге күш жұмсалды. Есесіне, жылыту маусымы кезінде газ­дың сөніп қалуына байланыс­ты тұрғындардан 88 шағым түскен. Филиал жұмысына қа­ты­сы жоқ осындай себептерден кейін көгілдір отынның қол­жетімділігіне сенімсіздік туып, қала бойынша 500 шамасындағы абонент желіге қосылудан бас тартып отырған көрінеді.

Талдықорғандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да табиғи газ­дан дәмелі еді. Алайда олар­дың үміті ақталмай отыр. Әлі күнге дейін облыс орталы­ғын­дағы көпқабатты үйлерді таби­ғи газға ауыстыру мәселесі ше­шімін тапқан жоқ. Газ маман­дарының жазған хаттарына жер­гілікті билік тиісті назар аудармай келеді. Ал тұрғындар бая­ғыша ауладағы газгольдерге құйылатын сығымдалған газды пайдалануға мәжбүр.

Айтпақшы, Алматы облысы­ бойынша көгілдір отынмен қамту мақсатында өткен жылы бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлініп, 36 млрд теңге жеке инвестиция тартылған екен. Яғни, бұл істе мемлекет- жекешелік әріптестігі нақты жолға қойылған. Инвестиция есебі бойынша, жұмсалған бюджет қаржысының 1 теңгесіне жеке қаражаттың  3 теңгесі сәйкес келеді дейді мамандар. Ал осы жылдың алғашқы айында газдандырылған елді мекендердің саны 142-ге жетіп, қамту үлесі 30 пайыздан асуы тиіс.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы