Медицина • 21 Қаңтар, 2019

Қоқыс жинап, қаражат табады

506 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Екеуінің де тағдыр талайы, келешекке деген ұмтылысы тым ұқсас. Бірін-бірі түстеп танып көрген де жан емес. Алайда  басқа түскен бейнетті қара нардай көтере білулері, бар қиындыққа тәуекел етіп, алға ұмтылулары құтты егіз қозыдай.

Қоқыс жинап, қаражат табады

Қолға алған кәсіптері де ұқсас. Айтпақшы, бұл кәсіптер мү­гедектердің екеуіне де барынша қолайлы, қоғамға да. Ша­шылып жатқан қоқысты жи­намақ. Кім ойлаған, есебін тапса, қоқыс жинап та қаражат табуға болады екен. Қалада да, жел кеу­леген далада да қоқыстан көп нәрсе жоқ. Қатты тұрмыстық қал­дықтарды да сыпырып-сиырып жинап алса, қайтадан өңдесе, кәдеге жарамақ.

Таяуда Жарқайың ауданының орталығында қимыл-қозғалысы шектеулі мүгедек Сергей При­валов­тың бастамасымен қо­қыс жинайтын қойма ашылды. Сергей кішкентай кезінен денсаулығында кінәрат болса да, елгезек, еңбекқор болып өсті. Мектеп бағдарламасын үйінде игеруге тура келді. Ұлағатты ұс­­таз­дарының арқасында мүм­кін­дігінше тәуір білім алды. Мек­тептен соң колледжді тә­мамдап, бағдарламалау маман­дығын игерді. Бұл кезде оның кейбір замандасы өмірден өз орнын іздеп жүрген болатын. Ал әр ісіне ыждаһатты Сергей ата-анасына қарап аузын ашып отырған жоқ, өз бетінше талпынғысы келді. Сөйтіп кішкентай ғана жер телімін жалға алып, қағаз қалдықтарын жинауға кірісті. Шалғайдағы шағын аудан орта­лығының қуыс-қуысын тегіс адақт­ап шықты. Бағына қарай адамдар қажет етпей тастаған қағаз дегенің аткөпір екен. Бұған дейін тірі пенденің есіне келмеген бұл орайдағы шаруа шаш- етектен болып шықты. Ендігісі қолына ілінгенді қоймасына тасымалдау ғана, бірақ соның өзі қимыл-қозғалысы ауырлау адамға әжептәуір жүк. Әйтсе де кісіге күнін түсірмеуге тырысқан. Алғашқыда велосипедінің жүк салғышына кішкентай қорапша жасаттырып алды. Енді қағазда қанша салмақ бар дейсің. Ісі оңынан оралған соң алға қарай ұмтылысы арта түскен. Қағаз емес, тиындап болса да ақша тасып жүр ғой.

Бірте-бірте кәсібін кеңейт­кісі келген. Осы ойы жетектеп өткен жылы Сергейді «Нұр Отан» партиясының аудан­дық бөлімшесіне алып келді. Ен­дігі арада қағазға қоса, бей-бе­рекет шашылып жатқан әй­нек сы­нықтарын, қаңылтыр қорап­шаларды қоса жинамақ.

– Қағаз жинаудан бастап еді, қазір бәрін де жинайды. Біз оған қойманы сенімді басқаруға беріп, құжаттарын жинауға кө­мектестік. Ептеген қолбайлау да бар. Мәселен, тұрмыстық қал­­дықтарды қайта өңдеу үшін облыс орталығына жеткізу, – дейді партия қызметкері Әділ Нұр­беков.

Бүгінде Сергей «Бастау-биз­нес» бағдарламасы бойынша бар­лық құжаттарын жинап бітті. Енді өзі қалдықтарды өңдейтін цех ашқысы келеді.

– Мұндай ой менде көп­тен бері бар, – дейді Сергей, – қор­шаған ортаны жарқыратып, жайнатып таза ұстау керек қой. Бір сәт айналаңызға қараңызшы, тұр­­мыстық қалдықтар барлық жерде демейін, кей жерде бейберекет шашылып жатқаны рас. Мен төңіректі тазартқым келеді.

Алдағы уақытта Сергей плас­­­тик ыдыстардың қалды­ғы­нан құрылыс материалдарын шығармақ. Құрылыс материалдары шалғайдағы шағын аудан­да қасқалдақтың қанындай қат. Бұл үшін бүгінгіден де үл­кен қойма, цех қажет. Кәсіпкер жеңіл­де­тілген несие алмақ. Мақ­сатына жететініне сенімі кәміл.

Сергейдің тағдыр тәлкегіне мойымай, тырмысып алға ұм­тыл­ған қарекетін Көкшетау қала­сының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек Владимир Плетнев айна-қатесіз қайталайды. Ол да Сер­гей тәрізді кісіге күні түсіп, қол қусырып қарап отырғанды ұнат­пайды. Владимир «Даму» қоры­нан несие алып, оны толық өтеп те шықты.

– Несиеге бірнеше контейнер сатып алдым. Оған қоса, «Газель» авто­машинасын да, тұрмыстық қал­дықтарды жинастырып ты­ғыз­­дайтын құрылғыны да алдым. Қазір менің жауапкершілігі шектеулі серіктестігімде үш адам жұмыс істейді. Автокөлікті жүргізетін адам, қолғабысын ти­гі­зетін жұмысшы да қажет. Со­ның бірі екінші топтағы мүге­дек Сергей Бушмакин.

Владимир алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды тығыз­дап жинайтын құрылғының қазір­гіден қуаттырағын сатып ал­ғысы келеді. Жұмыс көлемі ұл­ғайған сайын жұмысшылар да қажет.

Бір әттеген-айы, банк біткен мүгедектер өз ісін бастамақ болып, несие сұрап барса, ат-тондарын ала қашады екен. Талайының есігін қағып, тауы шағылған. Содан кейін ғой «Даму» қорына барғаны. Ұятқа қалған жоқ. Мер­зімінде тап-тұйнақтай етіп өтеп шықты. Несие талаптары да қо­лайына жақты. Тек сұраған алты миллионын тегіс ала алмады, қолына тигені 3,5 миллион теңге. Сол қаржының өзі-ақ ісін дөңгелетуге жарап-ақ қалды.

Кәсіпкер Көкшетау қала­сын­дағы он бір балалы үлкен отбасында өскен. Бәрінің бірдей жо­ғары оқу орындарында оқу­ға мүмкіндіктері болмады. Сол­ себепті сегізінші сыныпты­ бі­тірісімен слесарь болып жұ­­­­­мыс істеді. Жатпай-тұрмай жүр­­­гі­зушілікті меңгерді. Әскер қата­рындағы борышын өтеп келгеннен кейін автокөліктерді жөн­­­деумен айналысты. Ептеп қаражат жинап алған соң көлік­терге қызмет көрсететін шеберхана сатып алды.

– Балалық шағымыз қиын өт­­ті, көп балалы отбасының жағ­­­­­­дайын кез келген адам білсе керек қой, – дейді Владимир Вла­­­димирович. – Сол кішкентай ке­зімнен бастап өз бетімше тір­шілік етіп, қаражат табуға дағ­дыланғанмын. Мүмкін көп балалы үйде таласып-тармасып өс­кендіктен шығар.

Тағдыр жолы теп-тегіс сүрлеу емес. Бұралаң-бұлтарысы көп. 2006 жылы Германияға қоныс аударған. Бірақ онда бағы жанбады. Абайсызда автокөлік апатына түскен. Мүгедектер арбасына таңылып қалды. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін адам да емес, мүгедекті кім керек қылсын. Сол кезде өкініштің өзегін өрттегені-ай! Бауыр басқан туған жерге оралған. Қай қиядан бақыт іздесең де айналып келгенде кіндік қаны тамған жерден артығы болмайды екен ғой.

– Әншейінде шетелде бәрі бар, ит басына іркіт төгіліп жатыр дейміз ғой, – дейді өзі, – бар екені де рас. Тазалығына да көңіл тояттайды. Тек ізетті ізгілік пен мерейлі мейірім ғана жетіспейді. Мен соны осы жерден, қазақ даласынан тауып отырмын.

Бақыты бастау алған өз өл­кесіне өкпесі жоқ, мүгедектер арбасына таңылып отырса да, алға ұмтылған, кәсіп істеймін деп құлшынып тұрған жігіттің сөз ләмі жаныма майдай жақты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы