Руханият • 21 Қаңтар, 2019

Басқардың күлкісі – басқаша күлкі

780 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Басқарбек Битанов қыршын кеттi. Небәрi 35 жыл ғана ғұмыр кештi. 1 қаңтар күнi дүниеге келiп, 1 қаңтар күнi пәниден өттi. Көзі тірі болса талантты қаламгер осы күндері ортамызда 60 жасын атап өтер едi. Ол сан қырлы өнерпаз болатын. Әуелетiп ән салатын, музыкалық аспаптардың кез келгенiнiң құлағында ойнайтын. Сонымен бiрге кез келген адамның даусын айнытпай салатын ерекше өнері және бар еді. Жiгiттiң сұлтаны, жампозы деседе болғандай. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қарымды қаламгер, ақберен журналист, өз замандастарының алдыңғы легiнен табылатын азамат екенiн танытып үлгердi. Әсiресе, сатира саласында өзiнiң орнын ойып алып, қаламының қытығының қаншалықты қуатты, ал күлкiсiнiң қаншалықты шуақты екенiн аңғартып кеттi. Оны кезiнде «Тамаша» және басқа да ойын-сауық отауларында қойылған уытты әзiл-әжуалары мен баспасөз бетiнде жарияланған әзiл-оспақ әңгiмелерiнен талай байқадық.

Басқардың күлкісі – басқаша күлкі

Мен Басқарды бала күнiнен танып бiлдiм десем артық айтпаған болармын. Өйткенi екеумiз де  Жамбыл облысындағы киелi Құлан жерiнiң Көкдөнен деген ауылында туып, бiр көшенiң бо­йында, тiптi арамызда бiр-ақ үй бар көршi тұрдық. Арамызда жетi жас айырмашылық болғандықтан, оның қаз-қаз басқан қадамынан, ер жеткен кезiне дейiн көз алдымда өттi. Бiр мектепте, бiр жоғары оқу орнында оқыдық, бiр редакцияда  қызмет iстедiк. Өз мүмкiндiгiме қарай мақала жазуға баулып, алғашқы мақаласының аудандық газетке жариялануына да ықпал еттiм. Тiптi оны ҚазМУ-дiң журналистика факультетiне iлестiрiп әкелгенім де есiмде. 

Ол бала кезiнiң өзiнде алғыр, өнер атаулыға жақын болды. Домбыраны сөйлетiп, төгiлте күй шертетiн өнерiн де бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Оған  4-5 сынып оқып жүрген кезiнде өзiм бiлетiн әндердi домбыраға қосып тартуды үйреткенiммен, кейiннен Басқардың  алдында отырып өзiм үйренетiн болдым. Тiптi бiр жылдары Басқарбек «Социалистiк Қазақстан» газетiнде  (қазiргi «Егемен Қазақстан») қызмет iстеп жүргенiнде редакцияға қырғыз  ағайындар қонаққа келедi. Сонда олар  қомуздарын  безiлдете, қолдарын әрі-берi сермеп тартқанына риза болмаған адам қалмайды. Ендiгi кезек –  қазақтардiкi. Бiрақ қырғыздарша қолды сермеп домбыра тарту ешкiмнiң де қолынан келмесi айдан анық едi. Сонда Басқар  қолына домбырасын алып, қырғыз ағайындардың қимыл әрекетiн айнытпай қайталаған кезде  қонақтар арқа-жарқа болып, қауқылдасып  қалған екен.

Жаратылысынан әзiл үшiн, қалжың үшiн туған Басқардың қылық-әрекетi де күлкiге толы болушы едi.  Бiреудiң даусын, мiнез-құлқын айнытпай салудың шеберi болатын. Әсiресе ұстазы Темiрбек Қожакеевтiң даусымен телефон арқылы талайды «тықсырғанын» күле тыңдағанбыз. Бiрде мынадай қызық  болды. Ол кезде Басқар «Халық кеңесi» газетiнiң жауапты хатшысы, мен жаухатшының орынбасарымын. Екеумiз бiр кабинетте отырамыз.  Бiр күнi көршi бөлмедегi редактордың орынбасары Жұмабек Кенжалинге Қожакеев болып телефон соқты. Алғаш аман-саулықты сұрасып болғаннан кейiн,  Жұмабекке тиiсе сөйледi. «Әй, слушай, – дедi Басқарбек-Қожакеев , – өзi болған қыз төркiнiн танымайды деушi едi. Сен бiзден бес жыл бiлiм алғаныңды, бiздiң арқамызда Лениндiк степендиант атанып, қалалық кеңеске депутат болғаныңды ұмытайын деген екенсiң. Әйтпесе,  менiң мақаламның жатқанына екi ай болды, соны неге шығармайсың?» – деп дүрсе қоя бердi. Жұмабектiң ақталған даусы көршi бөлмеден бiзге анық естiлiп жатты. Әбден қысылып, бiр кезде өзі-өзіне келген Жұмабек Басқарбектің осындай «ойыны» бары есiне түстi-ау деймiн, «аға, тоқтай тұрыңызшы» деп телефон тұтқасын тірей салып, бiздiң бөлмеге  жүгiрiп келдi... «Әй, Басқар, тұтқаны таста...» Қыран-топан күлкiге қарық болдық. 5 курста жүрген кезiнде дипломдық жұмысын жазуға бел шешiп кiрiсе алмай жүрген курстасына Қожакеев болып телефон шалып, бiр аптаның iшiнде дайындатқанын әлi күнге жолдастары жыр ғып айтады.

«Ана тiлi» газетiнің бұдан біраз жыл бұрын оқыған мына бір штрих та есімде қалыпты. Уни­верситеттi бiтiрген кездерi болса керек. Курстас­тар­­дың Алматыда қалатыны қалып, қалмағаны жол­дама бойынша жан-жаққа тарайды. Астанада қалғандарына пәтер керек. Оларға кiм бірден пәтер бере қойсын. Пәтер жоқ болған соң сол кездегi жалғыз «Реклама» деген газетке жай-жапсарыңды айтып, жарнама бересiң. Осындай жарнаманы Басқардың бiр курстасы да берiптi. Жарнаманы оқыған Басқарбек курстасына пәтер иесi болып телефон соғады. Әңгiмесiнiң басын орысша бастаған «пәтер иесi» сөзiнiң аяғын қазақшамен аяқтап, «маған өзiң секiлдi ана тілінде таза сөйлейтiн қазақ керек едi. Мына қаланың бәрi орыстанып кеттi ғой, сен маған көрмесем де ұнап тұрсың. Кел, кездесейiк. Мен сенi бәлен деген жердегi сырахананың жанынан күтемiн» дейдi. Анау алқын-жұлқын болып, таксилетiп межелi жерге жетiп барады. Барса пәтершi шал - Басқар күтiп тұр дейдi. Ал осы оқиғадан кейiн күлмей көрiңiз...

Басқарбек журналистика факуль­тетіне түсе салысымен курстың эстрадалық ансамблін қолға алып, жетекшісі болды. Бұл өз нәтижесін беріп, ол университетті бітіргенше жыл сайынғы студенттердің факуль­тетаралық көркемөнерпаздар бай­қауында тек жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сөйтіп жүріп, 1977 жылы Мәскеуде өткен Студенттер мен жастардың дүниежүзiлiк фестивалiне қатысты. Студент кезiнде-ақ­ Алматы облыстық «Жетiсу» газетiне қызметке орналасты. Ол кезде «Жетiсу» газетiне қызметке орналасу екiнiң бiрiнiң басына туа бермейтiн бақыт болатын. Мұнда ол өндiре жазып, оқырмандардың iздеп жүрiп оқитын авторына айналды. Осы басылымның бетiнде үзбей жарияланған «Құнсыз адам» дейтiн сатиралық повесi оқырмандар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Кейiннен осы шығармасы үшiн Қазақстан ЛКСМ Орталық ко­ми­тетiнiң  Баубек Бұлқышев атындағы жастар сый­лығының лауреаты атанды. «Халық кеңесi» газетiнде жүрiп өзiнiң туған жерiнiң байырғы Құ­лан атауын қайтаруға белсене атсалысты, басылым бетiнде бiрнеше проблемалық мақала жазды. Ол өз нәтижесiн берiп, Луговой селосы – Құлан ауы­лы, Луговой ауданы – Тұрар Рысқұлов ауданы болып өзгердi. «Социалистiк Қазақстан» газетiнде жүр­генде «Мүйiз тұмсық», «Халық кеңесi» газетiнде «Қан­дауыр», «Дала дидары» газетiнде «Әптiшу!, Жәре­кемалла!» деген сатиралық беттер ашып, өзi жүр­гiзiп отырды. «Тамаша» ойын-сауық отауының белсендi авторы, әрi ұйымдастырушыларының бiрi бол­ды.    

Басқар қайтыс боларынан 3 ай бұрын өзiнiң туған ауданында «Тамашаның» бүкiл тарландарын шақырып, шығармашылық кешiн өткiздi. Сонда жарқырап, жарқылдап, үлкен-кiшiмен әзiлдесiп, айналасын шуаққа шомылдырып едi. Кеш Алматыдағы Республика сарайында жалғасын тапты.

Ал мына өлеңiн қайтыс боларынан небәрi 10 күн бұрын жазыпты.

                        ШЕР

Бұл пәнидiң мен де бiр үзiндiсi,

Көрiп пе екен о дүние жүзiн кiсi.

Бәрiмiз де пендемiз жұмыр басты,

Айырмасы бiр – ұзын, бiрi – кiшi.

                        

Я алпыс, я жетпiс жас – өткел едiң,

Бұл қалай сол ғұмырға жетпегенiм.

Өмiр-ай, сен не деген қатал едiң,

Мен де саған сырт берiп өкпеледiм.

Жасымнан мұратыма жеткен едiм,

Тiл­, көзден сақтан шырақ, тек демедiң.

Ескертсең менде де ес бар, ұғар едiм,

Қидың ғой, қу желкемдi текке менiң.

                        

«Арқаң» бар деп айтушы едi аталарым,

Бiлмеппiн бұл сөзде де қата барын.

«Арқа» берiп алдамшы асылдарға,

Сұм ажал өз үйiне апарарын.

                        

Қос мәрте мен түс көрдiм, түнде­летiп,

Жел ұшырып әкеттi менi дөңгелетiп.

Мал сойып, қазан асып жатыр халық,

Ас берiп жатыр ма деп ұшып тұрдым.

Көзiмнiң тiрiсiнде өлген етiп,

Жаздадым жарық күнде көрге кетiп.

                        

Бұрын қаза болғандар жебеп жатыр,

Бесiктейiн қорапқа бөлеп жатыр.

Бiр аяғым сынған едi – сипап көр­­сем,

Япыр-ай, сұп-суық боп бөлек жатыр!

                        

Жарқ-жұрқ еткен мен сынды қаза­ғы­ңа,

Керегi жоқ пейiш те, тозағы да.

Тiрiсiнде көзiмнiң күлкi еттiң,

Қалдырма ендi бабалар мазағына.

                        

Жалпақ бастық жалғанды судай кешiп,

Қымбат екен онысы – удай несiп.

Жатар ма екем, бiр кезде тас қараң­ғы,

Төбемде шаш орнына қурай өсiп!...

                        

Келте болды өмiрiм, қысқа тондай,

Қояр ма екен, мүрдеме құс та қон­бай.

Жатар ма екем, шашылып сүйекте­рiм,

Жазда күймей ыстыққа, қыста тоң­бай.

                        

Дүниеге келмек те бар, өлмек те бар,

Құлағыңды сөз таситын жел кеп та­бар.

Бұл дүниеде не боп жатыр, ағайын­дар,

О дүниеге берiңдер жөндеп хабар.

                        

Қу жүрек тағат таппай суылдайды,

Көзiмде от, қос құлағым шуылдай­ды.

Басыма қонған бақыт, қайтейiн-ай,

Қашқақтап, қайта-қайта жуымайды.

         

Түршiгiңдер бәрiң де өлем десiп,

Мен жатқан жаққа қарай елеңдесiп.

Бұл жаққа аяқ баспа, бауырларым,

Жүрмейiк ақыретте сәлемдесiп.

                                                                                                        Басқарбек

                                                 20 желтоқсан 1993 жыл

Мiне, Басқарбек  өмiрмен қоштасу жырын  осылай жазыпты... Небәрі 35 жыл ғана өмір сүрген талант иесінің қоштасу жыры. Бірақ сол 35 жылдың өзінде артында өшпес мұра қалдырды. Бала күнімізде аталарымыздың «Әр адам өмірде жасаған жақсы істерінің жемісін дүниеден өткеннен кейін де көре береді. Оның себебі, жасаған жақсы амалының сауабын өлгеннен кейін де періштелер тоқтаусыз жаза береді екен» деп айтып отыратын.  Міне, осы тұрғыдан алғанда Басқарбек Битановтың ел үшін еткен игілікті істері мен мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету туған жерінде ұмыт қалмағанына қуанамыз. Ол қайтыс болғаннан кейін «Суретінен ғана таниды» деген 30 баспа табаққа жуық прозалық, сатиралық шығармалары жарыққа шықты. Арагідік болса да республикалық ойын-сауық отаулары интермедиялары мен әзіл-әжуаларын сахнаға шығарып қояды. Өзі туып-өскен «Көкдөнен» ауылында бір көшеге аты берілсе, аудандық Мәдениет үйінің ұжымы Басқар Битанов атындағы театр студиясын ашып, ауыл-ауылдарды аралап, оның шығармаларын халыққа таныстырып отырады. «Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң, шын бақыт осы», – деп Шәкәрім атамыз айтқандай, Басқар Битановтың ел үшін еткен игілікті істері мен мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету туған жерінде қолдау тапқанын мақтан етеміз.

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,

Мәдениет қайраткерi

АЛМАТЫ