Білім • 21 Қаңтар, 2019

Мектеп түлегі «Болашақпен» оқи алады

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

11-сынып оқушылары ҰБТ-дан сынақ тапсырды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 18-20 қаңтар аралығында 35 838 талапкер сынаққа қатысқан. Оның ішінде 61-і білімін ағылшын тілінде сынаған. Ал шет тілінде үздік тапсырған талапкерге «Болашақ» стипендиясын иеленуге мүмкіндік бар.

Мектеп түлегі «Болашақпен» оқи алады

Оқушылар тестілеуді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тапсыра алады. Ал биылдан бастап талапкерлер ҰБТ-ны төрт рет тапсыра алатын болды. «Бұл бастаманың мақсаты – мектеп бітірушілердің ЖОО-ға түсу мүмкіндігін арттыру», деп түсіндірді жауапты ведомство өкілі. Министрліктің мәліметінше, ағылшын тілінде тапсыруға ниеттілердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2018 жылы 25 оқушы болса, оның саны биыл 36-ға артқан.

Осы көрсеткішке «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ қызығушылық танытқан көрінеді. Соның нәтижесінде аталған орталық басшысы Жанболат Мелдешов тесті ағылшын тілінде үздік тапсырған талапкерге грант бөлуге дайын екендігін жеткізген. Сонымен қатар бірқатар шетелдік серіктес ЖОО-ларды да белгілепті. Бұл шет тілінде тапсырып жатқан оқушыларды ынталандыру мақсатында қолға алынған.

Ж. Мелдешовтың мәлімдеуінше, 2019 жылы шетелдік ЖОО-лар біздің азаматтарға 40 000 грант бөлуге дайын екен. Бұл – әрине әр талапкердің тегін білім алуға мүмкіндігі барына дәлел. «Мектеп түлектері ҰБТ сертификатымен қазақстандық ЖОО-ларға ғана емес, шетелдік оқу орындарына да түсе алады. Мысалы, Түркия жоғары оқу орындары біздің сертификатымызбен қабылдайды. Ол үшін ағылшын және түрік тілдерін білуі керек», дейді ол.

«Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде бакалавр дәрежесі бойынша шетелге жолдама берілген. Бірақ кейін бұл жойылып, тек магистратура мен докторантура бойынша ғана шекарадан шығуға мүмкіндік болды. Қазір де солай. Алайда енді аталған мемлекеттік бағдарламамен бакалаврды да әлемдегі белді оқу орындарында бітіруге болады. Бірақ бұл – ҰБТ-ны шет тілінде тапсырған түлектерге ғана берілген мүмкіндік. Ол үшін 60-тың айналасындағы білімді бәсекестерді басып озу керек.

 Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»