Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Санасы тәуелсіз ұрпақ қалыптастырады

523 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күні кеше Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілінің латын қарпі негізіндегі жаңа емле ережелерін әзірлеп, ол «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланды.

Санасы тәуелсіз ұрпақ қалыптастырады

Қазақ жазуының латын қарпіне ауы­суы төңірегінде көп пікір таластырып, әрқайсысы өз үлесін қосып қалуға тырысқан жұрт бұл жолы үнсіз қалды. Бірді-екілі пікірден басқа тұшымды ойды байқамадық. Шынтуайтына келсек, әліпбиді ауыстыру – алғашқы механикалық қадам да оның негізіндегі емленің жасалуы – тілдің жаңа таңба негізінде қайта түрленуі. Яғни, бұл – бүкіл қоғамның санасын сілкінтетін қоғамдық-саяси, тарихи оқиға. Бұл – жаңа ұрпақты колониализм сарқын­шағынан толық арылтатын құбылыс. Оған бірнеше себеп бар: 

Біріншіден, бұл емле қабылданған соң біздің жазу, оқу санамыз қандай да бір тілге байланбайды, толық тәуелсіз болады. Осы кезге дейін терминдердің, жалқы атаулардың транслитерациясын іздегенде орыс тіліне жалтақтап келгеніміз рас. Бұдан былай орыс тіліне және басқа тілдерге байланудың еш реті жоқ. Себебі орыс әліпбиінде бар ё, й, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ қаріптері бізде жоқ. Бізде бар қ, ң, ғ, ө сияқты әріптер орыс­тарда жоқ. Яғни, біз әлемнің кез келген тіліндегі терминді я атауды өз әліпбиіміздің негізінде жаза аламыз. Жазу санасының тәуелсіздігі былай қарағанда елеусіз нәрсе болып көрінгенімен, оның ұлттық рухты көтерудегі, ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі ерекше. Тіл, соның ішінде жазу ережесі еш тілге еліктемесе, ешкімнен сол қалпы көшірмесе, ол рухтың, сананың тәуелсіздігіне алып келеді. «Бұл – біз меңгеретін ғылым емес», «бұл бізде жоқ» деген ойдан арыла бастаймыз. Енді «Джордж» - Jorj, «режиссер» – rejısо́r (режисөр), «корпорация» – korporasıa (корпорасиа) болады. Яғни, бұл – осы кезге дейін ешкім бастауға батылы бара алмай жүрген тілдегі революция, тілдің өз дыбысталу заңдылығына оралу. Былайша айтқанда, кешегі ата-әжелеріміздің «тілі келмей» айтқан сөздерін қайта жаңғырту. 

Екіншіден, бұл жас буынның тек жазу тұрғысынан емес, жалпы рухани, мәдени тұрғыда тәуелсіз ойлап, тәуелсіз саналы азамат болып өсуіне мүмкіндік береді. Осы күнге дейін әлемді орыс тілі арқылы, оның мәдениеті, жазу үлгісі, ғылым-білімі арқылы сүзгіден өткізіп келсек, енді төл жазу үлгіміз, қаріптеріміз, тәртібіміз болады. Бұл – тек қазақ тіліне ғана тән, тек қазақ тілінің заңдылықтарына негізделген жазу болғандықтан, оның өз ішінде дұрыс, сауатты, бірізді болып дамуына өзіміз жауапты боламыз, тілдің тазалығы, емленің сақталуы – өз құзырымыздағы нәрсе болады. Яғни, тіл бұдан әрі қарай өз заңдылығымен дамиды, оның барлық артықшылығы мен кем-кетігі үшін қазіргі ұрпақ жауапты. 

Үшіншіден, қазақ тілі орыс тілінен табиғи түрде алшақтай бастайтындықтан әрі жаңа әліпби негізінде білім алған жастар көбейгендіктен, жаңа қазақ әліпбиімен жазылған оқулық пен көркем, салалық, ғылыми әдебиетке деген сұраныс күрт артады. Яғни бұл дүниежүзіндегі ең қажет деген жауһарларды тікелей қазақ тіліне аударудың қажеттігін туғызады. Бұған қоса, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгілерін тікелей шет тілдерге аудару қажет болады. Бұл процесс барған сайын үдей түседі. Әрине, әліпби реформасы – қоғамның үйренуі қиын, баяу жүретін, көп қарсылыққа ұшырайтын ауыр реформалардың бірі. Басында түсінбеушілік, жүйесіздік, кері кету де болары анық. Әсіресе, өмір бойы тек кирилл қарпін пайдаланып келген алдыңғы буын, қазақ тілінен гөрі орыс тілін жетік біле­тін азамат­тар көп қиналары, тіпті қоғам­дық ортадан бөлектеніп қалары анық. Бірақ бұл реформа – ұлт бірлі­гін ны­ғай­­тып, отаршылдықтың қал­ды­ғы­нан арылудың, тәуелсіз ұрпақ қалып­тас­тырудың бірден-бір жолы екенін ұмыт­пауымыз керек. Ұлт бірлігі, ұлт­тың нағыз рухани жаңғыруы осы емле ере­же­лерін қабылдап, оны жылдам мең­геруімізге байланысты. 

Оның үстіне, жазу – әркімнің өміріне қатысы бар әрекет болғандықтан, бұл мәселенің саяси реңк алып, ұлтаралық түсініспеушіліктер тудыруы заңды. Яғни, әсіресе басқа ұлт өкілдері жаңа әліпбиді үйренудің қажеттігін сезінбеуі, оған үрке қарауы мүмкін. Мұнда білім беру мекемелері, әкімшілік және белсенді азаматтар түсіністікпен қарауы қажет. Ең бастысы – бұл әліпби тек қазақтарды ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын біртұтас ұлтқа біріктіретін құралға, символға айналуы үшін тер төгу керек. Ол үшін ешкімді мәжбүрлемеу, басқа ұлттардың тілі мен жазуына құрметпен қарау және оларды сақтау, латыннегізді қазақ әліпбиін білудің қажеттігін байыппен ұғындыру керек. 

«Қазақ тілі латын қарпіне ауыс­ты, енді орыс және басқа тілдерді де латынға ауыстыру керек» деген ақылға сыймайтын, саяси салмағы ауыр ұсыныстардың пайдасынан зия­ны көп. Бұл ұлттарды одан әрі бір-бірінен ажыратып, араздық тудырады. Әр тілдің өз даму заңдылығы, емле ережесі бар. Ол ереже басқа бір тілге, оның жазуына байланбауы керек. Қазақстанның барлық халқы латын­негізді мемлекеттік тілді үйренуді патриотизмнің, ұлтты сүюдің бір бөлігі деп түсініп, ықыласпен ден қоюына мүдделі болуымыз керек. 

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ,

саясаттанушы-конфликтолог