22 Қаңтар, 2019

Күрестен «Иван Ярыгин» турниріне Қазақстан атынан кімдер қатысады?

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еркін күрес пен әйелдер күресіндегі балуандар үшін жаңа маусымның алғашқы ресми жарысы басталады. 24-27 қаңтар күндері Красноярск қаласында дәстүрлі «Иван Ярыгин» турнирі отызыншы рет өтпек.

Күрестен «Иван Ярыгин» турниріне Қазақстан атынан кімдер қатысады?

Бүкіләлемдік күрес қауымдастығы турнирге қатысатын спортшылар тізімін жариялады. Олардың арасында екі қазақстандық балуан бар. 

Ярыгин турнирінде ел намысын 70 келідегі Асхат Слямханов пен 76 келіде бақ сынайтын Эльмира Сыздықова қорғамақ. 

«Иван Ярыгин» турнирі Гран-при санатындағы рейтингілік жарыстар тізбегін бастайды. Турнирдің жеңімпазы 8 ұпай еншілесе, күміс жүлдегер 6, қола жүлдегер 4, ал бесінші орын иегері 2 ұпай иеленеді. 

Балуандардың рейтингілік турнирлерде жиған ұпайы биыл Астанада өтетін лицензиялық әлем чемпионаты қарсаңында маңызды болмақ.

Еркін күрес пен әйелдер күресінде бұдан бөлек тағы үш ірі турнир өтпек. Атап айтар болсақ, Дэн Колов (28 ақпан), Сассари (24 мамыр) және Ясар Догу (12 шілде).