Қазақстан • 22 Қаңтар, 2019

«Паровоз апа»

689 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тоқсан жеті жастағы соғыс ардагері Алтынай Есболатованың есімі Жетісудың еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін мәшһүр. Жерлестері ол кісіні «Паровоз апа» деп атайды. 

«Паровоз апа»

Алтынай апа әйгілі Ма­тай стансасында туып-өсті. Бұл стансаны әйгілі деп ата­уы­­­­­­­мыздың сыры бар, Екін­ші дү­ниежүзілік со­ғыс жылдарында Матайдың депосында орыс өнертапқышы Михайл Калашников алғашқы атыс қаруын ойлап тауып, құрастырған болатын. Түрксіб темір жолының негізгі бөлімі ретінде шағын стансада тір­шілік көрігі суы­­­ған емес. Әсі­ресе, соғыс жыл­дарында Орта Азиядан майдан шебіне аттанған составтар легінде сан жоқ еді. Жастайынан те­міржолдың тарсылы мен паровоздың ащы даусына құлағының құрышы қанған Алтынай Есболатова он то­ғыз жасында машинистің қыс­қа мерзімді оқуын оқып, паравоздың басқару тізгінін қолына алды. Осылайша, әс­кери пойыздың машинисі атанған қазақтың жас қызы ауыр составты сүйреген пара­воздың кабинасында алғы шепке кете барды. Сталинград түбіндегі майданға әскери техника, адам күші, азық-түлік жеткізіп, кері оралғанда ауыр жараланған жауынгерлерді таситын еді. 

Қазір «Паровоз апа» Тал­­дықорған қаласында тұ­рады. Тек ол күндер туралы­ әңгімеге қасаң. Жалынға оран­ған жас­тығы мен ел күйзелген ке­зеңді есіне түсі­­руден бой тар­татын болар. Есесіне бүгінгі бақытты ұрпаққа үнемі бата беріп, тәуел­­сіз елдің тілеуін тілеп оты­рады. 

...Алтынай апамен жо­лы­­ғуға «Қарттар күні» қар­саңында барған едік. Ізімізді ала бір топ оқушы да «Паровоз апаны» құттықтап келе қа­лыпты. Апа балаларға батасын берді. 

– Жақсы оқыңдар, тәрбиелі болыңдар, ата-аналарыңның қуанышы, Отанның тірегі бо­лыңдар. Білім – барлық игі­ліктің кілті. Балалардың біз көр­ген қиындықты көрмей, бола­шақтары жарқын болуын тілеймін! – деді ардагер. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы