Қазақстан • 23 Қаңтар, 2019

Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайта енгізуді ұсынды

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайта енгізуді ұсынды – бұл жөнінде «Ақ жол» партиясының төрағасы бүгінгі өткен Мәжілістің пленарлық отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Азат Перуашев Қазақ Республикасы атауын қайта енгізуді ұсынды

Онда «1920 жылы тамыз айында Москвада СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты.

Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925 жылдан бастап оған халқымыздың төл «Қазақ» деген атауы берілді» делінген.

«Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтамын – Қазақ Республикасының – құрылғанына 100 жыл толады. Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз» деп мәлімдеді Перуашев.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын.

«Ақ жол» фракциясының жетекшісі: «Біздің ойымызша, Елбасымыздың ұстанымын іске асыратын кез келді. Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп атауымыз керек. Тіпті тоталитарлық совет өкіметі мойындаған Қазақ атын Республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз» деп атап өтті өз сөзінде.