Әлем • 24 Қаңтар, 2019

Венесуэладағы шеру соңы биліктің ауысуына әкелді

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венесуэлада он мыңдаған адам көшеге шығып, Николас Мадуроға қарсылықтарын білдіріп жатыр. Елде туындаған наразылық салдарынан билік қызметінен кетті. Ұлттық ассамблеяның басшысы Хуан Гуаидо өзін уақытша үкіметтің басшысымын деп мәлімдеп үлгерді.

Венесуэладағы шеру соңы биліктің ауысуына әкелді

Фотода Хуан Гуаидо

Қаңтардың ортасында Венесуэлада президенттік сайлау өтіп, онда Н.Мадуро жеңіске жеткен болатын. Алайда тұрғындар дауыс берудің әділетсіз өткенін алға тартып, Н.Мадуроның мемлекет тізгінін ұстауына қарсылық танытты.

Екі күнге созылған шеруде ел астанасы Каракастың тұрғындары «Біз кімбіз? Венесуэла! Нені қалаймыз? Азаттық!» деп ұрандатып, қала көшелерін аралап шыққан. The Guardian газетінің хабарлауынша, наразылық акциясын тарқатуға келген ұлттық гвардияның кейбір сарбаздары халық жағына өтіп кеткен екен.

Әйтсе де, қаланың көп бөлігінде күштік құрылымдар шерушілерге су шашып, жиналғандарды тарқатуға күш салып жатыр. Оппозиция өкілдерінің басшысы, өзін уақытша үкімет басшысы деп мәлімдеген Хуан Гуаидо күштік құрылымдарды Мадуроны қолдаудан бас тартуға шақырды.

Каракаста жиналған шерушілер алдында сөйлеген сөзінде ол ел басшысы міндетін өзіне алып, қазіргі билікті қызметінен қуып, уақытша үкімет құруға және әділ сайлау өткізуге уәде берді.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз кезегінде Х.Гуаидоны ел басшысы деп санайтынын мәлімдеді. «Венесуэла халқы Мадуроға және оның режиміне қарсы батыл тұра біліп, азаттық пен әділдікті талап етті» делінген Ақ үй басшысының мәлімдемесінде.

Д.Трамп өз сөзінде Н.Мадуроның ел басқаруын заңсыз деп санайтынын жеткізіп, Венесуэла парламенті ғана халықтың дауысымен сайланғанын алға тартты.

«Америка мемлекеттерінің ұйымы» да Хуан Гуаидоны ел басшысы деп танитынын мәлімдеді.

Бұған дейін беймәлім болып келген 35 жастағы Х.Гуаидо Венесуэла парламенті – Ұлттық ассамблеяны басқарғалы бері Мадуро әкімшілігінің жемқорлыққа батып қалғанын жиі көтеріп келді.

Ал парламент төрағасы атанған соң Мадуроның заңсыз сайланғанын алға тартып, келесі сайлауға дейін ел тізгінін қолға алуға конституциялық құқығы бар екенін мәлімдеді.