Тарих • 24 Қаңтар, 2019

«Мақаш правитель» туралы кітап қазақшаға аударылды

1142 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан қазақ телевизиясының мэтрі, публицист, ақын Ғаділбек Шалахметовтің «Пятый сон» атты деректі хикаяты жарық көрген болатын. Орыс тілінде жазылған дүние таяуда қазақ тіліне аударылып бітті.

«Мақаш правитель» туралы кітап қазақшаға аударылды

– Өткен жылы Мәскеудегі жарық көрген «Пятый сон» деректі хикаятының басты кейіпкері – осы «Мақаш правитель». Бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы тарихи шындық кітапта құр баяндалып қоймайды. Одан кейінгі оқиғалардан бастап бүгінгі күнгі құбылыстарға дейін органикалық байланыста ой шертілетін бұл туындының қазақ оқырмандарына берері мол. Моншақтай тізілген оқиғалар тізбесі – қазақ публицистикасындағы орасан еңбек,– дейді танымал журналист, кітаптың алғашқы оқырмандарының бірі Шархан Қазығұл.

Оның айтуынша, көп адам біле бермейтін Арынғазы ханның бойынан Абылай ханның көзсіз батырлығы да, Жәңгір ханның терең сауаттылығы да табылған. Орыс империясы Арынғазыдан өлердей қорыққан. Сондықтан да Калугаға жер аудартып, жандарына байлап ұстаған. ХІХ ғасырдағы «Мақаш правитель» сияқты ел билеушілер тіпті социализм туралы ойларын айтып кеткен. Шеркештен шыққан Түрке бидің жетінші ұрпағы Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетовті халық жақсы көргеннен осылай атап кеткен.

– 1886 жылы Мақаш правитель Құрманғазыны түрмеден шығарып алуға барып, Николай Чернышевкийді кездестіріп қалады. Сол баяғы «Что делать?» романын жазып, Сібірге жер аударылған орыстың сыншысы. Мақаш көрген жерде оны үйіне қонақ болуға шақырады. Николай Гаврилович «Мен мемлекеттік қылмыскермін ғой, маған сый-құрмет көрсеткеніңізді білсе, ақ патша сазайыңызды береді» деп шыр-пыр болады. Патшадан қорқатын «Мақаш правитель» ме, қояр да қоймай үйіне алып келеді. Сібірден Астрахань түрмесіне рахымшылықпен ауыстырылған жазушыны бес күн қонақ қылады. Төрт-бес тілді қатар білетін полиглот «Мақаш правитель» Николай Гавриловичпен социализм төңірегінде біраз пікір таластырады. Байқап отырсыз ба, Ұлы Қазан социалистік төңкерісіне дейін әлі отыз бір жыл бар. Ал, біздің атамыз орыстың революционерімен тең дәрежеде болашаққа болжау жасаған. Мақаш бұрыннан «Современник», «Колокол» журналдарын алдыртып оқитынын айтқанда Чернышевский таңғалыпты. Бір адам арқылы бүкіл қазақ халқы туралы пікірін жақсы жаққа өзгертіп, ризашылығын әйеліне жазған хатында қадап айтқан,– дейді Ш.Қазығұл.

Оқырманның тұнып тұрған тарихымызды тағы бір ой елегінен өткізетін күн алыс емес. «Бесінші түс» деп аталатын жаңа кітап алдағы үш-төрт айда жарыққа шығып қалатынын оқырман қауымға қуана хабарлаймыз.