Аймақтар • 28 Қаңтар, 2019

Алматыда 2020 жылға дейін 42 жатақхана салынады

630 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студент жастардың жағдайын жақсарту мақсатында Алматыда 1200 орынды 3 жатақхана салынды, оның біреуі модернизацияланған. Жыл соңына дейін 2680 орынды 5 жатақхана құрылысы аяқталады және 6300 орынды 12 жатақхана құрылысы қатар жүреді. Жалпы, 2020 жылға дейін 19 480 орынды 42 жатақхана салынып, пайдалануға беріледі», дейді қала әкімнің баспасөз қызметі.

Алматыда 2020 жылға дейін 42 жатақхана салынады

Алматыда білім саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүзеге асып келеді. Қала аумағына қосылған елді мекендердегі интенсивті миграция мен туу қарқыны есебінен мектептегі орын жетіспеушілік пен балабақша кезегін азайту мақсатында өткен жылы қаланың Наурызбай ауданында 1200 адамға арналған су жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Шаһардағы үш бірдей мектептің жанынан 1400 орындық қосалқы нысан мен  730 балаға шақталған үш мемлекеттік балабақша ашылған. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес, бұдан бөлек 2,5 мың орынды 6 жеке мектеп және 4936 бүлдіршінге арналған 170 жеке балабақша іске қосылған. Таяу күндері 440 орынды 2 балабақша пайдалануға берілмек.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Алатау ауданында 600 орынды мектеп пен 3 мемлекеттік балабақшаның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттік-жеке әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында оқушылар тығыз орналасқан орталықтағы 4 мектептің жанынан қосалқы оқу корпустары салынбақ.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ