Қазақстан • 29 Қаңтар, 2019

Экспорттық әлеует артып келеді

662 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда жасалған 800-ге жуық өнім әлемнің 119 еліне экспортталады. Оның ішінде машина жасау және құрылыс материалдарына арналған өнімдермен қатар, тамақ, сүт өнімдері шетелде сұранысқа ие.

Экспорттық әлеует артып келеді

Былтыр алғаш рет Қытай на­ры­ғына қазақстандық балмұздақ пен ет шығарылса, Біріккен Араб Әмір­ліктеріне бал өнімдері экспортталды. Еліміздің сыртқы сауда нарығына ұсынатын өнім­дері жайлы Индустрия және инфра­қ­ұры­лымдық даму вице-министрі Арыс­тан Қабыкенов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, экспортқа шыға­ры­латын өнімдер саны жыл сайын 8-10 өнімге артуда. Биыл отан­дық те­мір жол өнім­дерін Мысыр, Әзер­бай­жан, Өз­бек­стан сияқты елдер­дің на­ры­ғы­на шығару жоспарланып отыр. Со­ны­мен қатар аммиак сели­тра­­сын Грузияға экспорттау көзде­лген. 

− Бұған қоса, сары фосфор мен фос­форлы-калий тыңайтқыштары АҚШ, Германия, Польша, Чехия на­рығына шығарылса, Ауғанстан, Син­гапур мен Қытайға су, сүт, ет өнім­дері экспортталады. Қыр­ғыз­­станға жеңіл автокөліктер, Тәжік­­станға арматура, Татарстанға жарма, Жапонияға мақсары майы жібе­рілмек, – деді А.Қабыкенов.

Еліміздің былтырғы жалпы экспорт көлемі 54,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 26,4 процентке артық. Сонымен қатар шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 3 процентке артқан. Айта кетерлігі, соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт үлесі 9%-ке өсті. 

Сондай-ақ ол өңдеу өнеркәсі­бін­дегі негізгі экспорттық өнімдердің қатарында легирленген болат, пі­шін­­делген және арнайы профиль, құ­­быр, жіксіз профиль және басқа да ме­таллургиялық өнімдер бар еке­нін атап көрсетті.

Экспортты дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Оған дәлел, шикізаттық емес экс­портты ұлғайту шараларын кү­шей­ту мақсатында 2019-2021 жыл­дарға бөлінген қаражат көле­мі – 500 млрд теңге. 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша KazakhExport компаниясы тара­пынан қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарт сомасы 419,7 млрд теңгені құрады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»