Әлем • 29 Қаңтар, 2019

Интеллектуал қазақ жастары Мәскеуде бас қосты

729 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәскеу қаласында «Қазақ жолы» интеллектуалдық клубының ұйытқы болуымен дөңгелек үстел өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының Ресей Феде­рациясындағы елшілігінің қолдауымен өтті деп хабар­лаған-ды жиын модераторы, Ресей Үкіметі жанын­дағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты Қазыбек Дауталиев. Алдымен жырақта мұндай жиын өткізудің мәні бар ма дегенге келсек, Ресей СІМ Дипломатиялық ака­демиясының магистранты, «Жас Тұлпар» ұйымы­ның төрағасы Мұқтар Баймағұлов: «Қазақ жастарының жолы – «Елге қызмет» құндылығы арқылы қалыптасуы қажет. Ресейде оқып жатқан қазақ студенттерінің саны 70 мыңнан асады. Сондықтан сырттағы адам ресурсын ел игілігіне жұмылдыру өзекті мәселе» дейді.

Интеллектуал қазақ жастары Мәскеуде бас қосты

Дөңгелек үстел барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары әңгіме арқауы болып, қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының бірі – «жол» категориясы арқылы тарқатылды. «Жол» ұғымының этнолингвистикалық, тарихи, құқықтық, мәдени, шаруашылық және философиялық қырлары сөз болып, Қазақ елінің алдағы даму кезеңіне дүниетанымдық тұғырнама қалыптастыру жолдары пайымдалды. 

Алқалы басқосуға Қазақстанның Мәскеу қаласында білім алып жүрген докторанттары, магистранттары, студент жастары мен елшілік қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелде дәйекті баяндама­лар жасалып, еркін пікірлесуге жол ашылды. Ең бастысы, жиын қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныс жасалып, Назарбаев зият­керлік мектептері желісі негізінде, қазақ­тар шоғырланған Ресей, Моңғолия, Қытай, Иран, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көрші елдерде, әсіресе күннен-күнге еуроазиялық ынтымақтастығымыз ны­ғайып келе жатқан Ресей Федерациясында, мәсе­лен, Орынбор қаласында «Н.Ә.Назарбаев атындағы Еуразиялық интеллектуалдық мектеп-интернат» орта білім беру мекемесін ашу ұсынылды.

Екінші, мемлекеттің бес негізгі белгісі бойынша қазақ мемлекеттілігінің көне дәстүрін көрсететін «Балбал тас» (аумағы), «Шежіре» (халқы), «Қару-жарақ палатасы» (әскері), «Орда» (мемлекеттік билік) және «Теңге сарай» (салық-қаржы жүйесі) мұражайлар кешенін Астана қаласында ашу қажеттігі айтылды. 

Сондай-ақ қазақ халқының өткені мен бүгінін және келешегін бір арнаға тоғыстыратын «Қазақ жолы» дүние­таным­дық жүйесін қалыптастыру қажеттігі сөз болды. 

«Жол» ұғымына академиялық мағына беру керек

Нұрлан АСҚАРОВ, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты, филология ғылымдарының кандидаты:

– «Жол» ұғымы – қазақ дүниетанымын тұтас­тай қамти алатын бірден-бір іргелі кате­го­рия. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдар­лама­лық мақалаларының өзегінде де «ұлт жолын» іздеу дәстүрі жатыр. Мұны біз философиялық мәселе ретінде қарастырып отырмыз. Төрт кезеңнен тұратын «жол» ұғы­мының мағыналық эволюциясын тар­қатар болсақ, тамыры терең архетип һәм түсінік екендігін байқауға болады. Бірінші, көне түркі жазба ескерткіштері кезеңі (Ырқ бітіг, Орхон-Енисей және т.б.), екінші, ислам келген кезең (Әбу Насыр әл-Фараби «Бақытты болудың жолдары», М.Қашғари «Құтты білік», Ж.Баласағұн және т.б.), үшінші, Қазақ хандығы кезеңі (ақын-жыраулар­дың мұралары, би сөзі және т.б.) және төртін­ші, Алаш Орда қозғалысы кезеңі («Айқап», «Қазақ» сияқты ұлттық басылымдардағы ізденістер). 

Сондықтан «Жол» ұғымын бөлек қарас­тырып, оған академиялық мағына беру бізге болашаққа бағдар бола алады.

Жиын өткізуге не түрткі болды?

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ, Ресей Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты:

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «ата-баба» ұғымының 15 рет қайталануы кездейсоқ емес, керісінше, бұл ұлт­тық дүниетанымдағы болмыс пен этика ұғым­дарына мағына беруде жетекші категория һәм өнегелік ұстын (императив) бола алатындығын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларда айтылған жетек­ші ойлар мызғымас дүниетанымдық жүйеге ұласса деген ниеттен туындап отыр. Себебі «ата-баба аманаты» аталатын моральдық императив пен «ұят болады» культі («chame culthe») қазақ дүниетанымының, яки Қазақ жолы­ның іргеқалаушы философиялық мәсе­лелері. Айталық, «абырой» немесе «намыс» ұғымдарының түсінігін ашу үшін мін­­­дет­ті түрде жоғарыда айтылған екі ірге­қа­лау­шы категорияны қатыстырмаса төл дү­ниета­нымымызға сай ұғым шықпайды. Он түрлі ойшыл он түрлі анықтама беріп бет-бетіне кетеді. Сол себептен аталған категория­лар ой сабақ­тас­тығын, ұрпақтар үндестігін бір жерге жия алатын дүниетанымдық жүйе құру­шы күш­ке ие. Дүниетаным демекші, тоғыз тарау­­­лы «Қазақ жолы» келесідей этикалық мә­се­­лелер­ді қамтиды: 1) кең жол, 2) аманат жо­лы, 3) рух­таным жолы, 4) әділет жолы, 5) ар жолы, 6) абы­рой жолы, 7) мейірім жолы, 8) бі­тім жолы және 9) құт жолы. 

Мазмұнды баяндамалар жасалды

Сәкен НҰРБЕКОВ, Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты, тарих ғылымдарының кандидаты: 

– «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеуде білім алып жатқан бір топ докторанттар мен магистранттар екі жылдан бері бейресми форматтағы «Қазақ жолы» инттеллектуалдық клубын құрып, елдің дамуына қатысты ойларымызды ортаға салып, талқылап отыруды әдетке айналдырдық.

Бұл алғашқы ресми отырыс болғандықтан, жиында негізінен «Қазақ жолы» интел­лек­туалдық клубының мүшелері баяндама жасады. Атап айтар болсақ, М.В.Ломоносов атындағы ММУ докторанты Нұрлан Асқаров «Қазақ дүниетанымындағы «жол» ұғымының мағыналық эволюциясы (қазақ халық ауыз әдебиеті мен көне жазба ескерткіштері мысалында)», М.В.Ломоносов атындағы ММУ докторанты, тарих ғылымының кандидаты Сәкен Нұрбеков «Жібек жолы: тауарлар жолы, идеологиялар мен саяси мүд­де­лер», Ресей Заңнама және салыстырмалы құқық­тану институтының докторанты Қазыбек Дауталиев «Жол» философиясы һәм қазақ дүниетанымының абсолютіне ізденіс», К.А.Тимирязев атындағы РМАУ-МАША докторанты, ветеринария ғылымдарының кандидаты Жомарт Кемешов «Қазақтың дәулеті – төрт түлік мал: ата кәсіптің тәжірибесі мен оны дамытудың жолдары», Ресей СІМ Дипломатия академиясының магистранты Мұқтар Баймағұлов «Қазақ жастарының жолы – «Елге қызмет» жобасы» деген тақырыптарға түрен салып, мазмұнды баяндамалар жасады. Алдағы отырыстарды дөңгелек үстел форматында мәскеулік ЖОО-да өткізудің жай-жапсары қарастырылуда.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»