Әдебиет • 29 Қаңтар, 2019

Кәкішұлы қадірі

688 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиеті тарихы мен сынының тарихын зерделі зерттеген айтулы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы туралы профессор Жандос Смағұловтың ғұмырнамалық кітабын парақтап отырғанда оқымыстының бүкіл өмір жолы көз алдыңнан өтеді.

Кәкішұлы қадірі

Бұл жинақта оның балалық шағынан бастап азаматтық қа­лыптасу кезеңі, ғылым сала­сындағы ізденістері, соның нәти­жесінде талантымен танылуы, ардың ісі саналатын әдебиеттегі небір дау-дамайларда шынайы пікірін жеткізіп, жетелілік та­нытқан сәттері, адалдықтың ту­ын көтере жүріп шыққан биігі, сәкентануға қосқан үлесі, тұл­ғалық дәрежеге жеткен өмір жо­лы қамтылған.

Ғалымның ғылым жолындағы жеткен биігі аз емес. Әйтсе де мұны тағы да өз пікірімен ай­қындай түселік. «Адал еңбекпен алатын атақтың бәрін алдым, ал қулық-сұмдықпен, сайлаумен келетін атақтар менде жоқ. Соларды алмадым деп онша басым да ауырмайды», деген екен.

Ақиқатында профессор Тұр­сынбек Кәкішұлының ғылым жолында көрген қиындықтарының да аз еместігін кітап авторы жан-жақты көрсеткен. Ай­та­лық, қа­зақтың ұлы жазушылары Мұх­тар Әуе­зовтің жо­ғары ба­ғасын алып, ғылыми жұ­мысын қор­ғау кезінде Сәбит Мұқановтың оппонент болып, оның әдебиет тарихын зерттеудегі еңбектерін жоғары бағалауы, көрнекті әде­биеттанушылар Е.Ысмайылов пен Н.Ғабдуллиннің әрқашан зерт­теу жұмыстарына бағыт-бағ­дар беріп отыруы зерттеу жо­­­лындағы алғырлығын білген­діктен болса керек.

Әдебиет тарихы мен сын­ның тарихын зерттей жүріп, Сәкен Сейфуллин ақталған жылдардан кейін, ол туралы оннан астам кітап жазуы, сөйтіп сәкентануға қомақты үлес қосуы, Сәбит Мұқановтың, өзге де қа­ламгерлердің шығармаларына те­рең талдау жасауы, за­ман бол­мысын айқын беруі зер­де­лі ғалымның еңбекқор­лығын көрсетеді.

Ғұмырнамалық кітаптағы алуан түрлі кезеңдердің оқиғасын ғұлама ғалымның өмір жолына, еңбектеріне сүйене отырып талдау өзге азаматтардың пікірлерін ескеру арқылы жан-жақты көрінеді.

Сөз түйініне келсек, Мұхтар Әуезов оның ғылыми еңбегіне тоқталғанда бұра тартпай: «Дұ­рыс істегенсің. Есті адам солай жасағаны жөн. Әсіресе, бәрін өзім таптым, өзім айттым деп кеуде соғар көке қырттар көбейіп барады. Ешкімге елпілдемей, жалынып-жалбаңдамай жүрге­ніңе сырттай риза едім, мына пікірлерің қомақты екен, шырағым. Ешкімнен именбе, жақтаушы болмаса да, қалыс қалатынына сене бер, үндемейді ешкім де», депті. Осының өзі Тұрсынбек Кәкішұлының бүкіл бейнесін дәйектеп тұр емес пе? Ал Сәбит Мұқанов диссертациясына жетекшілік жасап, түйін сөзін айтқанда: «Ғылымға келе­тіндер осы Тұрсынбектей бола­тын болса, атақ-дәрежені қинал­май-ақ бере беріңдер», деген.

Міне, ғалымның ғұла­малар­дан алған батасы осылай болса, мына кітап соны айдай айқын көрсетіп, қазақ ғылымына өзіндік үлес қосқан тұлғаның болмысын жан-жақты ашқанымен айрықша.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»