Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Жастардың бойында жалын бар

1871 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Ол жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады.

Жастардың бойында жалын бар

Н.Ә.Назарбаев: «Жас ұрпаққа қам­қор­лық, оның қазіргі өмірі мен бола­шағы үшін қам жеу қашанда менің саяса­тым­ның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұр­ғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар» – деді.

Биылғы жыл жастар жылы бол­ған­дықтан, жастарға артылар үміт те міндет те көп болмақ. Қоғамның маңыз­ды бөлігін құрайтын жастарға кең мүм­кіндік берілді. Енді жастарға игі істер мен жаңа бастамалар бастайтын мүмкіндік  туындады. 

Шынында да «Жастар жылы» − жалындаған жас қауымның жүрегінде туындаған талай идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тамаша кезең. Өзімнің замандастарымды болашаққа сеніммен аяқ басуға, Елбасы ортаға тастаған бастамаларды белсенді қолдауға шақырамын. 

Біз, жастар, қашан да Президенті­міздің қоғамды алға бастырар идеяларын қуана қолдап, оны жалғастырып жүреміз. Еліміз, Елбасымыз «балам» деп біздің белімізді буып жатса, біз де «елім» деп ерінбей еңбек етуге әзірміз. Алға, Қазақстан жастары! Біз Елбасымен біргеміз!

Біздің кітапханамызда да жас мамандар, жас қызметкерлер жұмыс істейді. «Жастар ел болашағының дамуының күші» – деп Елбасымыз айтқандай, Жастар – үлкен күш, Жастар дегеніміз – жалын от, Жас жүрген жер – мереке. Кітапханада Ақниет Көшербайқызы, Аяулым Зейнекен, Лаура Сұлтанбекова, Нұрсұлтан Әб­жанов, Жанат Есенаманова, Азатгүл Қайнақаева, Жалғас Әмірхан, Гүлжан Өтегенова сынды жастар жұмыс жасайды.  Жастардың ұйымдастыруымен кітапханада көптеген шаралар өтіп жатыр. Алматы қаласында өткен Бүкіл­қазақ­стандық кітапханашылар съезіне жас маман ретінде Лаура Сұлтанбекова қатысып келді. Аяулым Зейнекен айтыс­кер ақын  Сырым Әуезханмен кездесу кешін өткізді. Ақниет Көшербайқызы «Ізтай оқуларына» қатысып бас жүлдеге ие болды. Басқа да жұмыстарға жастарымыз белсене қатысады.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн! – деп Мағжат Жұмабаев атамыз жырлағандай жалынды жастарға үлкен сенім артылады. Енді жастардың міндеті – білім алып, елге қызмет ету. Мемлекетіміз өркендеп өсуі үшін адал қызметтер атқару. Биылғы жастар жылы үлкен жаңалықтарға толы болсын деп тілейміз. Жаңа бастамалардан жақсылықтар күтеміз.

Лаура ЕРІКҚЫЗЫ,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

АҚТӨБЕ