Медицина • 31 Қаңтар, 2019

Кореядағы қазақстандықтар сондағы өмір туралы айтып берді

771 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шетелде жұмыс істеу әрқашан оңай, сәтті бола бермейді. Біздің кейіпкеріміз Қанат Ахметов (белгілі себептермен аты-жөні өзертілген) – Кентау қаласының тумасы. Түркия университетінің түлегі, бұған дейін Испанияда тұрған.

Кореядағы қазақстандықтар сондағы өмір туралы айтып берді

Білімі мен біліктілігіне сенетін ол оқуын тәмамдап, елге келген соң түрлі кедергілерге тап келеді. Біліміне сай жұмыс табылмай, тапқан күннің өзінде мардымсыз жалақы алады. Кейін өз елінен жайлы өмір сүретін ақша таппасына көзі жеткен Қанат басқа елде жұмыс істеуге бел буады. Негізгі жоспары Оңтүстік Кореяға кету болатын. Сапарды сәуірге жоспарлап отырған еді. Бірақ таныстары қыста кетуге үгіттеп, өздерімен бірге алып кетеді. Пхенчханда өтіп жатқан Олимпиада қарсаңында турист ретінде шекара асу қиындық тудырмады.

Кореяға жеткен соң, әлгі таныстары өзін алдап алып келгендерін, ешқандай жұмыс та, үй де жоғын түсінеді. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқ» дегеннің кері келіпті. Екі ай бойы екі қолға бір күрек таппай қиналып, көктем шыға сала әйтеуір бір жұмыс табады. Жалпы, шетелдіктер үшін жұмыс науқаны көктемнің соңында, жазда басталады екен.

Жұмыс іздеу де оңай шаруа емес. Өйткені әлеуметтік желіде жұмыс тауып беремін дегендерге сеніп, басқа қалаға барып, ол жақта ешкімді таппай алданып қалғандар көп. Делдалдардың қызметтері үшін алатын өз комиссиясы да бар екен. Оның құны – 200 АҚШ долларының шамасында. Сондықтан Қанат жұмыс тауып берушімен комиссияға төленетін ақшаны алғашқы жалақыдан беруге келісім жасасқан дұрыс екенін айтады.

Айтпақшы, әлгіндей «делдалдардың» арасында өзіміздің қазақтар да бар. Өкінішке қарай, шетелдіктерден бұрын өзіміздің қандастар жиі сан соқтырып кетеді екен...

«30 күннен кейін рұқсат алу керек. Көші-қон полициясынан тығылып, дүкенге бара алмаған күндеріміз де болды, – деп еске алады Қанат Кореядағы күндерін. – Соңғы кездері тексеріс жиілеп кетті. Ондай кездерде үйден шықпаймыз. Ал жұмыс берушінің бұдан хабары бар».

Қанат Үлкен Кванджу қаласындағы ет комбинатына жұмысқа орналасады. Алғашында жұмысқа 13 қазақстандық кіріпті, бірақ кейіннен екі-ақ адам қалған. Қалғандары тәртіп бұзып жұмыстан шығып кеткен.

«Кореяда Еуропаға қарағанда жалақыны жақсырақ төлейді» Кейіпкеріміздің Кореяны таңдағаны да сондықтан екен.

«Ол елде жылыжайда істейтіндер жұмыстың қолайсыздығынан, ауырлығынан қаза тауып жатады. Биыл жазда екі шетелдіктің қаза тапқанын естідім» дейді Қанат Ахметов.

Жат жерде жұмыс істеуге келген шетелдіктер үйді бірігіп жалдайды. Қанаттың айтуынша, жұмысшылар арасында Украина, Ресей, Өзбекстан, Таиланд азаматтары басым.  

«Менің ойымша, шетелде ақша табуға мүмкіндік көп. Өйткені істеген жұмысыңа қарай жалақың да жақсы. Ал Қазақстанда, оның үстіне Астанада бір адамның жалақысына отбасыңды асырау қиын. Сондықтан материалдық жағдайымды көтеру үшін осы жолды таңдадым. Ниеті, арманы бар адамға дүниенің қай жерінде болса да шектеу жоқ деп ойлаймын» дейді нәпақасын Корей елінен тауып жүрген жігіт.

Қосымша қаржы тапқан жақсы әрине. Алайда біздің кейіпкеріміз «өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» көздейді. Сондықтан жақын арада елге оралмақ ойы бар екенін айтты. 

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»