Аймақтар • 31 Қаңтар, 2019

Мақатта маңызды істер бар

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Мақат пен Доссор кенттерінің арасындағы жолдың жағдайы сын көтермейтіні туралы біраз жылдан бері мәселе көтеріліп келеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасының аясында Ақтөбе-Атырау тас жолының бо­йын­да орналасқан осы аумақ та күрделі жөндеуден өткізіле бастады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жол құрылысы биыл бірінші жартыжылдықта аяқталып, пайдалануға берілетінін айтты.

Мақатта маңызды істер бар

Мақат – елді мекендерінің саны жағынан облыстағы ең шағын аудан. Соңғы жылдары айтарлықтай инвестиция тартып отыр. Өткен жылы негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 11 млрд 853 млн теңгеге жетті. «Был­тыр ауданда 26 320 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Экономиканың барлық секторында 1730 жұмыс орны құ­рылды, бұл 2017 жылмен салыс­тырғанда 24,1 %  жоғары», деп атап өтті аудан әкімі Жұмабай Қарағаев.

Өңірдегі жаңалықтың бірі − Қарабатан стансасында «Сұйыл­тылған көмірсутегі газын қабыл­дау, сақтау және жүктеу» жоба­сын жүзеге асыру бойынша жо­­­балық  жұмыстарды жүргізу жос­­парланып отыр. Жобалау жұ­мыс­тары 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталады.

– Жобаны, құрылыс жұмыс­тарын  жүзеге асыру кезінде  500 жұмыс орны ашылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кешенге жыл сайын 750 мың тонна сұйылтылған көмірсутегі газы түседі деп күтілуде. Жобаны іске асыру аудан бюджетін 700 млн теңгеге толықтыруға мүмкіндік береді, − дейді аудан әкімі.

Ауданда құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өту керек. Биыл Доссор кентінде 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталады. С.Шәріпов атындағы мектеп-интернат пен Л.Шахатов атындағы мектеп күр­делі жөндеуден өтеді. Доссорда 5,8 шақырым автожол, 3,4 шақырым жолаушылар жолы жөнделеді. Биыл 100 орын­дық санаторлық типтегі балабақша пайдалануға беріледі. 280 орындық балабақша салынады. Қазір аудан бойынша балабақша кезегінде 800 бала тұр. Үш балабақшаның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзір­леніп жатыр. 

Осындай жұмыстар Мақатта да қолға алынады. Өткен жылы бас­талған кентіндегі тазар­ту қон­­дырғысының құры­лы­­сы биыл аяқталады деген жос­­­пар бар. Аудан басшысы осы арқылы эко­­логиялық проб­лемалар шешімін табатынын айтты. Бү­гінге дейін барлық кәріз қал­дық­тары тазармаған күйінде булану алаңына құйылып келеді.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аудандық қорғаныс істері бөлі­мі мен санаторлық типтегі «Ша­пағат» балалар бақшасына да барды. Аудандық қорғаныс іс­тері бөлімінде облыс әкімі жа­қын арада жаңа ғимарат құры­лысы басталатынын атап өтті. «Қазір аудандық қорғаныс істе­рі бөлімдеріне жаңа ғимарат салудың типтік жобасын жасап жатырмыз. Бірінші нысан Махамбет ауданында салынады, кейін басқа аудандарда да жалғасады», деді Н.Ноғаев.

Ауданның әлеуметтік-эконо­ми­калық көрсеткіштерінде оң өзгеріс байқалады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы да жақ­сы дамып, саладағы жалпы өнім 749,8 млн теңгеге өсті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Атырау облысы