Медицина • 01 Ақпан, 2019

Бір жылда 108 мың адам ажырасқан

2211 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

2018 жылы елімізде 150 мың неке тіркелген, яғни 300 мың жан отау құрған. Қуантарлық жайт. Алайда аталған жылы 54 мың неке бұзылған. Сонда бір жылдың ішінде 108 мың адам ажырасқан. Бұдан туындаған мәселе тіпті күрделі. Шайқалған шаңырақтардың 80 пайызға жуығында балалары бар.

Бір жылда 108 мың адам ажырасқан

«Неке және отбасы» туралы заңның 2-бабы былай басталады: «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы, ана, әке және ба­ла мемлекеттің қорғауында бо­лады». Шынында солай ма? Қо­ғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің сарапшысы Іңкәр Ғибадатқызы «Отбасы мәселелерін мемле­кеттік тұрғыда қарап, оны ше­шу­дің жолдарын жүйелі жолға қойып отыруды өз мінде­тіне алған мекеме бұған дейін болмады», дейді. Оның айтуынша, аталған комитетті құру – еліміздегі отбасылардың мемлекет қорғауында екенін айғақтайтын нақты қадам.  

Былтыр шілдеде құрылған комитет біршама жұмыс атқа­рыпты. Соның бір парасы – отба­сылардың шаңырағы ортасына түсуіне түрткі болған фактілерді айқындау. Бұл үшін ведомство түрлі әлеуметтік са­уалдама жүргізген. Сарапшының сөзін­ше, отбасының жай-күйін объек­тивті және субъек­тивті, яғ­ни сырттай әрі іштей ба­ға­лауға болады екен. Бұл мә­се­­ле­нің мәнісі одан да терең­де екенін көрсетеді, өйт­кені жо­ғарыда келтірген көр-
­сеткішке ілікпегенімен, ірге­сі іштей сөгілген отбасылар қан­шама? Әлеуметтік сауалда­ма қорытындысы бойынша жас отбасылардың 71 пайызы тұр­ғын үй, ал 60 пайызы қар­жы­лық жағдайдан қиналады. Мі­не, ша­ңырақтағы шаттықтың бұзы­луына басты себеп. Алайда олар мұны некелесудің алдында да білді ғой, ерлі-зайыптылардың бір кесе қара су мен жарты нан­­ды бөліп жегені жөніндегі әңгі­мелері әшейін құрғақ сөз бо­лып қалғаны ма? Сөйтсек, тағы бір түйт­кіл бар екен, жо­ғарыдағы екі мәсе­ленің алдын алу үшін отағасы да, отанасы да жұмыста, тіпті бір-біріне жы­лу бөлуге мүмкін­діктері жоқ. Мұны да сауал­дама нәтижесі көр­сетіп отыр, жас жұптардың 30 пайыздан ас­тамы отбасына лайықты көңіл бөлуге уақыт жет­пейтінін атап өткен. 

Ажырасу оңай ма?

АХАЖ-дың тіркеуіне көңі­ліміз тоқ, бірақ соттың отбасына жа­ны аши ма? Айырылысудың аз-ақ алдында тұрған ерлі-зайыпты қайта қол ұстасуға қан­шалықты қауқарлы? Тиісті орынға хабар­ластық. Жоғарғы сот­тың бас­тамасымен Астана қа­­ла­сының Алматы аудандық со­тында «От­­басылық сот» қанат­қақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айы­нан жұмысын бас­тады. Атал­ған сотта 2 судья жұмыс істейді және олар ажырасу, алимент өндіру сынды тек неке-от­басылық істерді қарауға ма­мандандырылған. «Судья істі қарап қана қоймайды, бас­ты ұс­таным ретінде ер­лі-зайып­тыларды қайта табыстыруға күш салады. Яғни, міндетті түр­де сотқа арнайы тартылған пси­хо­­логтың көмегіне жүгінуге ке­­ңес береді. Ең бастысы, ерлі-за­йып­тыларды татуластырумен аяқталған істер саны күн санап артып келеді», дейді сот өкілі.

Астана қаласы Алматы аудан­­­­­дық сотының судьясы Мая Төлегенқызы қанатқақты жоба аясында ажырасуға қатысты 230 істің қаралғанын айтады. Со­ның 42 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық себебінен ажы­расуға бел байлаған. Ал арыз­­­­данушылардың 28 пайызы се­­німсіздік салдарын алға тарт­қан. 9 пайызы іс жүзінде бірге тұр­майтындар, соны құжат бо­йынша да біржақты еткісі келгендер. Кезінде қағаздағы неке қа­жет болған немесе басқа жаққа қо­ныс аударып ізін суытқандар мен некелі адамы барын ұмытып, өз жайына кеткендер. 7 пайызға жуығына ішімдік пен есірткіге тәуелділіктің кесірі тиген. 6 па­йы­зы қаржылық жағдайдың се­бебінен айырылысқысы келген. Көбіне жалақыны, ортақ кірісті бөлісе алмайтындар мен несие алып төлемегендер. 5 пайы­зы әлеу­меттік жағдайды алға тарт­қандар, әдетте тұрғын үй жағы­нан зардап шеккендер. 3 пайызы құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерге кіріп кетіп, шыға алмай жүргендерден біржола басын арашалағысы келгендер.

Осы уақытқа дейінгі барлық қаралған істің 58 пайызы ажырасумен аяқталса, қалған 42 па­­йызында неке сақталған. М.Тө­­­леу­ханқызы: «Біз барлық арыз берушілерге ар­найы те­гін психологиялық ке­ңес алу керектігін айтамыз. Жо­ба аясында психологтармен ме­м­о­ран­думға отырып, тегін қызмет көрсетуді қолға алғанбыз. Көбі барады, бірақ бас тартатындар да бар. Психологқа барған ер­лі-зайыптылардың 89 пайызы та­туласқан», дейді. Осы жоба елі­міздегі барлық сот жүйесіне енгізілсе, әжептәуір нәтижеге қол жеткіземіз деген үміт бар. 

Неке бұзылғаннан кейін де бұзылатын талаптар бар

Отбасы мәселелері көбіне ажырасумен аяқталып қалмайды. Бұл ушыққан жағдайды әрі қа­рай жалғайды. Елімізде туу көр­­сеткіші төмендеген. Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтар, не­ке бұзылғаннан кейін болатын кикілжіңдер мен әлеуметтік жағдайға қатысты өзекті жайттар күн тәртібінен түспей тұр. Ста­тистикалық мәліметтерге сүйен­сек, 2018 жылы 41 пайыз­ неке бұзылған. Ажырасудан Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орында, ал 2009-2017 жылдардағы рес­публикалық көрсеткіш тө­мен түспеген, жыл сайын өсіп отыр­ған. Соған сай 2014-2017 жыл­дардағы бала туу көрсеткіші тө­мен­деген. 

Осындай нәтижелерді анық­таған Қоғамдық даму ми­нистр­­лігі жанындағы комитет Отба­сын дамыту мен қолдаудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы жобасын жасады. Құжатта бұзылған неке үле­сін 2030 жылы 25 пайызға тө­мен­дету жоспарланған, соның нә­тижесінде бала туу көрсеткіші жо­ғарылайды деп күтілуде. Бұ­дан бөлек, комитет ұлттық мен­талитетті ескере отырып, отбасы тәрбиесінің бірыңғай рес­публикалық әдістемесі жобасын әзірлемек.

Астана қалалық «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғам­дық бірлестігінің президенті Г.Аманжолқызы отбасы мәселе­лерінің алдын алуға және шешуге бағытталған заңнамалар бар екенін, Қазақстанда 2030 жыл­ға дейінгі отбасылық және ген­дерлік саясат тұжырымдамасы қа­был­данғанын дегенмен, оның орындалу және жүзеге асырылу барысындағы тиімді тетіктердің тапшылығы көрініп тұрғанын айтты. «Некені бұзу кезінде және одан кейін кездесетін қиындықтар мен келеңсіздіктердің жылдан-жылға артуы – соның айғағы. Мәселен, сот ажырасқан жұп­тың ортақ баласын анасында қал­дыр­ғанымен, әкесіне көріп, кез­десіп, тәрбиесіне араласып тұруына шешім шығарады. Бі­рақ бұл орындалмайды. Бү­гінде әкелердің 30 пайызы анасында қалдырылған балаларымен қарым-қатынас жасай алмағандықтан сотқа қайта жү­гінуге мәжбүр болған», дейді ол. Осыған орай қоғамдық ұйым ерлі-зайыптылар неке­сін бұзу кезінде баланың тұрғы­лық­ты жерін анықтау мен кездесу тәртібін белгілеу үшін ба­ла­­лар мен ата-аналарға әлеу­меттік-психологиялық және пси­хологиялық-педагогикалық зерттеулер жүргізу жөніндегі ереже жобасын дайындап, арнайы мамандар мен сарапшылардың талқысына ұсынды. Бұл бір­қатар мәселені оңтайлы шешуге септігін тигізеді, деді Г.Аман­жолқызы. 

60 мың жалғызілікті әке бар 

Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының проректоры Н.Раззак сот әділ шешім шығаруда психологтардың рөлі маңызды екенін айтқан. Өйткені сот некені бұзу кезінде арадағы баланы кімде қалдыратынын шешу үшін психологтар жүр­гізген сараптама нәтижесіне сүйе­неді. Ал сарапшы-психолог Н.Красникова аталған ереже жобасының психологтар үшін қажетті әдістемелік көмекші құрал бола алатынын айтады. Ма­ман мұндай мәселелерден әлемдегі дамыған елдердің қалай жол тапқанын зерттепті. Осы тақырып төңірегінде шетелдік тәжірибелерді тізіп өткен ол Қа­зақ­станда өзге елдермен са­лыс­тырғанда «Әке беделінің» бар екенін және оның жыл са­йын жоғарылап келе жатқанын жеткізді. Кәмелетке толмаған балалар көбіне ажырасу кезінде әкесімен қалуды қалайды екен. Осы тұста тағы бір проблема қы­лаң береді. Мамандардың мәлі­метінше, бүгінде  60 мыңға жуық жалғызілікті әке бар. Сонымен қатар сарапшы әкелерге көрсетіл­ген әлеуметтік көмектің бірі ре­тінде ерлердің де декреттік де­малысқа шыға алатынын алға тартты. Алғаш Швецияда пайда болған бұл заңнама бізде де кең таралып келеді. Мәселен, 2017 жылы 23054 әке бала күтіміне байланысты демалысқа шықты, соған сәйкес лайықты жәрдемақы тағайындалды. Бұл тұрғыда аналар мен әкелердің құқығы тең. Алайда мұндай ақпараттан әлі де хабарсыз әкелер қатары көп көрінеді. 

«Ата-анамды қалай қоса аламын?»

Біздің менталитетте психологтан көмек сұрау – көпшілікке бүгінге дейін жат. Осы орайда, мұқтаж жанның маманнан қаншалықты көмек сұрайтынын білмекке бел будық. «111 сенім телефоны» қызметінің психолог-кеңесшісі А.Матаева: «Мен кү­ніне 10-15 адамға кеңес бе­ремін. Отбасындағы қарым-қа­тынас мәселесімен хабарласатындар көп. Басым бөлігі – өзі­міздің бауырлар», дейді. Ма­ман­ның мәліметінше, балалар да жиі хабарласады. Олардың әңгімесінің ішіндегі ең жүректі ауыртатыны – өз-өзіне қол салатынын айтатыны. Психолог-кеңесшіге өз тәжірибесінен ең кіші қабылдаушысын айтуды өтін­дік. Екі күн бұрын 7 жасар қыз бала қоңырау соққан. Ата-ана­сы екі ай бұрын ажырасып кетіпті. Оны мазалайтын мә­селе: «Әкемді сағынамын. Алай­да анам рұқсат бермейді. Оларды қалай қоса аламын?»  Ал жасөспірімдер көбіне алғашқы махаббаттан жолы болмағанда 111 нөмірін тереді екен. 

2016 жылдың қарашасында іске қосылған қызмет барлық отандас­тарымызға тәулік бойы де­малыссыз құ­қық­тық және пси­хологиялық көмек көрсетеді. Не­гізгі бағыты – отбасылық, оның ішінде балаларға қатысты құ­­­қық­тар туралы консультация беру. Желі күніне 700-800 қоңырау қабылдайды, оның 75-80-і нәтижелі қоңыраулар. Өткен жылы 270530 қоңырау түскен, оның 9 029-ымен сапалы байланыс орнатылып, лайықты жұмыс жүргізілген. 

Сөз соңында мына бір түйінді ойды қоса кеткіміз келеді, украин педагогі Сухомлинский: «От­­ба­сыны жасайтын және ны­ғайтатын күш – махаббат. Әке мен ше­шенің, әке мен балалардың, ана мен балалардың өзара, сенімді, адал, шын берілген махаббаты. Алайда махаббат басқа бір жақтан, сырттан келетін шабыт немесе таң шапағы емес. Ма­хаббат дегеніміз – орасан зор ең­бек» деген екен. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»