Қазақстан • 01 Ақпан, 2019

Ауданда 373 жаңа жұмыс орны ашылды

687 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жарқайың ауданында шағын және орта бизнес қарқынды даму үстінде. 2018 жылы аудан бойынша 17 адамға өз кәсібін ашуға несие берілген. Нәтижесінде 373 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауданда 373 жаңа жұмыс орны ашылды

Бүгінде аудандағы орташа еңбекақы мөлшері 97 мың теңгені құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Жарқайың ауданы бюджеттің кіріс бөлігін орындау бойынша облыста алдыңғылардың қатарында. Жалпы ауданда экономиканың барлық салалары бойынша алға ұмтылу байқалады. Өткен жылы 2000 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 21 процентке көп. Үстіміздегі жылы 75 және 60 пәтерлік тұрғын үйлер қалпына келтірілмек. Соңғысы «7-20-25» бағдарламасының аясында пайдалануға берілетін болады. Аудан әкімі Мұрат Балпанның айтуынша, бүгінде ауданда әлі күнге дейін толық шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер де бар.    

– Аудандағы өзекті мәселелердің бірі ауыз су және жол қатынасы. Өткен жылы біз Бірсуат ауылындағы су құбыры желілерін қалпына келтіру және Шойындыкөл ауылындағы су құбыры желілерін қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмыстарын бастадық. Ағымдағы жылы екі ауылдың мәселесін шешетін боламыз. Аудандағы жолдың қашықтығы 464 шақырымды құрайды. Оның 110 шақырымы республикалық маңыдағы жолдар. Арқалық-Державинск бағытындағы тас жолды жөндеу – көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Осы мақсатқа 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Жолды жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі өткен жылы аяқталды. Ағымдағы жылы жолдар толығымен жөнделеді,–дейді Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Бұл бағытта өткен жылы Тасөткел ауылында ірі қара малға арналған тауарлы сүт фермасы ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда ферма сүт өнімдерінің 5 түрін шығарады. Өткен жылы ауданда ірі қара мал басы 21 процентке, қой басы 11 процентке көбейді. Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында қоғамның барлық саласын автоматтандыру қажет деген міндет қойып отыр. Осы орайда, бүгінде аудан бюджетінің 56 проценті білім саласын қаржыландыруға жұмсалуда. Аудандағы білім ошақтарының 55 проценті жаңа технологиялармен жабдықталып, робототехника, ІТ-сыныптар ашылған.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Жарқайың ауданы,

Ақмола облысы