02 Ақпан, 2019

Қостанайда «Алтынсарин оқулары-2019» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

648 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде дәстүрлі «Алтынсарин оқулары-2019» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 

Қостанайда «Алтынсарин оқулары-2019» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Онда ғалымдар мен педагогтар «Рухани жаңғыру» басым ойлары контекстінде заманауи білім берудің өзекті бағыттары», «Заманауи мектеп пен ЖОО жағдайында инклюзивті білім беру болашағы», «Заманауи білім беру машықтануында инновациялық технологиялар мен әдістерді қолдану тәжірибесі», «Білім беруді сандық жүйеге көшіру жағдайында тәрбие әлеуетін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру» деген бүгінгі күні өзекті төрт мәселені қарады.

Конференцияға педагог-ғалымдар мен облыс өңіріндегі мектеп мұғалімдері, жоғары, орта оқу орындарының оқытушылары қатысты. Сонымен қатар конференцияға Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Елена Бережнова келді.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде білім ордасының ректоры, профессор Еркін Әбіл университеттің бүгінгі миссиясы қандай болуы керек деген мәселеге тоқтады.

Университет миссиясы қазір білім беру, ғылым және өңірді дамыту проблемаларынан тұруы керек. Қазір жалпы жоғары оқу орындарының қоғамның, экономиканың дамуына қандай әсері болып отыр? Оны ылғи да зерттеп, зерделеп отыру керек. Мысалы, педагогикалық жоғару оқу орындары неге тек ғана педагогтер дайындауы керек? Университет жалғасын табатын білім беру ордасы ғана болмай, қоғамдағы әлеуметтік істердің орталығына айналуы тиіс. Мысалы, волонтерлік істердің жоғары оқу орындарынан өріс алып жатқаны белгілі , – деді Еркін Аманжолұлы.

Ал журналистерге берген сұхбатында мәскеулік ғалым-педагог Елена Бережнова білім беру саласындағы цифрландыру үдерісіне байыппен қарау керектігін айтты.

«Ақпараттандыру, цифрландыру өмірдің барлық саласын дендеп қамтып отыр. Бұдан ешқайда қаша алмаймыз. Мысалы, цифрландыру экономиканың барлық саласын қамтыды, тіпті электрондық сауда жүзеге асуда, ал білім саласында электрондық оқыту жүйесі деген түсінік пайда болды. Мүмкін педагогика ғылымы өмірдің осы ағысынан шамалы кешіккен болар. Барлық жаңалықтың ғылыми негізі болуы тиіс. Ал қазір дәл осы ғылыми дәлелдеме, негіздеу жетісе бермейді. Жаңаның барлығын керемет, жақсы деп ойламау керек. Кейде жаңалық ескі қалыптасқан, дұрыс жүйені бұзуы мүмкін. Кейде білім беру конверваторолық жүйе болып көрінеді. Бірақ ол жаман да емес, тек шамадан тыс болмауы тиіс. Консерваторлық ғасырлар, жылдар бойы әр елдердегі, педагогтардың әр толқыны қалыптастырған, жасаған тәжірибені сақтауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан жаңа технологиялар ғасыры келді. Әңгіме, оны бұрынғыны бұзбай, қолда барды жоғалтпай қалай пайдалана, қабылдай білуде» деді Елена Викторовна.

Конференцияға қатысушылар педагогика және білім беру саласындағы бүгінгі өзекті мәселелерді төрт секцияға бөлініп талқылады.

Нәзира Жәрімбет,

Egemen Qazaqstan

Қостанай