Әдебиет • 04 Ақпан, 2019

Жыр дариясына айналған ақын

4257 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Әбділда Тәжібаев туралы сөз болғанда екі дария көз алдыңа келеді. Бірі – Сырдария. Ғасырлар бойы ел мен жерді емізіп, нұр мен нуға ене болып келе жатқан дария... Екінші дария жыр дариясы... Жыр дариясы ұшы қиырсыз қазақ даласын ғана суарып жатқан жоқ, жер-жердің, ел-елдің поэзия мұхитына құйып жатыр. Оның аты – Әбділда Тәжібаев».

Жыр дариясына айналған ақын

Ақиық ақын Жұбан Алматыда Әбекеңнің 70 жылдығына арналған салтанатты жиында осыдан қырық жыл бұрын 1979 жылы жасаған баяндамасын осылай бастап еді. Ол сөзі сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Жырдария» деген тақырыппен бір бет болып жарияланды да. 

Қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орын алатын ірі тұлға, елімізге ғана ем­ес, ке­зінде Кеңес Одағына аты жа­й­ыл­­ған, шығармалары әлем халық­та­­ры тіл­деріне аударылған Сыр бойы­­­нан шық­қан әйгілі қаламгерлер аз емес. Кеңес­тік дәуірдегі әдебиеттің өк­іл­дері – ал­дыңғы буын Қалмақан Әб­ді­қа­дыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқ­ма­ғам­бетов, Мұхаметжан ­Қаратаев, олар­дың із­ба­сар­лары Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов, Зей­нолла Шүкіров, келесі лек – Оразбек Сәрсенбай, Дүкенбай Досжан, Тынымбай Нұрмағамбетов, Бекділдә Алдамжаров, Қаржаубай Омаров, Сұлтанәлі Балғабаев, олардан кейін де әдебиетте өз сөздерін айтып келе жатқан жүзден астам ақын-жазушы, әдебиетші ғалым бар.

Әбекең көзі тірісінде-ақ үлкен де, кіші де мойындаған классик, қазақша ұғымға салсақ, әдебиетіміздің абызы атанды. Қазақ елінің астанасы 1925 жыл­дың көктемінде Орынбордан Ақмешітке көшіп келгенде жергілікті қала жастарының атынан құттықтау сөзін өлеңмен арнаған бір аяғын сылти ілбитін жұдырықтай талапты бала арада он жыл өткенде талантты ақын ретінде танылып, қазақ кеңес әдебиетінің мар­қас­қаларымен қатарласа аяқ басты. Қазақ әдебиетінің асқар алыбы Ғабит Мүсі­реповтің сөзімен айтсақ, Әбділда Тәжі­баев­тың өмірбаяны – бір есептен қазақ кеңес әдебиетінің өмірбаяны. Ол алыптар тобы – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың ізін басып әдебиетке келген, сол алыптардың тобына өзі де қосылатын еді. Салмақты асыл сөзін оңды-солды шаша бермеген Ғабеңнің аузынан шыққан бұл баға Әбділда кім деген сұрақтың түйінді жауабы. Қазақстан халық жазушысы Әбекеңнің әдебиет тарихында алатын орнын айқын көрсеткен темірқазық. 

Көпті көрдім, көп жасадым,

Көрдім Сәкен, Бейімбетті,

Қатар тұрып жыр қашадым,

Мені олар да құрмет етті, – дейді шайырдың өзін тыңдасақ. Бірақ бұл құрметке жеткенге дейін Әбділда бала тағдырдың біраз соқтықпалы соқпақты жолынан өтіп еді. 

Әбділда Тәжібаев 1909 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. Ол алты жасында жетім қа­лып, анасы Айманкүл екі бала­сын – ұлы Әбділда мен қызы Зылиханы алып Перовскіден (Қызылорда) батысқа қарай 175 шақырымдағы Қараөзек темір жол стансасында тұратын төркін жұртын сағалауға мәжбүр болады. Бірақ ауыр тұрмыс тауқыметі мұнда да көп аялдатпайды. 1918 жылдың қысына қарай ел ішіне келген сүзек індетінен ауыл­дың жартысы бақилыққа аттанады. Бұл дәрі­гер­­сіз қазақ халқының қай жерде болсын басына түсіп тұратын жағдай еді. Пана­лап барған нағашы атасы мен әжесі, қарындасы қайтыс болады, анасымен екеуі өлім аузынан қалады. Жазға ілбіп жетіп, ана ұлын шілдеде күн сайын құм бұлауға салып, қазақы еммен емдейді, бала бойын қармап қалған суықты құмның ыстығымен шығарып, таяққа асыл­май жүретіндей халге жеткізеді. Бірақ ауыр дерт бәрібір белгісін өмір бойы қалдырып кетті, Әбділда науқастан оң аяғы қысқа болып тұрды. 

Қалада Кеңес өкіметі жетім-жесірге қарасады екен деген сөз тарап, Айманкүл ұлын жетектеп 1919 жылдың күзінде Ақмешітке көшіп келеді. Күн көрдік, өлгеніміз жоқ. Бірақ тірлігіміздің сәні де болмады. Кейде аштарға беретін бидай ботқасынан кезекке тұрып ыстық ботқа аламыз. Ол әбден тойынатын күндеріміз. Көбінесе әлсіз адамдарға мұндай ботқа да жетпей қалады, – деп жазады Әбекең кейін өзінің естелігінде.. 

Әбділданың арабша сауатын анасы ашады. 1922 жылы Ақмешіттегі жетім балалар интернатына қабылданар кезде қара танитын сауаты болғандықтан бірден үшінші сыныпқа алынады, 1927 жылы Шымкентте жетіжылдық мектепті бітіріп шығады. Осы мектепте келешек қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлымен, үлкен қаламгері Құрманбек Сағындықовпен бірге оқиды. 

Қазақ мемлекеттік универ­си­тетінде оқып жүрген жерінен шақырумен 1931 жылдан 1933 жылға дейін Қарсақбайға барып, «Қызыл кенші» газетін шығарған алғашқы редакторы болды. Мұнан кей­ін жастар газеті «Лениншіл жас» (қа­зіргі «Жас Алаш») газетінде ре­дак­тордың орынбасары, 1934 жылдан 1944 жылға дейін он жыл: жиырма бесінде – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, отызында – төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты – қоғам қайраткері, елуінші жылдардың аяғында «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, кейін 1960 жылдан 1984 жылға дейін тағы да Жазушылар ода­ғы басқармасының хатшы­сы, Қазақстан Ғылым акаде­мия­сының Тіл және әде­би­ет институтында Жамбыл бөлі­мі­нің меңгерушісі, Әдебиет және өнер институтында театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Тарихы тұңғиық сыр, сырлы әлемі жауһар жыр Сыр елін­­де туған Әбділдаға анасы Айманкүлден дарыған ақын­дық қабілет сол замандағы дәс­түр­ге сай әуелгіде халық ауыз әдебиетінен, халық ақындарынан нәр алды. 1927 жылдан өлеңдері баспасөзде жариялана бастайды, тұңғыш жинағы «Жаңа ырғақ» деген атпен 1933 жылы шықты. Оқырмандарына 40-тан астам кітабын ұсыныпты. Мөлдір лирикадан бастаған ақын «Күй атасы», «Абыл» сияқты толымды эпикалық дастандарға қалам тартты. Қазақ поэзиясының елеулі туын­дылары ретінде бағаланған «Гүлден дала», «Аралдар», «Жастық жырлары», «Кешеден бүгінге», «Көне қоңырау», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» және басқа да жыр жинақтарын бірінен кейін бірін шығарып, ақындық қуатын танытып, тәнті етіп жатты. 

Әбділда ақын шы­ғар­ма­шы­лы­ғын сөз еткенде оның туған жері – Сыр еліне, Ананың қос емшегінің сыңарындай нәр берген Сыр Анаға арнаған жырларына соқпай кетсек, Сыр перзенті туралы әңгімеміз толымды болмас еді. Неміс ақыны Гейне Рейнді жырласа, Сырдың Гейнесі мен болам деп 1935 жылы тың теңеумен «Сырдария» деген өлеңін жазды. Ақын одан кейін де туған жерге тағзым талай шумақтарын арнады. Солардың ішінде «Сыр жырлары» шайырдың жауһар туындылары қатарында аталады. Өлеңнің өн бойынан жылылық, сағыныш лебі еседі. Бұл өлең сыртта жүрген әркімге-ақ елге барғанда талайдан көрмеген бір кездегі балауса қыз – парталасын кездестірген сәтті еске салғандай. Өлеңнің үзіндісінің өзі адамды алысқа жетелеп алып кетеді. 

«Көп жылдармен өткізген соң арасын,

Туған жерге оралып бір барасың.

Алар күтіп әжелер де алдыңнан,

Арқалаған баласының баласын.

Көрейін деп бала күнгі сырласын,

Келеді әне кемпірден бір құрдасым.

Есіме алдым елестетіп жастағы,

Көк шыбықтай солқыл­да­ған тұлғасын.

Бір кездегі балапан қыз – балдырған,

Ынтықтырған, талайды естен тандырған.

Алдымда тұр әже атанып сол Еркеш,

Жастық көр­­кін жы­рақтарға  қал­дырған».

Әбекеңнен қалған мұра мол. Шығар­ма­шы­лығы сан қырлы болып келгенімен, ол ең алдымен ақын, ақын болғанда да қаз­ақ­тың жайқалған қою жыр бағын сыр шерткен, ой толғаған нәзік те өр­шіл жырлармен толтырған кең тыныс­ты ақын. «Ол өнер бәйгесінің алдын бермеген жыр дүлдүлі. Мөлдір суды шыңыраудан тартқан құдық­шыдай, мар­жанды мұхит түбінен алатын із­деу­ші­дей, асыл жырды тереңнен ғана тартатын жыр құдіретіміздің бірі» дейді көр­­некті әдебиет зерттеуші ғалым Мыр­­затай Жолдасбеков. Қазақстанның мем­­лекеттік сыйлығын да 1974 жылы «Кө­не қоңырау» ақындық шығармасы үшін алды. 

Әбділда әдебиеттің барлық жанрында – поэзия, проза, драматургия, кино­сценарий, сын саласында қалам тартты. Әбекең өз естелігінде драматургияға Мұхтар Әуезовтің ықпалымен келгенін жазады. «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Той боларда» және басқа да пьесалары қазақ драматургиясының елеулі табысы ретінде қабылданып, та­л­ай жыл театрларда қойылды, Н.Погодинмен бірлесіп жазған сценарийі бойынша түсірілген «Жамбыл» көркем фильмі қазақ киносының алтын қорында. Әдебиет, өнер зерттеумен айналысып, ғылым да қуды. «Өмір және поэ­зия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен тарихы» ғылымда қалдырған ізі. Осы еңбектері үшін филология ғылымдарының докторы, профессор атанды. «Жылдар, ойлар», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» естелік эсселері қазақ әдебиетінің ғана емес, кеңес заманындағы қазақ қоғамының сөйлеп тұрған тарихы, рухани келбеті. 

1941 жылы Ұлы Отан соғысы бас­тал­ғанда Әбділда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Қыз­ме­ті үшін емес, бала күннен бір аяғы кеміс болғандықтан әскерге шақырудан бос. Бірақ отызыншы жылдардың аштығынан, «халық жауларын» іздеген ойрандардан аман қалған ел зиялыларына да соғыс шарпуы тие бастайды. Алды сарбаз киімін киініп, сапқа тұрып қойған, майданға аттанып жатыр. Мұхтар, Сәбит, Ғабиттер әскери даярлыққа шақырылған. Басқалар да осындай елеңдеген күйде. Біразының шаштары сыпырылған. Ұлт әдебиеті күйреуі мүмкін. Ойлаудың өзі сұмдық! Толғана келе Әбекең тәуекелге бел буып, Қазақстанның басшыларымен келісе отырып, ұлт әдебиетінің мәйегі 19 қаламгерге қорғаныш сұрап, шілде айында Сталинге жеделхат жолдайды, көшірмесін КСРО Жазушылар одағы басқармасының төрағасы А. Фадеевке жібереді. Он күн өтпей рұқсат келіп, бір уһ дейді-ау. Күпті көңіл орнына түс­кендей. Міне, бұл да ұлт үшін жасал­ған ерлік! Сол 19-дың ішінен бронын қал­та­сына салып соғысқа аттанған жалғыз Қал­мақан Әбдіқадыров қана екен. Өз еркі­мен! 

Әбділда жазушылар шоғы­рын мүм­кін апаттан алып қалу­мен іс бітті де­мей­ді. Өршіл ер мінезімен, ақсаңдай басқан аяғымен тура соғысқа өзі тартты. Соғыс қызып тұрған 1942 жылғы көктемде. Бұл жанкешті оқиға туралы «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында қаһарман Бауыржан Момышұлы Әзілхан Нұршайықовпен әңгімесінде былай деп еске алады. Әбділданы танытар сол сәл әңгімені ықшамдап келтірейін.

Бауыржан айтады: Қазақстан Жазу­шы­лар одағына хат жаз­ған­мын. Қазақстан жазушылары, мынау сұрапыл соғысты өз көздерімен көрмей үйде отыра­сың­дар ма? Ертең соғыс туралы шығарманы қалай жазасыңдар? Бұл соғыс тарихта да, әдебиетте де атаусыз қала­тын соғыс емес дегенмін. Адам қасын­да жүр­ген­нің қадірін біле бермейді. Әбділ­да деген ұлы ақын, ұлы азамат қой, шіркін! Өзің ойлашы, сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді? Шешең келсе келер, әкең келсе келер. Ешкімнің әмір-бұйрығынсыз, соғыс кезінің әр сағат, әр тәулігі өліммен ұштасып жат­қан ауыртпалық қиыншылықтарына қарамастан майдандағы солдаттарға сә­лем беремін деп келу үшін адамға қанша­ма қажыр-қайрат, адам­гер­ші­лік, азаматтық, сүйіс­пен­ші­лік керек десеңші! Соны мен бірін­ші рет осы Әбділданың ба­сы­нан көрдім. Ақпейіл ақын­­­ның аң­қыл­дап майданға ке­ліп қал­ған­ын бір-ақ білдім. 1942 жылдың сәуірінде жолда машина­ларына бомба түсіп, істен шығып, Калинин облысының қара батпағын жарымжан ая­ғымен тізеден кешіп, жиыр­ма шақырым жаяу жүріп, қап-қара боп түтігіп Талғар полкына келген Әбділданы көргенде төбе шашым тік тұрды. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай, дыбысым шықпай оны бас салып құшақтай алғаным есімде. Сол­даттардың қаһарлы командирінен ар­салаңдаған балаға айналып кеткен сияқтандым. Ол қазақтың Қаратауын қасыма әкеп қойғандай болды. Алатауға ар­қамды тіреп тұрғандай болдым. Әбділ­да­мен бірге бүкіл қазақ даласы көшіп келген сияқтанды. 

– Неге келдің? Төбеден бомба жауған майданда өліп қалсаң қайтесің? Неге келдің, Әбділда? – дедім мен бір кезде даусым шығып.

– Өлсем сенен жаным артық па? Мынау тұрған көген көз боздақтардан жаным артық па? – деді ол.

– Біз солдатпыз, сен ақынсың ғой, Әбділда-ау.

– Солдатыма сүйегім сырқырамаса менің нем ақын, нем азамат, Бауыржан?! – деп әбден қажып келген Әбділда сылқ түсіп блиндаждың жиегіне отыра кетті. 

Елдің хабарын айтып, жалынды өлеңдер оқып Әбділда менің де, ме­нің полкымның жауынгерлерінің де құлақ құрышын қандырды. Солдаттар Әбділданы әкесіндей көріп кетті. Әбділ­да­ның әкедей ақылгөй, шешедей мейір­бан, парасатты өлеңдеріне тәнтімін. Мен үшін қазіргі өзге ақындар бір төбе де, Әбділда бір төбе. Соғыстың қақап тұрған қатал жылында қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың асқақ үні кернеді. Ол үн жауынгерлердің жүрегіне қайрат боп тұнып, Калинин орманының ішін кернеп кетті. Соғыстан кейін жігіттердің бірі маған әзілдеп:

– Бауке, жел соқса Калинин облысы­ның орманына дейін қазақша ән салады екен, – деді. 

– Ән салса оны 8-інші гвар­дия­лық Панфилов диви­зия­сының жауын­­гер­ле­рі­н­ен, сол жерге кел­ген қазақ ақыны Әбділда Тәжі­баев­тан үйренген болар, – дедім мен оған шындап. Бауыржан ақын досының ерлігін осылай еске алыпты.

Осы майдан сапарынан елге орал­ған Әбділданың «Бауыр­жан­ға» деген өлеңі рес­пуб­ли­ка­лық газеттерге басы­ла­ды. Оны Самуил Маршак орыс­ша­ға аударып, 1942 жылы мамырда одақтық «Известия» газетіне жария­ланады. Қаһарман майдан­гер Бауыржан Момышұлы есімі ал­ғаш осылай әйгілі болыпты. Бауыржаннаманы Әбділда бастайды. Осыдан кейін барып «Правда», «Красная звезда» газеттерінде Бауыржан ту­ралы хабарлар басылыпты. Александр Кривицкийдің очерк­те­рі, Александр Бектің атақты «Арпалыс» кітабы дүниеге келеді.

«Туған тілім тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім мен де бірге өшемін».

Тың игеру, өнеркәсіпті шоғыр­лан­дыру салдарынан Қазақстанды барған сайын өзге тілді жұрт басып, қазақ халқының тағдырына, қазақ тіліне төніп келе жатқан қатерді сезініп, Әбекең 1955 жылы осылай күңіренген екен. Сталинизм­нің қанды шеңгелі босатпай, келе­шекте ұлт жойылып, бір ғана тілі қалады дейтін коммунизм елесі қылаң берер заманда ана тілінің күйін күйттеу азамат ақынға ғана тән ерлік! Ана тілге махаббаттың мысалына ауызға алына беретін дағыстан ақыны 

Р.Ғамзатовтың тілім ертең жоғалар болса, мен бүгін өлуге дайынмын деп келетін өлеңі бұл кезде оның ойына келді ме екен. 

Әбекең болмысының тағы бір қыры – үлкенге інілік ілтипатын, кішіге аға­­лық қамқорлығын аямаған жан. Ха­­лық ақындары Жамбыл, Нартай, Нұр­­пей­іс, Кенен, Шашубай және бас­қа­ла­ры Алматыға келе қалса әрдайым ал­ды­мен Әбділданы іздеуі олардың ақын інілерінің халық өнерпаздары шы­ғар­ма­шылығына қамқорлық қызметі мен кішік азаматтық болмысын баға­ла­ған­дығы. Нартай дауыл ақынның 1982 жылы шыққан «Өсиет» деген жинағына жазған «Қандай еді ағалар» деген алғысөз естелігінде олар туралы қимас аяулы сезіммен әңгімелейді. Түсімде баяғыша сырласып жүреміз дейді. Ал жас ізбасарларына келсек, солардың ірі өкілі – ақын інісі Тұманбай Молдағалиев Әбекеңді көбімізге тәрбие берген, кештеу кездессек те кейінімізге жол көрсеткен ақындық мектебіміз деп жоғары көтереді. Ал Мұқағали Мақатаевтың «Әбділдаға» деген өлеңі түсіндіруді керек етпейді.

«Сөйлесең,

Бурадайын лықып-тасып,

Жаралы жауынгердей сылтып басып,

Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,

Жырдағы жалғандықпен мылтық­тасып,

Бой түзеп,

Босқа кетпей сауықпенен,

Боз қырау босағасын тауыпты өлең.

Жаман жыр жазғанымда

Ақ таяғың – 

Арқамда ойнай ма деп қауіптенем...»

Сыр елі Әбділдамен мақ­тан­ды. Оның туған жерінде ауылға ақын есімі бе­ріл­ген. Облыстық кітапхана абыз ақын атында. Қызылорда қала­сын­да, аудандар­да, ауылдарда да ел даңқын асырған айтулы аза­мат­тар­дың жолдар бойына ілінген үлкен портреттері өлеңдерімен, ұлағатты нақыл сөздерімен қарсы алып, шығарып салып тұр. 

«Тек тірілер, жерді сүйе біліңдер,

Былғамаңдар жерді, таза жүріңдер.

Тоздырмаңдар біздер қазған арықты,

Өшір­меңдер біздер жаққан жарықты».

Ақын өсиеті осы. Тәуелсіз еліміздің, жас ұрпақтың рухани демеушісі Әбділ­да­дай алдыңғы толқын – аталар, әжелер, ағалар мен апалар. 

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Қазақстанның мәдениет қайраткері