Спорт • 04 Ақпан, 2019

Дэвис кубогына қатысатын командалар толықтай анықталды

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл жаңа форматқа көшкен теннисшілердің Дэвис кубогы жарысының негізгі финалдық сайысына жолдама алған командалар толықтай анықталды.

Дэвис кубогына қатысатын командалар толықтай анықталды

Айтулы жарыстың бас жүлде үшін 18 команда таласады. Олардың төртеуі 2018 жылғы Дэвис кубогының жартылай финалына дейін жетіп, үздік төртіктің қатарынан көрінген Хорватия, Франция, АҚШ және Испания құрамалары. 12-сі іріктеу турнирінің жеңімпаздары. Олар – Австралия, Бельгия, Германия, Голландия, Жапония,  Италия, Канада, Колумбия, Қазақстан, Ресей, Сербия және Чили. Қалған екеуі «уайлд-кардқа» ие болған Аргентина мен Ұлыбританияның теннисшілері.

Жаңа ережеге сай бұл командалар үш-үштен алты топқа бөлініп, өзара күш сынасады. Әр топтың жеңімпаздары мен ең жақсы нәтиже көрсеткен тағы екі мемлекеттің өрендері ширек финалға жолдама алады. Олар екі жекелеген және бір жұптық сайыста мықтыны анықтайтын болады. Одан кейін жартылай финал және финал.

Айтулы турнир бас-аяғы бір апта аралығында аяқталуға тиіс. Нақтырақ айтсақ, биылғы маусымның Дэвис кубогының финалдық сайысы 18-24 қараша аралығында Испанияның астанасы – Мадридте өтеді. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»