Кино • 05 Ақпан, 2019

Балалар фильмі қандай болуы керек?

2166 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күні кеше режиссер Талғат Теменовтің «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» атты фильмі Бангладеште өткен байқауда «Ең үздік балалар фильмі» атанды» деп сүйіншіленіп жатқанда, иектеп келіп иіріміне тартқан алғашқы ой: «Осы бізде балалар киносы бар ма еді?» болды.

Балалар фильмі қандай болуы керек?

Жалпы, қоғамда балалар филь­мін жоқтаған сауалдың дүр­­кін-дүркін қойылып тұруы дағ­­дыға айналып кеткен. Бірақ одан балалар фильмі өркен жайғанын көрсетіп, дамып та кетпейді, «жоқ екен» деп жерлеп тастауға бала алдында өзін аз-кем жауапты сезінетін режиссерлер ара-тұра айналып соғып тұратындықтан бұл төңірек мүлде тақырланып та қалмайды. Жыл сайын Қазақстанда бірі­нің шаңы басылмай жатып, екін­шісінің басы қылаң беретін кинобайқаудың неше түрі өткі­зіледі, бірақ солардың ішінен «балалар фильмі бәйге алыпты» дегенді естіген біреу-міреу бар ма? Соңғы он жылда балалар тақырыбына арналып бар-жоғы 7-ақ фильм түсірілген. Сәбит Құрманбековтің «Секер», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Аңшы бала», Данияр Саламат пен Берагс Елубайдың «Бәйтерек», Асхат Ыбыраевтың «Сиқырлы орман», Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың «Жеңіс семсері», Талғат Теменовтің «Біздің қала­мыздың кішкентай ханзадасы» және былтыр түсіріліп, қазір өндірісте монтаждалып жатқан «Бала ғашық» фильмі болмаса, балаларымыз Абдолла аталары баяғыда түсіріп беріп кеткен, «Алпамыс» пен «Қожаны» қырықтан асқан жасына қара­мастан құрдас қылып әлі малданып жүрер ме еді.

Өкі­ніштісі, балалар әдебие­тінің да­му деңгейі қандай болса, балалар киносының дамуы да дәл осы деңгеймен қарайлас болғандықтан, екеуінің көрген күні бір болып тұр. Балалар ки­но­сының дамымай отырғанын әдебиетпен байланыстыратын себебіміз, бұрын кинодағы көп сценарийлер әдебиетке негіз­делетін. Ал қазір кинофильмдер арқа сүйейтін балалар әдебие­тінің өзі дамымай отыр. Бүгінгі «кино­драматургпіз» деп жүр­­гендердің көпшілігі коммер­­циялық, арт-хаус, автор­лық, жанр­лық фильмдерді көріп, соның саясында өскен­діктен қазақ балалар әдебиетінің нұс­қасын білмейді. Былайша айт­қанда, жіптің қай ұшынан ұста­рынан бейхабар.

Балалар киносына неге көңіл бөлінбейді? Біріншіден, балалар тақырыбына қызығатын режиссер жоқ. «Балалар киносы» деген атына сай тек балалардың өзіне ғана арналып түсірілген, жас көрерменге жетік тілмен жіткі­зілетін фильм де, режиссер де жоқтың қасы. Соңғы жиырма бес-отыз жылда көп дүниеге қол жеткізе алғанымызбен, бала біткен жапырылып көретін жақсы фильм түсіре алмауымыздың себе­бін режиссерлердің өзі әртүр­лі түсіндіреді. Ал вакуумның ешқашан бос болмайтыны белгілі, оны үсті-үстіне толтырып жатқан таңғажайып шетелдік фильмдерге бала түгілі ересектің өзі елігіп, үздігіп тұрады. «Неге көресің?» деп экраннан балаңды жұлып ала алмайсың, өйткені оның орнына көрсететін отандық фильмнің жоқ екенін өзің де білесің. 

Кез келген балалар фильмінің мақсаты – бала дүниетанымын қалыптастыру, ол еліктеп, үлгі тұтып өскісі келетін тұлғаның тұғырын бойында қалап беру. Жаттың құндылықтарын бойына сіңіріп өсіп келе жатқан балаға осыдан кейін күніне он рет «Отаныңды сүй» деп үйретсең де, одан пайда бола ма?

«Қазақфильм» кинофабрика­сындағы шұбырған кезек іші­нен балаларға арнап фильм түсіретіндерді бөлек шығарып алмай, өз алдына дербес бір­лес­тік, арнайы студия болып құрылмай, саусақпен санап аларлық фильмдердің санын да, сапасын да арттыру мүмкін емес. Бірақ бұл ой, бар болғаны пікір ғана. Себебі режиссерлердің бірқатары бала тақырыбына арнайы мойын бұрудың қажеті жоқ деп санайды. Балалар режиссері қатарының түзілуі қиын, себебі балалар режиссері дегеннің өзі – шартты атау. Таза балалар шығар­машылығымен айналысу дұрыс емес, ол режиссердің кәсібилігін шектей түседі немесе өздерінің тәпсірлеуімен түсіндірсек, «режиссер тек ересектер тақырыбымен шектеліп қалмай, арасында балалар ауылына да ат шалдырып тұруы керек». 

Екіншіден, балалар аудиториясына арналып түсірілген фильмнің прокатынан түсетін пайда аз. Продюсерлер мен прокатшыларға жеңілдік қарастырылмаған. Тіпті телеарналардың өзі экономикалық жағынан тиімсіз мұндай контентке арналған өнімді көрсетуге ықыласты емес. Кинотанушы Гүлнар Мурсалимованың пікі­рінше, 1960-1980 жылдар аралы­ғында балалардың өздерінің қатысуымен, 1995-2005 жылдар аралығында жасөспірімдерге арналған ересектер фильмі ғана болған. 1990 жылдардан бастап балалар тақырыбындағы бағыт біраз өзгерістерге ұшырады. Ен­дігі жерде режисссерлер қалып­тасқан кинематографиялық қа­лыптарды саналы түрде бұзып, бұрынғы модельмен түсіруді қаламады. Сол себепті балалар киносы тоқырауға тірелді. Сонда бүгінгі балалар фильмі қандай болуы керек?

Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер:

– Балалар киносы – ешбір қоғамдық формацияға, саяси идеологияға бағынбайтын ерекше өнер. Өнердің ішіндегі баланың санасына шуақ болып төгілетін, жанын әсемдікке, ізгілікке баулитын ең рухани өнер. Қазақ балалар киносының бастауы, атасы деп есептелетін «Менің атым Қожаның» өзінде саяси астар бар. Саяси астар «Алты жасар Алпамыстан» да сезіледі. Бірақ «Шоқ пен Шер­де» ол жоқ. Менің «Адамдар арасындағы бөлтірігімде» де ол жоқ. Сондықтан балалар киносы саясаттан, қандай да бір қоғамдық жалған ұрандардан биік тұруы керек. Бізде балалар фильмі, балалар кинематографиясы жоқ. Өмір туралы, махаббат, жастық шақ, Отан, сатқындық туралы салмақты, ой салатын жақсы картиналар жоқ. Тірек болатын мықты ұрпақты дайындау мақсат болса, ол балалардың жанына, рухани әлеміне жақсылықтың дәнін себуіміз керек еді. Біз тұтас бір ұрпақты жоғалтып алдық. Неге қазір жастарымыз шетелге, әсіресе Америкаға ұмтылып тұрады? Себебі біз оларға Отанға деген махаббатты, елге, жерге деген сүйіспеншілікті бере алмадық. Патриотизм деген Отанды сүюден бұрын алдымен өз ата-анаңды құрметтеуден, өз бауырыңды сүюден басталады. Ал біздің балаларымыз Американың, шетелдің фильмдерімен өсті, сол себепті олардың жүрегінде өз елінен гөрі осы елге деген құрмет жатыр. Қалған балаларымыз болса өзінен туған баласын жетімдер үйіне, одан қалса әкесі мен шешесін Қарттар үйіне өткізіп жатыр. Қасірет пе, бұл? Әрине, қасірет. Сонда балаларымыздың рухани мүгедек болып жатқанына кімді кінәлаймыз?

Данияр САЛАМАТ, режиссер:

– Менің білуімде, жалпы кино өнерінде тақырыпқа байланыс­ты саясат жоқ. Түрлі-түрлі фильм­де­рін ұсынып отырған шетелдік киноэкс­пансияның астында отыр­ған балаларымызға балалар фильмі деген қажеттілік болмай қалды. Ұлттық ұстаным бол­мағандықтан, балаларымыз өзіне керегін шетелдік шы­ғар­малардан ала береді, ол үшін толық мүмкіндік жасалып қойған. Гарри Потер, Темір адам, Өрмекші адам тұрғанда, бас­қа да тамаша анимациялық фильмдер тұрғанда, ол басқа кейіпкерді іздемейді де. Ұлттық саясат, тілдік саясат, ұлттың биік құндылықтарын дәріптеген біртұтас саясат орнықпайынша, балалар фильмінің қағажу көр­гені – көрген. Содан кейінгі мәселе режиссерлердің өзіне қа­тысты. Бала тақырыбына кез келген режиссер батылы барып бара бермейді. Өйткені бұл – өте күрделі әлем, режиссердің режиссеріне ғана бағынады. Басты мәселе, режиссердің балаларға қажет тақырыпты түйсігімен сезіп, таңдай алғанында. Бала әлемін білу деген сөз – тазалықты, адалдықты сүю, шындықпен дос болу, сатқындықты, екіжүзділікті жек көру. Екіншіден, балаларды шексіз сүйетін сезімнің болуы, бала болашағының алдындағы жа­уаптылық. Осы екі сезім қара­жат аз болса да, жоқ болса да, режиссерді сөзсіз бала әлеміне өзі же­тектеп әкеледі. 

Жақында ұлттық киноның барлық саласы мен тетігін қарас­тырып, елімізде тұңғыш рет қа­былданған «Кино туралы» заң жақсылықтың шетін жылт еткіз­гендей болып отыр. Заңда балалар киносы туралы айқын жазылған арнайы бап пайда болды. Ендігі жерде әлеуметтік маңызы жоғары фильмдер қата­рында балалар киносы да мемлекет тарапынан 100 пайызға қар­жыландырылады. Тың идеяларын жаңа заң негізінде жү­зеге асырғысы келетін режиссерлерге кеңістік бос. Әзірге ба­ла­ларға қажетті өніммен бізді Батыс қам­тамасыз етіп отыр. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ