Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

Мемлекеттік қызметке қабылдау талаптары өзгерді

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет саласы бойынша енгізілген жаңалықтар жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғ.С.Тұрсынбаев арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында айтып өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік қызметке қабылдау талаптары өзгерді

Баспасөз жиынында Ғ.Тұрсынбаев «Б» корпусы лауазымына үміткер тұлғалар үшін жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуде жауаптардың растық деңгейі 50% кем болмауы тиіс екенін мәлімдеді. Егер көрсеткіш нәтижесі төмен болса үміткер жеке қасиеттерін бағалаудың растық деңгейінен өтпеді деп танылады және бір айдан кем емес мерзімнен кейін қайта өтуге мүмкіндік алады екен.

«1 ақпаннан бастап, департамент қызметшілері өңірлердегі тестілеу орталығында тестілеу әкімшісі ретіндегі қызметін тоқтатты. Бұл қызметті «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-ның тестілеу операторы атқаратын болады және осы уақыттан бастап «Б» корпусының бос лауазымына үміткерлер конкурс жариялаған мемлекеттік органға заңнаманы білу туралы сертификат пен жеке қасиеттерін бағалау қорытындысын өткізбейді» деді ол.

Сондай-ақ, коммуникациялар қызметінде белгілі болғандай, «Б» корпусы лауазымдарының үлгілік біліктілік талаптарына ең төменгі лауазымдардан бөлек, жоғары лауазымдар үшін де еңбек өтілі қажет етілмейді екен. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардағы бас маман лауазымына жоғары білім болса жеткілікті, ал жетекші маман лауазымына жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар тұлғалар үшін орналасу құқығы берілген.

Осынау өзгерістердің нәтижесінде лауазымдық санаттар бойынша қойылатын талаптар біршама жеңілдетілгенін хабарлаған жетекші бұл жұмыстардың нәтижесінде меритократия қағидаттарын нығайту мүмкіндіктері артқанын айтты.