Аймақтар • 06 Ақпан, 2019

Университет жанындағы мектептерге көңіл бөлінсе...

511 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дарынды жас – ұлттың интеллектуалдық байлығы. Ал сапалы білімнің іргетасы мектепте қаланады.

Университет жанындағы мектептерге көңіл бөлінсе...

Интеллектуалдық қабілеті жоғары балаларды 12-13 жылдық лицей, гимназия және арнаулы мамандандырылған оқу орындары арқылы даярлау әлемдік білім беру тәжірибесінде бұрыннан бар үрдіс. Ал Қазақстан Президенті «Дарынды балаларға арналған мектептерді мем­лекет­тік қолдау және дамыту» туралы ­Жарлығына 1996 жылы қол қойды. Қабілетті балаларға сапалы білім беруді мақсат еткен гимназиялардың бірі – Орал педагогикалық институт жанынан ашылған «Педагогикалық лицей». Бұл 2000-2001 оқу жылынан бастап «Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп» болып өзгертілді. 

Лицейдің өзге гимназиялардан айыр­машылығы – білімдік-әдістемелік деңгейі институттың ғылыми-материалдық базасында ұйымдастырылуында. Бұл оқу үрдісі дарынды балаларға білім берудің талабына сәйкес ұйымдастырылуына қолайлы жағдай жасады. Сол кездегі институт ректоры Тұяқбай Рысбеков оқушылардың білім алуына, тұрмыстық жағдайына ыңғайлы болуы үшін инс­титуттың бір ғимаратын лицейге босатып берді. Сондай-ақ жоғары оқу орнының ғылыми-әдістемелік, материалдық базасын студенттермен бірдей пайдалануы­на мүмкіндік жасады. Лицейдің үздік көрсеткіштерге жетуіне М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ғалымдары, әдіс­керлері, оқытушылары ерекше үлес қосты.

Дарын – өте күрделі құбылыс. Ол туралы ғылыми теориялық түсініктер де әртүрлі. Біз тәжірибеміз бойынша да­рынды – балаға білім алуда ғылымның түрлі саласында жоғары же­тіс­тікке же­туіне көмектесетін қабі­лет бағытында алдық. Осы негізге сүйе­ніп, баланың ақыл-ой жағынан дамуына барынша тиімді жағдай жасай отырып, оларды интеллектуал маман­дықтарға даярлауда жалпы білім сапасын көтеруге, нақты бейінді кәсіби бағдарлы білім беруге ерекше мән бердік.

Дарынды балалар мектебінде бір­ыңғай білім-тәрбие жүйесі әлемдік және отандық озық тәжірибелерге сүйене отырып жүзеге асуда. Осы кезге дейін лицей түлектері университеттерге тек грант негізінде қабылданып келді. «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша 100-ден астам түлек әлемдік деңгейде білім алып, ғылым кеңістігіне еркін енуде. Біз бірың­ғай бейінді білім беру ісінде жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын англо-саксондық жүйені және әр оқушының шығармашылық қабілетін дамыту бағы­тындағы финляндиялық жүйені пайда­ланамыз. Бұл бағыттар әлемде ғана емес, біздің жағдайымызда да ерекше тиім­ділігін көрсетті. Оқыту үдерісін әр оқу­шының қабілет мүмкіндігіне қарай жүргізе отырып, бірыңғай бейінді білім беру моделін жүзеге асыруға қолайлы болды. Ол шағын топтар арқылы әр оқушыны даралап таңдаған бағдарына қарай тереңдетіп бейінді білім беруге мүмкіндік берді. Екіншіден, Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндердегі сабақты 80-90 минут ұзақтықта өткізу қолға алынды. Үшіншіден, білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеруін қамтамасыз ететін жапондық білімді бақылаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді. Бұл оқушылардың білім алу, мұғалімдердің білім беру үдерісінің деңгейін күн­делікті, тоқсандық, жылдық бақылау арқылы жоғары тиімділігін көрсеткен инновациялық тәсілдің бірі болды.

Дарынды балалар мектебінің ең бас­ты жетістігі − «Болашақ» бағдарламасы бойынша 150-ден астам лицей түлегінің білім алуы. Олардың үлкен шоғыры, бағдарлама алғаш қолға алынған кезде-ақ Ұлыбританияда (Гүлім Нұрабаева, Гүлжан Ашығалиева, Альфия Ермұқа­шева, Арайлым Нұрабай, Марлен Мендібаев), Америкада (Үміт Қажы­ғалиева, Алтынгүл Тұралиева, Әсел Есенгелдиева), Ма­лайзияда (Анаргүл Иманғалиева, Арман Мырза­­болатов, Лунара Батырханова, Жанар Даулетова), Қытайда (Азамат Бисенов, Айжан Қуанышқалиева, Лаура Өтемісова), Түркияда (Жандос Шолақов, Талғат Шумиев) білім алды. Олардың қата­рында, сол университеттерде оқып жү­ріп әртүрлі халықаралық деңгейдегі кон­­курстардың жүлдегерлері бол­ған Д.Иманғалиев, Ә.Салимова, Б.Мұ­ратов, Ә.Ақанова, А.Бекесова, А.Кушаев, Д.Молдашева сияқты түлек­теріміз бар. Солардың бірі – Дархан Иман­ғалиев 2007 жылы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, ҚБТУ-дың «Ақпараттық техно­логия» факультетіне түсті. Прези­дент стипендиясының ие­гері атанып,­ уни­верситетті үздік ди­п­лом­мен тәмам­да­ды. Кейін «Бола­шақ» бағдар­ламасы бо­йын­ша Ұлыбритания­ның Манчестер универси­тетінде оқып жүріп, «Codejam» бағдарламасы бойынша Испания, Қы­тай, Италия, Ұлыбритания, Жапония сту­денттері қатысқан халықаралық жарыста жеңімпаз атанды.

Бұдан еліміздің бір өңірінің өзінен-ақ өркениетті елдердің жастарымен интел­лектуалдық қабілеті мен білімі деңгейлес жастар бар екенін көре аламыз. Сонымен қатар М.В.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы А.Н.Кол­могоров физика-математика мектебін аяқтаған 20-ға жуық оқушымыз Ресейдің Ломоносов, Губкин, Бауман атындағы университеттерінде білім алды. Сондай-ақ еліміздегі Назарбаев университетінде, Қазақ-Британ техникалық универ­ситетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Сәтбаев атын­дағы Қазақ Ұлттық техникалық универ­ситетінде және Гумилев атындағы Еу­разия Ұлттық университетінде білім алып, үздік тәмамдауда.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында «...аса білімді адам ғана, табыс­ты болудың басты факторына айналады» деген болатын. Елімізде рухани жаңғыруға қатысты мәдени шаралар жү­зеге асырылғанымен, білім саласы бойын­ша нақты жобалар қолға алынбай ке­леді. Интелектуалдық мамандықтарға дайындайтын жаңа типті инновациялық мектептер ғылыми орталықтармен, университеттермен тікелей жұмыс істеуі қа­жет. Нәтижесінде дарынды жастар ғы­лымға, әлемдік деңгейдегі іргелі универ­ситеттерде білім алуға жастайынан бейім­деледі. Мысалы Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір секілді ірі қалаларындағы университеттер жанында өздеріне талапкер дайындайтын бірнеше интелектуалдық мектеп бар. Айталық бір ғана М.В.Ломоносов атындағы ММУ жанында А.Н.Колмогоров мектебі бүкіл бір университеттің ғылыми-әдістемелік базасын өзіне оңтайлы пайдаланып отыр.

Еліміздегі университеттер шетел оқу орындарымен байланыс орнатқанын алға тартады. Бірақ өз оқу орындарына сапалы талапкер дайындайтын жаңа типті мектептермен байланысы жоқ. Әсіресе педагогикалық мамандыққа түсетін талапкердің білім сапасының жо­ғары болуы – көкейкесті мәселе. Қазір арнаулы мектептерде ғана емес, жалпы білім беретін мектептердің өзінде сауатты мұғалім азайып барады. Жыл санап бұл мәселе күрделене түсуде. Егер университеттердің базасында педа­гогикалық бағдардағы бейінді, жаңа тип­ті инновациялық мектептер жұмыс істесе, мұғалімдік мамандыққа сапалы кадр даярлау жүйелі жолға қойылар еді.

Қолда бар әлемдік және отандық инно­вациялық тәжірибелерді қолдану ар­қылы білімді де тәрбиелі ұрпақ қалып­тастыруымыз керек. Елбасы «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: та­быс пен тұрмыс сапасын арттыру» ат­ты Жолдауында да білім мәселесінде бір­неше мәселеге жеке-жеке тоқталды. Әсіресе Елбасының «Назарбаев зияткер­лік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдіс­темесі мемлекеттік мектептер үшін­ бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қоры­тын­ды кезеңі болады» деген тапсырмасы бағанадан бері айтып отырған интеллектуалдық қабілеті жоғары балаларды даярлаудың озық үлгісі елімізде қолға алынғанын көрсетеді.

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері 

Батыс Қазақстан облысы