Әлем • 06 Ақпан, 2019

Әлемнің ең қуатты армиялары

594 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһанның ең қуатты армияларын салыстыратын Global Firepower Index сайты 2018 жылдың қорытындысы бойынша ірі әскерге ие мемлекетердің тізімін жариялаған болатын. Оның қорытындысы төмендегідей.

Әлемнің ең қуатты армиялары

Топтың басында – АҚШ. Әскери бюджеті 641 млрд доллар. 1 млн 281 мың сарбазы бар. Бірақ қажет болса, 120 млн халықты әскерге жұмылдыра алады. 5800-ден асатын танкке, 38 мың брондалған машинаға, 13 мыңнан аса түрлі мақсаттағы ұшақ пен тікұшаққа ие екен. Әскери флоты да әлсіз емес, барлық әскери кемелерінің саны 415, оның ішінде тек эсминецтері 65. 

Аталған сайт одан кейінгі орынға Ресей армиясын жайғастырыпты. Әскери бюджет 47 млрд доллар. Әзірге әскер сапында 1 млн жауынгері бар. Қажет кезде 47 млн тұрғынды мобилизация жасауға қауқары жетеді, себебі жалпы халқының саны 142 млн. Техникасы да әлсіз емес. Құзырында 20 мың танк дайын тұр екен. Бұл АҚШ пен Қытайдағы танк санын қоса алғаннан көп. Брондалған әскери көлігі де аз емес, 27 мыңнан асып жығылады. Шамасы Кеңес заманынан қалған БМП-2, БМП-3 болар. Ұшақтар мен тікұшақтары АҚШ-тан 4 есе кем екен, 3900-ға жуық. Ресей флоты өзгелермен салыстырғанда орташалау, барлығы 352 әскери кемесі бар. Мәселен, жалғыз ғана ескі авиатасымалдағышқа ие («Адмирал Кузнецов»), салыстырсақ, АҚШ-та олардың саны 20. Ал суасты қайықтары өзге әскери державалармен шамалас, 62 дана. 

Армиясының қуаттылығы бойынша үшінші орында Қытай. Әскери бюджеті 151 млрд доллар. Алайда армиядағы сарбаз жөнінен әлемнің алдында, 2 млн 183 мың. Сын сәтте 750 млн кісіні қатарына шақыруға шамасы жететін көрінеді. Әскери техникасының санын соңғы жылдары арттырып келеді. Бүгіннің өзінде 7 700 танк, 3 мыңдай ұшақ пен тікұшақ, 714 әс­кери кемесі бар. Фрегаттың саны бойын­ша әлемде бірінші, 50 дана. Су асты қа­йық санынан тек Солтүстік Корея­ға жол береді, Қытай иелігінде 73-і тұр. 

Global Firepower Index сайты а­р­миялардың қуаты бойынша тізімдегі келесі орындарға Үндістан, Франция, Ұлы­британия, Оңтүстік Корея, Жапо­ния, Түркия және Германияны жайғас­тырыпты. Қазақстан 50-нші орында. Әскери бюджеті 2 млрд 435 млн доллар. Сайтқа сенсек, республикамыздағы сарбаз саны 74 мыңға жетеді, резервте 32 мың кісі бар, жыл сайын әскерге шақырылатын жасқа 245 мың азамат толады, бірақ қажет кезде 8 млн 500 мың кісі мобилизациялануы мүмкін екен. Әскери техника да бір елге жеткілікті. Жалпы ұшақ пен тікұшақ саны 214, 300 танк, 1613 әскери бронды машина және 400-дей зымыран сақадай сай тұр.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Egemen Qazaqstan»