Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

Механикалық жүрек отасы әлемде алғаш рет Қазақстанда жасалды

1004 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемде тұңғыш рет сымсыз механикалық жүрек (FIVAD) орнату операциясын еліміздің кардиохирургтері Чехия, Израиль, Италия және АҚШ-тағы серіктестерімен бірлесіп сәтті орындады. Бұл жаңашылдық туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Механикалық жүрек отасы әлемде алғаш рет Қазақстанда жасалды

Жүректің сол жақ қарыншасының көмекші құрылғысы 24 жастағы алматылық Исмаил Тұрсыновтың жүрегіне 2018 жылдың 15 желтоқсанында орнатылған. FIVAD-тың  ерекшелігі, сыртқа ешқандай сымдардың шығып тұрмайтындығында. Бұл пациент ағзасында асқынуларды болдырмайды, науқас емін-еркін сау адамдардай қимылдай алады. Аппараттың батареясы кеуденің ішінде орнатылған. Оны арнайы белбеу арқылы магниттік толқынмен зарядтайды. Ал арнайы қолсағат жүректің соғуын, қанның қысымын және тағы басқа мәліметтерді көрсетіп тұрады. «Бұрын денеден сым шығатын жерде бактериялар жиналатын, оны үнемі емдеп отыру қажет еді. Ал жаңа құрылғыда ондай сымдар жоқ. Үлкен сөмкені бірге алып жүрудің қажеті де шамалы», деді Лондоннан келген доктор Мэндип Меxра.

Суретте Исмаил Тұрсынов

Халықаралық статистикалық мәліметтерге сәйкес, әлемде 26 миллион адам созылмалы жүрек жеткіліксіздігі сырқатынан зардап шегеді екен. Бұл санатқа жыл сайын 900 мыңға жуық жаңа науқас қосылып отыратын көрінеді. Ал олардың 800 мыңға жуығы жүрек трансплантациясын қажет етеді. Бірақ бес жылда донорын күтпестен қайтыс болатындардың саны 7% -дан 50%-ға дейін жетеді екен. «Механикалық жүректі қолдауды дамыту белсенді түрде дамып келеді. Инновациялық құрылғыны орнату операциясы әлемдік кардиохирургия тәжірибесінде тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Бұл Қазақстанның әлеуеті жеткілікті, ғылым мен техникасы дамыған ел екенін көрсетеді. Мен Исмаил Тұрсыновты тұңғыш ғарышкерге теңеймін. Ол ауруханаға түскенде өз бөлмесінен шыға алмайтын, қатты демікпесі бар еді. Үнемі дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір жағдайы жақсы, далада серуендейді, спорт залда жаттығады, тіпті, бассейнге де түсе алады», деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Юрий Пя.

Бас кардиохирургтің айтуынша, жылына 150-ге жуық науқас осындай операцияны қажет етеді. Инновациялық құрылғы Израильде жасалған. Алдағы уақытта FIVAD-қа еуропалық сертификат алып, Еуропада және Америкада эксперимент жүргізілмек. Содан кейін оны тегін медициналық көмектің санатына қосып, қазақстандықтарға тегін орнатуға мүмкіндік туатын болады.

Баспасөз мәслихатына Исмаил Тұрсыновтың өзі де қатысты. Бүгінде емін-еркін қозғалатын емделушінің төсекке таңылған қиын күндері артта қалды. Журналистерге берген сұхбатында ол өзін жақсы сезінетінін, салмағының 94 келіден 67 келіге түскенін айтты. Соған қарамастан Исмаил дәрігерлердің бақылауында болады.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты мақсаты – Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсарту және бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру. Осы мақсатқа жетудің бір жолы – денсаулық сақтау саласына инвестиция салу. 2009 жылы құрылған Ұлттық кардиохирургия орталығы бүгінде әлемдегі ең мықты кардиохирургиялық орталықтардың біріне айналды. Алдағы уақытта да бұл орталық ғылыми-саяси серіктестерімен бірлесіп қазақстандықтардың игілігі үшін сапалы қызмет етеді деп сенемін», деді брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

Фото: ortcom.kz

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше