Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Батыс Қазақстанда жолаушы тасымалы субсидияланды

670 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2019 жылы Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын субсидиялау үшін облыс бюджетінен 70 млн теңге бөлінді. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаев мәлімдеді.

Батыс Қазақстанда жолаушы тасымалы субсидияланды

Батыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясының Самара, Орынбор, Тольятти, Саратов, Бузулук қалалары бағытына жүретін 5 халықаралық, Атырау мен Ақтөбеге қатынайтын 2 облысаралық автобус маршруты бар. Оған қоса 28 қалалық, 5 қала маңы, 32 облысішілік, 37 ауданішілік тұрақты автобус маршруттары жұмыс жасайды. Аталған автобус маршруттарына 30 тасымалдаушы-кәсіпорын қызмет көрсетеді екен.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар жолаушы қатынастарын мемлекеттік қолдау тұрақты жүзеге асады. Мысалы, 2018 жылы облысішілік автобус маршруттары бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау үшін облыс бюджетінен 60,0 млн. теңге төленді. 2019 жылы да осындай автобус маршруттарын субсидиялау үшін 70,0 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда 7 маршрут субсидияланбақ, олар: «Тайпақ-Орал», «Жаңақала-Орал», «Жәнібек-Орал», «Қаратөбе-Орал», «Орал-Сайқын», «Қазталов-Орал», «Жалпақтал-Орал» бағыттары.

Батыс Қазақстан облысы арқылы «Алматы-Саратов» халықаралық жолаушылар пойызы, облысаралық қатынастағы «Орал-Астана», «Орал-Алматы», «Орал-Ақтөбе» пойыздары, ауданаралық «Орал-Озинки» және «Орал-Шыңғырлау» пойыздары өтеді. 2018 жылы екі темір жол маршруты бойынша тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау үшін облыс бюджетінен 166,4 млн. теңге төленген болатын. Биыл оның мөлшері 174,6 млн. теңге болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан