Парламент • 07 Ақпан, 2019

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылады

1009 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылатын болады. Бұл туралы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер туралы» дөңгелек үстелде Парламент Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаев мәлімдеді.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылады

«Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40 %-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын бастарынан өткізеді екен. Алайда, қазіргі уақытта жастардың арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 13%-ды  құрайды, ал кейбір елдерде 40%-ға  жетеді. БҰҰ  деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді», деді Парламент Сенатының Төрағасы.

Оның айтуынша, жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктерін шағын және орта бизнес саласынан табуға болады.

«Біздің жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет. Қазақстанмен салыстырғанда экономикалық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемлекеттердің жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, өз шағын бизнестерін жүргізуге бейімделгені байқалып отыр. Бұл елдерде жастар жаңа мамандықтарды игерген, өз туыстары мен өз мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеуде. Өкінішке орай, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 %-ының бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ ол «Жас маман» бағдарламасы жаңғыртылған 200 оқу орнының негізінде индустриялық және сервистік бағыттағы 100 аса қажетті мамандық бойынша мамандарды даярлау көзделгенін атап өтті.

«Жастардың кәсіпкерлігін ынталандыру «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттардың көлемін екі есе ұлғайтуды көздейді. Жастардың стартаптарын қолдау қоры құрылып, жастарды бизнестің негіздеріне оқыту жолға қойылады, әр өңірде саны 100 мыңға дейінгі білімді жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы дайындалатын болады», деді ол.