Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Арқаның аязы аяуды білмейді

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы тәуліктерде Ақмола облысының басым бөлігінде ауа температурасы  37-42 градусқа дейін барып қалды. Алдағы күндері 45 градусқа дейін аяз болуы ықтимал дейді өңірлік «Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары. Ақ түтек боран соғып, үскірік аяздың салдарынан облыс бойынша барлық мектептерде сабақтар тоқтатылды. 

Арқаның аязы аяуды білмейді

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшылығы ауа райының күрт салқындап, аязды күндердің басталуына орай Ақмола өңірінде барлық бағыттағы тас жолдар жабық екенін хабарлады. Облыс бойынша 239 жылынатын орын мен 167 тамақтанатын арнайы бекеттер күндіз-түні жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ,  жылжымалы үш медициналық көлік жұмылдырылған.  Яғни, бүгінгі күні сақылдаған сары аяз қаһарына мінген. Осындай аязды күн алдағы 3 тәулік бойы сақталады деп күтілуде.

–5 ақпанда Жайық аймағынан жылжып келе жатқан онтүстік циклонмен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Ақмола облысында қар жауып, қатты жел соғылады деп күтіледі. 6 ақпаннан бастап Карск теңізінен үдере көшкен арктикалық ауа массалары Қазақстанның солтүстік өңірлеріне таратылып, біздің өңірде 37-42, кей жерледе 45 градусқа дейін қатты аяз болуы әбден мүмкін,–дейді облыстық «Қазгидромет» кәсіпорнының бөлім жетекшісі Даниэль Жұмажанов.

Сонымен қатар, өңірдегі өрт қауіпсіздігінің жағдайын жіті қадағалау және  алдын-алу мақсатында жұмыс жүргізілуде. Өрттің тілсіз жау екені рас. Жылдың алғашқы айында-ақ 110 үй отқа оранған.

–Негізгі себеп жер үйде тұратын тұрғындардың техникалық қауіпсіздік шараларын  сақтамайтындығында. Әрбір екінші үй талаптарды орындамайды десек қателеспейміз. Дер кезінде ақауларды реттеп отырса, өрт болмас еді,–дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Денис Шелкоплясов.

Облыс бойынша өткен жылғы жылу беру маусымында 238 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 11 адам өмірімен қош айтысып, 5 жанды ауыр күйік шалған. Өрттен келген  материалдық шығын 27 миллион 570 мың теңгені құраған. Осындай жан түршігерлік жәйттердің алдын-алуға қатысты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қала тұрғындары арасында 576 арнайы рейд жүргізген. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса түспек. «Сақтансаң, сақтаймын» деген халық даналығын ұмытпаған жөн.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы