Әлем • 08 Ақпан, 2019

АҚШ және КХДР саммиті Вьетнамда өтеді

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ пен КХДР арасындағы екінші саммит ақпан айының  27-28 күндері өтетін болды. Ол туралы корей және вьетнам баспасөздері ресми хабар таратты. Бұл жолы саммит өтетін орын ретінде таңдау Вьетнам еліне түсті. Сингапурдағы самиттен кейін, аталмыш саммит 260 күннен кейін қайта ресми түрде ұйымдастырылғалы отыр.

АҚШ және КХДР саммиті Вьетнамда өтеді

Вьетнам елінің Танан қала­сында бір жылдары Азия-Ты­нық мұхиты экономикалық ынты­мақтастығы (APEC) форумы сәтті өткен болатын. Содан бері бұл қала экономикалық форумдар мен халықаралық түрлі шаралардың өтуіне ыңғайлы, шағын қаланың бірі болып әлем жұртына таныла бастады. Солтүстік Кореяның басшысы осы қаланы таңдады. Себебі аталмыш қала қауіпсіздік жағынан тиімді әрі оның келіп кетуіне ыңғайлы. Бір қарағанда Сингапур саммиті өткен жермен біршама ұқсастықтары бар. 

АҚШ мемлекетінің басшысы Дональд Трамп алдыңгүні Конгресте Американың әлемдегі үстемдігі және түрлі экономикалық мә­се­леге байланысты сөз сөйледі. Осы жерде ол Солтүстік Кореямен келісіп, жоспарлаған саммит ту­ра­лы да арнайы атап өтті. До­нальд Трамптың Солтүстік Корея жайлы Конгресте айтуы саяси ұпай жинаудың амалы деген сарапшылардың пікірі де айтылуда. Бірақ әзірге екі елдің арасында өтетін екінші саммит туралы сарапшылар өз пікірлерін айтуға асықпайды. Алдағы уақытта осы жайында АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Ресей және тағы басқа елдердің мамандары өз ойларын ортаға салады. 

АҚШ пен Солтүстік Ко­рея арасындағы саммиттің өте­тін орнына келетін болсақ, Вьет­намға таңдау жайдан-жай түс­кен жоқ. Екі ел Вьетнамды не­лік­тен таңдады? Бұл елмен АҚШ-тың тарихи байланысы болса да, Солтүстік Кореяның қандай қатысы бар деген сұрақ тууы мүмкін. АҚШ пен Оңтүстік Корея Вьетнам соғысына қатысты. Осы соғыста АҚШ жеңіліс тапқаны бәріне белгілі. Осы соғысқа АҚШ-ты қолдаушы ретінде Оңтүстік Корея да қатысқаны бар. Вьетнам соғысына Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Корея әскеріне қар­сы әртүрлі партизандық со­ғыстарға өзінің жасақтарын жі­беріп, соғысқа әскери және саяси мүддесі үшін қатысқан. Сонымен қатар Вьетнам елі социализмнің шеңберінен шық­қан ел. Қазір өзінше даму жолы­на түсіп келеді. Тіршілігі түзеле бастаған Вьетнамды Ким Чен Ын көрсін деген АҚШ-тың да ниеті байқалады. Сондықтан бүгін бұл елдің таңдауға түсуі бекер емес. 

Вьетнам саммитінде қандай мәселе талқыланып, қандай құ­жаттар қабылданатыны бәріне қы­зықты. Екі елдің арасындағы яд­ролық қарусыздану мәселесіне қатысты келіссөздер ілгері баса ма, Солтүстік Корея тағы қандай дипломатиялық қадам жасайды деген сұрақтар көпшілікті мазалайды. Міне, осылай Вьетнам саммиті деген жаңа жиын дүниеге келмекші. Бұл саммиттің нәтижесі қалай болатынын уақыт көрсетеді. 

Дастан Ақаш,

арнайы  «Egemen Qazaqstan» үшін

Оңтүстік Корея, Сеул қаласы