Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

Сенат төрағасы: Еуразиялық интеграция экономикалық ұтымдылыққа негізделуге тиіс

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтағы сауда саясатын іске асыру мәселелері туралы Үкімет сағаты болып өтті.

Сенат төрағасы: Еуразиялық интеграция экономикалық ұтымдылыққа негізделуге тиіс

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық Одақтың ел экономикасындағы маңызына тоқталып өтті. «Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және капиталдың ортақ нарығын қалыптастыру үшін қуатты институционалдық негіз жасалды, Одаққа мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін тиімді форматтар қалыптасты», деді ол.

Сенат Төрағасы келтірген деректерге сүйенсек, ішкі жалпы өнімінің көлемі 2 триллионға жуық АҚШ долларын құрайтын, халқының саны 180  миллионнан асатын Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық жасауға әлемнің көптеген мемлекеттері қызығушылық танытуда.  2018 жылғы қаңтар айынан қазан айына дейінгі аралықта Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,2  пайызға артып, 15,5 млрд АҚШ долларын құраған.

«2025 жылға қарай Одақ шеңберінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады. Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағар майдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуге тиіспіз. Одақ шеңберінде қазақстандық тауарлардың транзиті мен тасымалдануын жеңілдету үшін, сондай-ақ Одақ елдеріндегі серіктестермен байланыстарды дамыту үшін Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібінің аясында цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру өте маңызды», деді Қасым -Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол Еуразиялық интеграция, ең алдымен, экономикалық ұтымдылыққа негізделуге тиіс екенін баса айтты. «Біз алдымызда тұрған қиындықтарды интеграцияның қарқынын бәсеңдетіп алмай еңсеруіміз керек. Еуразиялық экономикалық одақ резервтерінің әлеуеті одан әрі дамуды қамтамасыз етуге, экономикалық интеграцияны тереңдете түсуге қабілетті», деді ол.