Экономика • 08 Ақпан, 2019

«Жаһандық бәсекелестік жағдайында металлургия кешенін стратегиялық басқару» мәселесі талқыланды

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

БҒМ Ғылым комитетінің Экономика институтында «Жаһандық бәсекелестік жағдайында металлургия кешенін стратегиялық басқару» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

«Жаһандық бәсекелестік жағдайында металлургия кешенін стратегиялық басқару» мәселесі талқыланды

Ғалымдар басқосуында институт директоры Әзімхан Сатыбалдиев мемлекет дамуына бағытталған стратегиялардың маңыздылығы турасында атап өтіп, Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған ежелгі металлургия тарихына тоқталып, еліміздегі тау-кен өндірісіне қатысты мәліметтерге шолу жасап өтті.

Дөңгелек үстел барысында «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және оған металлургияның қосқан үлесі тақырыбында баяндама жасаған экономика ғылымдарының докторы, доцент Рәзия Жәлелева, «Қазақстанның металлургиясы және оның проблемалары» тұрғысында тұшымды ойларымен бөліскен ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанбек Қожахметов, «Тау-кен металлургия саласын цифрландыруды ғылыми-техникалық қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеу туралы техника ғылымдарының докторы, профессор Алексей Цеховой баяндама жасап, отандық мелаллургияның дамуы, тарихы, заманауи кезеңдегі бәсекеге қабілеттілігі тұрғысында ғылыми дәйектемелерді ортаға салды. Өндіріс орындарының келешегіне алаңдаушылық білдірген отандық ғалымдар осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, алдағы жұмыс барысына қатысты жоспарларымен бөлісті. «Қазақстанның металлургия кешенінің даму императивтері» тақырыбында бяндама жасаған PhD София Жәлелева сияқты бірқатар ғалымның металллургия, кен орындарына қатысты пікірлерін тыңдаған аға ғалымдар, олардың келешегіне сәт-сапар тіледі.

Ғалымдар Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жетудегі басым міндеттерін іске асыруға байланысты жаңа технологияларды енгізу, ресурстық әлеуетті дамыту, металлургия кешеніндегі «ақылды технологиялар», саланың кадрлық әлеуеті – жаңғырудың негізі, т.б. тақырыптар бойынша пікірлермен алмасты.

Дөңгелек үстел жұмысына белгілі ғалымдар, мемлекеттік басқару органдарының өкілдері, сарапшылар, ЖОО өкілдері мен БҒМ ҒК Экономика институтының жас ғалымдары қатысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ