Теннис • 10 Ақпан, 2019

Жерлестеріміз Федерация кубогының плей-оффына жолдама алды

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Федерация кубогының Азия мен Мұхит жағалауы елдері арасындағы Астанада өткен іріктеу турнирі Қазақстан теннисшілерінің жеңісімен аяқталды.

Жерлестеріміз Федерация кубогының плей-оффына жолдама алды

Өз тобында Таиланд пен Үндістанды ұтқан жерлестеріміз шешуші сында келесі топтың жеңімпазы – Қытай құрамасымен күш сынасты. Алғашқы ойында еліміздің екінші ракеткасы Зарина Диас Сайсай Чжэннен 6:3, 6:2 есебімен айласын асырды. Келесі кездесуде Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Шуай Чжаннан ұтылып қалды ­– 3:6, 6:3, 4:6.

Бүгін жұптық сайыстар өтті. Қазақстанның туы астында Галина Воскобоева мен Анна Данилина өнер көрсетті. Қытайдың намысын Сайсай Чжэн  мен Ян Чжаосюань қорғады. 1 сағат 7 минутқа созылған бәсекеде 7:5, 6:0 есебімен отандастарымыз жеңіске жетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы Федерация кубогының плей-офф жарысына жолдама алды.

–  Аса жауапты жарысқа біздің қыздар нағыз бабында келді. Әрбір кездесу сайын олардың жеңіске деген құштарлықтары арта түсті. Және де әр бәсеке барысында жерлестерміміз барын салып ойнады. Сол үшін де мен де, жанкүйерлерде оларға дән риза. Иә, Қытайдың оңай қарсылас емес екені айдан анық. Олар да Федерация кубогының іріктеу сынына кіл мықты теннисшілерін әкелді. Десек те өз жерімізде өтіп жатқан жарыста біздің қыздар намысты қолдан бермей, көздеген мақсаттарына қол жеткізді, – дейді Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев.   ­

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»