Өнер • 11 Ақпан, 2019

Сән әлемінің өкілдері Fashion Business Convention дәрістерінде тоғысты

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда ұйымдастырылған Fashion Business Convention алғаш рет өткізіліп отырғанына қарамастан сән-индустриясының 300-ге тарта өкілін жинады. Отандық дизайнерлерге өзін де көрсетіп, өзгелердің қандай деңгейде екенін байқауға мүмкіндік беретін бұл оқиға – сүйікті кәсіпті үлкен бизнес көзіне айналдыруға баулиды.

Сән әлемінің өкілдері Fashion Business Convention дәрістерінде тоғысты

Британдық Кеңестің Creative Spark жобасының аясында өткен шараға Kazakhstan Fashion Week, AlmaU және Нортгемптон университеті (Ұлы­бри­тания) ұйытқы болды. 

Расында Fashion Business Convention – сән индустриясына арнал­ған Creative Spark шараларының басы. Ендігі жерде ай сайын отандық дизайнерлер ең сәнді бизнесті дамытуға бағыт­талған шеберлік дәрістері мен тренингтерге қатыса алады. Ал бірінші рет осы оқиғаның ортасынан табылған ісмерлер тосын жаңалыққа тап болды. Мұнан былай олар шеберлік дәрістеріне тегін қатысады. 

Алғашқы FBC кезінде Қазақстан ұлт­тық сән апталығының құрыл­тай­шысы әрі PR директоры Ботагөз Алдоң­ғарова, танымал бірнеше бренд­тің иесі, дизайнер Ольга Стани­шевская, «Kazakh Invest» АҚ өкілдігі директорының орынбасары Алтынай Мұқанова сөз алып, сән әлемінде болып жатқан үрдістермен бөлісті. 

Алтынай Мұқанованың айтуынша, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 984 кәсіпорын бар. Бұлар көбінесе оңтүстік өңірлерде орналасқан тігін өнеркәсібі, тері бұйымдарымен айналысатын шағын кәсіпорындар. 

– Бұл кәсіпорындарда 12 мыңдай адам, негізінен әйелдер нәпақа тауы­п отыр. Дегенмен, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1% ғана. Салыстыру үшін бұл көрсеткіш көрші Қытайда 40%, Үндістанда 60% екендігін айта кетуге болады. Бізде бұл салада әлі де үл­­кен бәсеке болмағандықтан, өз үле­сіңді алуға болады, – дейді Алтынай Мұқанова.

FBC ұйымдастырушыларының бірі, Almaty Management University биз­нес-инкубаторының жетекшісі Да­нияр Медетов: «Біз британдық әріп­те­стерімізбен еліміздің fashion-индус­триясын зерттей келе, осы салада біраз олқылық бар екендігін байқадық. Дизай­нерлеріміз өз брендінің сапасы мен на­рықтағы орнын терең түйсіне бермейді. Бір жағынан бізде олардың осы бизнесті алып жүруге баулитын бағдарламалар жоқ десек те болады. Қазірге Kazakhstan Fashion Week ұйымынан басқа сапалы бағдарламалар жасауға ұмтылып отырған мекемелерді кездестірген жоқпын», дейді.

Сонымен өз бастауын алған отан­дық Fashion Business Convention жобасы жал­ғасын табады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ