Бокс • 11 Ақпан, 2019

AIBA-ны айыптаған кім?

682 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

AIBA-ны айыптап Халықаралық Олимпиада комитетіне домалақ арыз жазғандар қазақстандықтар болуы мүмкін. Мұндай мәлімдемені Халықаралық бокс ассоциацияның (AIBA) өкілдері жасады.

AIBA-ны айыптаған кім?

Таяуда Ыстамбұлда Халықаралық бокс ассоциацияның (AIBA) жиыны өтіп, ұйымға қатысты бірқатар мәселелер талқыланған-ды. Іс-шарада ұйымға кіретін Ұлттық бокс федерацияларының арасында ірікті салып, AIBA-ның абыройына нұқсан келтірген хатты тексеру мәселесі қаралған.

Халықаралық бокс ассоциацияның мәліметіне сүйенсек, ХОК-ке хат жазған Қазақстан азаматтары екен. Жиында осы мәселені түбегейлі зерттеп, шара қабылдау қажеттігі айтылған.

Ұйымның ресми сайттарында Халықаралық Олимпиада комитетіне (IOC) жазылған хаттың үлгісін жариялады. Онда белсенді топ AIBA-ны айыптап, 2020 жылғы Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін ұйымдастыруға әзір екенін мәлімдеген. Хатқа ешкім қол қоймаған. Алайда AIBA домалақ арызды жазған қазақстандықтар деп отыр.

Washington Post газетінің хабарлауынша, былтыр өзбекстандық Гафур Рахимов AIBA президенті ретінде сайланғалы бері IOC пен AIBA арасындағы қарым-қатынас ушығып кеткен. Естеріңізде болса, аталған лауазымға жерлесіміз Серік Қонақбаев та таласқан болатын.

Washington Post басылымының мәліметіне сүйенсек, АҚШ-тың Қаржы министрлігі Г.Рахимовты есірткі тасумен, қылмыс ұйымдастырумен айналысты деп айыптады. Алайда өзбекстандық бизнесмен оның бәрін жоққа шығарып отыр.

Қазіргі таңда AIBA 2020 жылғы Олимпиада ойындар ұйымдастыруға атсалысуға тыйым салынған. Маусымда IOC-тың кезекті жиынында AIBA-ның болашағына қатысы шешім қабылданады.

The Associated Press агенттігіне хабарлауынша, Қазақстандағы бокстың айналасында жүрген бір азамат хаттың шынайы екенін айтқан. Алайда ол өзінің есімін жарияламауды сұраған екен.

Осы мәселеге қатысты «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан бокс федерациясына хабарласқан болатын. Федерация өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін айтып, алдағы уақытта арнайы мәлімдеме жасайтынын жеткізді.