Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Құдықтың лас суын қашанғы іше береді?

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттің миллионды қала атанып, орталық аудан­дарының келбеті заман талабына сай өзгеріп жатқаны қуантады. Алайда, шаһардың шекарасы осы мұнтаздай аумақ­пен шекте­ліп қалмайтыны анық. 2015 жылы Бас жоспары бекітілген Шымкентке ен­ші­лес жатқан аудандардан 41 ел­ді мекен қосылған болатын. Қала­ның барлық аумағы бұрын 40 мың гектарды құраса, жаңа өз­геріске сәйкес жердің көлемі 117 мың гектарға жетті.

Құдықтың лас суын қашанғы іше береді?

Шаһарға қосылған ауыл тұрғын­дарының басындағы әлеуметтік түйт­кілдің түйіні әлі күнге дейін тар­қаты­лар емес. Әкімдікке қарасты бас­қар­малардың есігін тоздырған аға­йын­ның айтатыны – газ, су, жарық, жол, қоғамдық көлік мәселесі. Еститін­дері нақты атқарылған жұмыстан гөрі цифрға құрылған есептер ғана. Халық алдындағы есеп біткенше үйді аралап, «шешеміз» деп үйіп-төгіп уәде беретін шенділерге тұрғындар сенуден қалған. 

Міне, сондай ауылдың бірі Абай ауданына қарасты Қызылжар тұрғын алабы. Онда әлі күнге ауыз су жү­йесі тар­тылмаған. Құдық суына күндері қарап отырған жұрт қарашаның соңынан наурыз­дың ортасына дейін жерасты суының қатуы мен тартылуы салдарынан оның өзін таппай отыр. Жуырда ғана Абай ауданы әкімінің есепті кездесуінде қызылжарлық тұрғын Мұрат­бек Сатыбалдыұлы ауылдағы құдық суларының ластанып жатқандығын айтып, дабыл қақты. 

«Анығында, Қызылжар тұр­ғын алабында 4 балабақша, 1 мектеп бар. Одан шығатын әжетхана мен шайынды суы арнайы тазалау жабдықтары жоқ үлкен шұңқырға құйылып жатыр. Ойпаңнан басқа бағытқа ағып кете алмаған су жер астына сіңіп кетуде. Демек, жер­асты сулары ластануда. 500-ге тарта шаңырақ сол шұңқырдан 50-100 метр қашықтықтағы құдықтан су ішіп отыр», дейді ауыл тұрғыны. 

Ал аудан басшысы мәсе­ленің мән-жайын анық­тап, рет­ке келтіруге уәде берді. Алай­да, әкімнің жауабына қана­­ға­т­­­танбаған ауыл тұр­ғын­­дары жылдам­датып ауыз су жүйесін тартып, су тазалау жаб­дық­тарын орнатып беруін сұрады. 

Сонымен Қызылжарға қашан таза ауыз су құбыры тар­ты­лады деген сұ­рақ­қа аудан әкімі­нің жауабы төмен­дегідей. 

«Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл, Жаңаталап, Игілік, Көкбұлақ тұрғын алаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырын тарту бойынша 448 млн 852 мың теңгеге жобалық құжат­тары дайындалып, сараптама қо­ры­тындысы алынды. Құрылыс жұ­­мыс­тарын бастауға бюджеттен қар­жы бөлу үшін қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бас­қар­масына ұсыныс жолданды. Атал­ған 5 тұрғын алабының ішкі ауыз су жүйелерін тартуға «Улмад» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптама қоры­тындысы алынды. Құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуге бюджет­тен қар­жы қарастыруға ұсы­ныс дайындалуда», дейді аудан әкімі.

Демек, қызылжарлық­тар осы қыста да амалдың жоқ­тығынан қар ерітіп, Бадам өзенінің суын тұндырып ішу­ге мәж­бүр. Сайрам ауданы­нан қосылған ел­ді мекен тұр­ғындары тіпті кір-қоңын жуу үшін лай аралас суды пайдаланып отыр. Ал Бадам өзені жағалауындағы зауыт­тардың сарқынды сулары өзенге құ­йы­­ла­тынын ескерсек, ойыңды үрей билей­ді. 

Ауыл ақсақалдары Қызыл­жар қала­ның санатында бол­ғанымен, әкім­дік көп мойын бұра бермейді дейді. «Әйтпесе іргедегі Игілік ауылы мен Құс фаб­рикасында таза ауыз су бар. Ал мұнда жоқ. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық бас­­қар­масының жаттанды жауабы су ж­ү­йес­ін тартуға жобалық-сметалық құ­жа­ттар әзірленіп жатыр дегеннен ас­пайды», деп кейістік танытты. 

Қалаға қосылған елді ме­кен­дерде тіршілік нәрінен тап­шы­лық көрген тек қызыл­жар­лықтар ғана емес. Ынты­мақ-2, Солтүстік-саяжай хал­қы да ауыз судың азабын тартып отыр. Тіпті бұл ауылдарда инф­­­ра­­құрылым мәселесі де кү­­йіп тұрған тақырыптардың бірі... 

Келер жылы Шымқала ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін алады. Қала мә­де­ниеті қалыптасуы үшін алды­мен тұр­ғын­дар­дың әлеу­мет­­тік проблема­сы шешілуі қа­жет. Әйтпесе жарығы мен газы жиі сөніп, қоғам­дық көлі­гі бір тоқтап, бір қаты­найтын елді ме­кен­дерде әлеуметтік тең­сіз­дік салтанат құрып, түрлі қыл­мыс­тың өрши түс­пе­сіне кім кепіл?.. 

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

ШЫМКЕНТ