Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Жасанды түсік жан ауыртады

3282 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Құрсағыңда жатқан балаңды алдырып тастау арқылы немерелеріңнің ғұмырына балта шапқан, ұрпағыңа геноцид жасаған пақырға айналасың», дейді орыстың пролайфер-жазушысы Владимир Кушнерик. Жасанды түсік жасатудың әйел денсаулығына тигізер залалынан өзге әлеуметтік, моральдық, психологиялық, халықтық таным мен діни көзқарас тұрғысынан көтеретін ауыртпалығы да зілмауыр. Қоғам бұл дерттен қайтіп жазылады?

Жасанды түсік жан ауыртады

Денсаулық сақтау минис­тр­лі­гі жүктілікті жасанды түр­де үзуде медициналық көр­сет­кіштерден өзге бірнеше әлеу­мет­тік себептің есепке алынатынын анықтады. Мәселен, жүк­тілік кезінде зайыбы қай­тыс болса, зорлаудан кейінгі жүк­тілік болса, ата-аналық құқық­тарынан айрылса, әйел бос­қын мәртебесінде көшіп келуге мәжбүр болса, отбасында мүгедек баласы болса, әйел заңды түрде некеде тұрмаса, кәмелет жасына жетпеген басқа баласы болса жүктілікті жасанды жолмен тоқтатуға рұқсат берілетіні көрсетілген. Алайда пролайферлер айтқандай, әр жасанды түсіктің артында тұтас ұрпаққа жасалатын қиянат, адам өміріне балта шабу жатқанын аңдау қиын емес. Бұл – жүрекке де, ұрпаққа да салмағы зілдей, зардабы тиер ауыр қадам.

Еліміздегі статистикалық мә­лі­метке жүгінсек, 2013-2017 жыл­дар аралығында жасанды түсік жасату көрсеткіштерінің айтар­лықтай өзгеріске түс­пе­генін байқауға болады. Яғни 2016 жылы 78,8 мың, 2017 жылы 80,3 мың жасанды түсік тіркелді. Ал былтырғы статис­ти­ка­лық дерек көпшілік назарына әлі ұсынылған жоқ. Облыстар арасында Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан өңірлері ұятты тізімнің алдына шықса, Алматы мен Астана қалалары ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр (8,4-8,2 мың). 15 пен 18 жас аралығындағы жас­тарда түсік жасату осы жылдар ішінде 100 мың адамға шаққанда 0,3 мыңнан келсе, 19-34 жастағы әйелдердің түсік жасатуы соңғы жылдары сәл төмендеген (2013 жылы – 12,7 мың, 2017 жылы – 8,6 мың).

Ана мен бала ұлттық ғылы­ми орталығының жоғары санатты дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі Жұпар Наханова әйелде жүктілікпен бірге ағза­да гормоналды өзгерістер баст­а­латындықтан, жүктілікті жос­пар­­лаудың ерекше маңызға ие екенін жеткізді.

«Жасанды түсік жасалғанда жүкті әйелдің гормоналды жүйесі табан асты жүріп келе жат­қан жолынан жаңылып қала­ды. Осы гормоналды гомеостаз – гормоналдық статустың бұзыл­уы әйелдің түрлі ауруға ұшы­рау ықтималдығын ұлғай­та­ды. Жасанды түсік сайын әйел ағзасы соққы алады. Оның соңы жатыр миомасына айналуы мүмкін. Ал оған мән бермей миома ұлғая берсе, қатерлі онкоауруға ұласады. Сондықтан денсаулығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның алдын алғаны жөн. Жүктіліктің өзін жоспарлап, аналық міндетіне жауапкершілікпен қараған әйелдің өзі де, ұрпағы да сау болады. Ағзасын тексеріп, тіпті тісін құрт жеп жатса да алдын ала емделгені жөн. Әйтпесе қаны аз, тісі түсіп, бүйрегі дұрыс жұмыс істемейтін әйелден қала­йша сау бала туады? Қоғам­да қазір туабітті сырқат бала­лар­­дың дүниеге келуі азаяр емес. Оның басты себебі – ана ден­сау­лығының ақауында», дейді Ж.Наханова.

Бұл мәселеде көзінің жасын төге әңгімесімен бөліскен Г. есімді келіншек былай дейді: «Мені әу баста алып қашты. Зорлыққа тайталаса сыртқа ұмтыл­ған­ымда, жаулығын алдыма тастаған әженің ақ ора­ма­лын аттап кете алмадым. Тұңғышымыз дүниеге келді. Күйеуім ішкілікке әуес әрі тұрақты жұмыс істемейді. Қызы­мыз дүниеге келсе де некеге тұрмай, баласына тегін беруге ғана рұқсат берді. Осылайша, некеміз заңдас­тырылмаған күйде бірге тұрып жаттық. Дәрігер жүкті­лік­тен сақтану үшін спираль салып берген. Бірнеше жыл өтіп, уақыты жетіп оны алған кезде тез арада аяғым ауырлағанын сездім. Жеке баспанамыз жоқ, жалдамалы пәтерге төлейтін қара­жатты да кейде ішіп қойып, кейде әкелетін болғандықтан бірнеше жерде жұмыс істеймін. Енді оған жүктілік қосылды. Күйеуіме айтып едім, «саған бала ту деген кім бар» деді. Тіпті ренжісе келе, «бұл менің балам емес, алдырып таста» деді. Жылай-жылай дәрігерге жө­нел­дім. Жағдайымды түсін­діріп, заңды некеде тұр­май­ты­ны­мызды, қызымның мектепке енді барғанын айтып, түсік жасаттым. Жүрегім қан жылады», дейді тәлейіне налыған жас келіншек.

Ал Әлихан есімді бозбаламен пікірлескенімізде, ол әр жасанды түсікте ер адамның жауап­сыздығы жатқанын жет­кіз­ді. Жігіт қызбен әуелде жақын қарым-қатынаста болып, кейін уәдесінен тайқып кете­тін­дік­тен қыздар амалсыз осындай келеңсіз қадамға барады. Қай қыздың жар атанып, бала сүйгісі келмейді? Бірақ сенген жігіті мігіт болып, бойжеткен ана атанудың орнына ұрпағы алдында қылмыс жасайды. Әрине, қыздардың да бұл мәселеде жауапкершілігі орасан. Олар әу бастан некесіз қарым-қатынасқа бармауы тиіс, дейді жас жігіт. 

Қазақ ұлттық қыздар педа­го­ги­калық Университетінің қауым­д­астырылған профессоры, педа­гогика ғылымдарының канди­даты Сараш Қоңырбаева: «Біз осы мәселеде қыздарды кінә­лаумен шектелеміз. Неге «ұя­тын сыртқа тастап» жүре беретін ер-азаматтарымыздың жауапкершілігі төмен. Қай қыз жігітке «Сізбен бірге болсам, қалған азабын өзім көтерер едім» деп бірінші қадам жасайды? Қай қыз өз басына осындай абыройсыздықты қалайды? Айтқанын тыңдататын, сөзінде тұратын, нағыз азаматты іздеу жолында қыздарымыз осындай қателіктерге ұрынады. Яғни алданып қалады. Некесіз жақын­дық­тың біразы баянсыз болып, ақыры азабын қыз бен оның туысқандары тартады. Қазақта «оң жақта отырып абыройсыз атану» немесе «көргенсіздік әрекеттен» құтылудың жолы деп жасанды түсікке барады. Сондықтан жасанды түсік жасатушылармен күрескеннен гөрі, тәрбиеге мән беріп, мәселеге саламатты тәрбие тұрғысынан қарағанымыз жөн», деді.

Өткен күзде қоғамда жас­өс­пірімдер арасындағы жүкті­лік және жасанды түсік, мектеп оқушыларына жыныстық тәр­бие беру жөнінде кәмелетке толмағандардың дәрі­гер­лер­ге ата-анасынсыз өз­де­рі қаралуын реттейтін заң жобасы ұсынылғанда қоғам­ның бұл мәселеге бейжай қара­май­тынын байқадық. Сондай талқы­лаулардың бірінде Астана­дағы №3 перинаталдық орта­лық­тың бас дәрігері Зәйтуна Хамидуллина өзінің 30 жылдан астам дәрігерлік қызметінде ерте жастан жүкті болған қыз­дар­дың 70 пайызының ден­сау­лығында анемия, зат айна­лы­мының бұзылуы және басқа да бір кінәраттың болатынын әрі оның есепке тым кеш тұратынын алға тартты. Физиологиялық тұрғыда толық қалыптаспаған қыздардағы жүктіліктің нәрестеге де, анасына да оңайға соқпайтынын, сондықтан жыныстық тәрбиенің ең алдымен отбасында берілуінің маңызына тоқталды. Жасанды түсіктің жасөспірім түгілі ересек адамның психологиясына соққы болып тиетінін мақала жазу барысында әңгімелескен қыз-келіншектердің сөзінен те­реңі­рек сезіне түсесің. Мә­селен, сондай қадамға бар­ған келіншектің мына бір жан қи­налысы соны айғақтайды емес пе? 

«Жарығым жарықты көрмедің. Білем мен.

...Не етейін жүректі жүдеген?

Өзіңе құлыным, жарық күн сыйламай,

Неге мен тірімін, неліктен өлмегем?!

Жолыңды бөгедім, ғұмырды сыйламай,

Оңаша ойланам, «не істедім, бұл қалай?

«...Өзіңмен мен неге кетпедім сол күні,

Дəрменсіз жанымды дəл бұлай қинамай?» дейді.

Әйелдердің жасанды түсік жа­сатуы­ның себебі әртүрлі. Бірін­де пәтер, баспана мәселесі қиын­­­дық тудырса, екіншісіне, отбасын­дағы кикілжіңдер мен тұрақ­сыздық, үшіншісінде, неке­сіз қатынастарға бару, енді біреуге ертеңге деген се­нім­сіз­дік, жұмыстан шығып қала­мын деген қауіп, не әйелдің де­малысқа кетуіне байланысты отбасылық бюджеттің қыс­қарып қалуы және басқа да себептері жетерлік екен. Ал жасанды түсікке асыл дініміз қалай қарайды? Исламтанушы, ғалым, PhD докторы Ершат Оңғаров: «Шариғатта түсік жасатуға тыйым салынған. Өйткені бұл адам өмірін қиюмен тең. Маида сүресінің 32-аятында Алла тағала «Жазықсыз адам өлтіру барлық адамзатты өлтіргенмен тең» дейді. Ал ана құрсағындағы баланы себепсіз алдырып тастау соның есебіне жатады. Байқасаңыз, мен себепсіз деп айттым. Егер жүктілік ананың өміріне қауіп төндіретін болса, оны дәрігерлердің консилиумы тексеріп, ананың өмірін сақтау үшін баланы алдыру керек деген шешім шығарса рұқсат береді. Яғни медициналық тұрғыда нақ­ты себеп болса ғана жасанды түсікке барады» дейді.

Жасанды түсік жасату адам өмірінде ізсіз кет­пейді. Ұрпаққа жа­салған қасіретті қыл­мысқа парапар бұл қадам кім-кімді де ойландыруы тиіс.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»