Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Алматы облысында балық зауыты ашылды

709 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Алакөл ауданында балық өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылды.

Алматы облысында балық зауыты ашылды

Күніне 800 килограмм балық өңдейтін «Golden fish» зауыты жаңа технологиямен жұмыс істейді. Қазір мұнда көксерке филесі дайындалып, нарыққа жөнелтілуде. Басқа да үш түрлі балық өнімі шығарылып, тұтынушылар сұраныса ие болған. Аз күнде зауыттың жаңа цехы іске қосылып, алабұға мен мөңке балықты өңдеп, сазанның жон еті мен уылдырық дайындауға кіріспек. «Golden fish» ЖШС бүгінде 40 адамды жұмысқа қабылдаған. Көктемге қарай зауыттың өнім дайындау қуатын күніне 2 тоннаға дейін жеткізбекші. Ал қажетті шикізат Алакөлдің өзінен ауланған балықтан бөлек Зайсан, Балқаш көлінен де тасымалдануда.

Жалпы өткен жылы Алакөл ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі табысты болып, шаруалар 35,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Ал аудандағы салық түсімі 103 пооцентке орындалып, 5 млрд 771 млн теңгені құрапты.

- 2018 жыл біз үшін табысты болды. Аудан диқандары  83,3 мың гектар жерді игеріліп, 205 мың тоннадан астам астық жинады. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып, асыл тұқымды мал басы артып келеді. Төрт түлікті көбейтіп, ет пен сүт өндірген шаруаларға 663,5 млн теңге субсидия берілді, - дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы