Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Биыл елордалықтарға 93 емдеу мекемесі тегін медициналық қызмет көрсетеді

509 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  жыл сайын емдеу мекемелерімен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында халыққа қызмет көрсететін медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасайды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл елордалықтарға 93 емдеу мекемесі тегін медициналық қызмет көрсетеді

Осы келісімшарттар негізінде емдеу мекемелері халыққа тегін медициналық қызмет көрсетеді. Ал көрсетілген қызмет ақысын Медициналық сақтандыру қоры төлейді.

«Қазіргі таңда Қордың Астана қаласы бойынша филиалы 2019 жылы медициналық қызмет көрсететін 93 емдеу мекемесімен келісімшарт жасасты. Олардың 35-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік клиникалар», - дейді ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Астана қаласы бойынша бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 90 млрд теңгені құрайды. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті  (ТМККК) шеңберінде бөлінеді. Бұл ретте елордалық жеке меншік медицина ұйымдары да белсенділік танытып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері бойынша  үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады. Яғни, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы – Қор бақылауында.