Қоғам • 13 Ақпан, 2019

Тілсіз жаудың бірі – улы газ

879 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда иіс тиіп улану сынды келеңсіз оқиғалар жиі тіркелуде. Мұндайда «жылыту маусымында бұрыннан осы іспеттес жағымсыз жағдаяттар әдеттегіге қарағанда біршама көбірек кездесетін» деп, бар кінәні қыстың суық күніне артып, салдарлармен ғана күресіп қарап отыруға әсте болмайды. 

Тілсіз жаудың бірі – улы газ

Жалпы, өрт, иіс тиіп улану жағдай­лары көбіне жер үйлерде, соның ішінде талапқа сай емес мекенжайларда жиі болып жатады. Осы орайда кәдімгі пеш­терді үйді жылыту құралы ғана емес, өзекті өртер өкініштің, қауіп-қатер­дің ошағы, бастау көзі екенін естен шығар­мағаны­мыз жөн-ақ.

Биылғы қаңтар айында Қызылорда қаласында үш баланы, ақпан айының басында Астанада бір отбасындағы бес бірдей бүлдіршінді, сондай-ақ Пав­лодар облысы Баянауыл ауданы мен Түркі­стан облысы Келес ауданында екі бірдей шаңырақты жалмаған, халықтың қабырғасын қайыстырған оқиғалар әлгі жер үйлерде болған.

Өрт оқиғаларынан бөлек, улы газ себебінен өмірден озғандардың саны күннен-күнге артып бара жатқаны алаң­датпай қоймайды. Мәселен, Төтенше жағдайлар комитетінің бізге жіберген мәліметтеріне қарағанда, 2016-2017 жылдарғы жылыту маусымы кезеңінде (қазан айынан бастап наурыз айына дейін) республика бойынша улы газ салдарынан – 83 адам (оның ішінде 14 бала), 2017-2018 жылдарғы жылыту маусымында – 77 адам (оның ішінде 16 бала) қаза болған. Ал 2018-2019 жылдарғы жылыту маусымында иіс тиіп – 46 адам (оның ішінде 8 бала) көз жұмған. Осы жерде 2019 жылдың 1 қаңтары мен бүгінге дейінгі аралықта, яғни небәрі бір жарым айға жуық уақыттың ішінде 23 адам (оның ішінде 8 бала) осындай оқиғалардың себебінен бақиға аттанып кете барғанын өкінішпен айтуға мәжбүр болып отырмыз.

Төтенше жағдайлар комитеті төраға­сының бірінші орынбасары, Азаматтық қор­ғау полковнигі Барат Дұзақбаевтың пікі­рін­ше, тұр­ғын­дардың улы газбен улануы­­ның негізгі себептеріне түтін құ­бы­­ры мен шатырдың жанатын конструк­ция­­лары­ның арасында өртке қарсы бөлік­тің болмауы, мұржаның тазартылмауы және тағы басқа да мәселелер жатады. Бұл арада ересектердің балаларды қа­раусыз қалдыруы да орны толмас өкініш­ке душар ететінін басты қаперге алғанымыз жөн.

Құқықтық статистика және арна­йы есепке алу жөніндегі комитеттің Qamqor.gov.kz сайтының  мәліметтеріне сәйкес, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу (Қыл­мыстық кодекстің 292-бабы) бо­йынша 2017 жылы – 130, 2018 жылы – 98, 2019 жылдың 1 айы бойынша 21 қылмыстық іс тіркелген көрінеді.
Жоғарыда көрсетілген деректер, дәлі­регі, иіс тиіп уланудан көз жұмған адам­­дар мен өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы мәліметтер қоғамдық кө­ңіл күйге кері әсерін тигізбей қой­май­ды. Сон­дық­тан осы салаға жаңа­ша көз­қарас қалып­тастырып, тиісті шараларды өз дең­гейінде қолға алу қажеттігі анық байқалады...

Жалпы, отқа жанады екен деп кез келген материалды пешке сала беруге болмайды. Газбен улану фактілері адамдардың көз жұмуына апарып соқ­тыратынын ескерсек, жылыту пеш­терін құру және оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелеріне барынша назар аудару маңызды.
Адам ағзасын улайтын газдың иісі болмайды, сондықтан оны адам сезбей қалады. Тек ауа құрамында газдың шамадан тыс көбейіп кеткенін адамдар басы ауырып, әлсірегенде барып сезінеді. Мұндай кезде адам сол заматта таза ауаға шықпаса естен танып қалады да, жарты сағаттан кейін жүрегі тоқтайды.

Мамандардың айтуынша, адамға улы газдың әсер етуі өте қарапа­йым. Қан­ға сіңгеннен кейін улы газ гемо­глобинді қармап, оның оттегімен қанығуына кедер­гі жасай­ды. Яғни, гемоглобиннің глобулярлы ақуызының жұмыс істеу қабілетін күрт төмендетеді. Нақтылай айтқанда, адам ағзасы оттегін тым аз қабылдап, неғұрлым улы газбен көп тыныс алса, қандағы гемоглобин­нің жұмыс істеу мүмкіндігі соғұрлым азая­ды. Бұл жағдай бірінші кезекте бұл­шық еттің әлсізденуіне, жүрек айнып, бас­тың айналуына соқтырады. Осы жағ­дайда қандай да бір шара жасалмай, ол ұза­ғы­рақ созылыңқырап кетсе жүрек өз ж­ұмы­сын тоқтатуы әбден мүмкін. Көзге көрін­бейтін, иісі сезіле қой­майтын, жаның­ды ауыртпай алатын улы газ көбіне адам­дарды ұйқыда жат­қанда қапы қал­дыр­ғанына аз куә болып жүргеніміз жоқ. Демек, біз қыс­тың күні ұйқыға жатар кезде пеш­ті барынша қыздырып жағып қана қоймай, оның жану бары­сын, у­лы газ бөлу деңгейін ұдайы бақылауда ұста­ғаны­мыз абзал. Осы орайда мұржасы тазар­ты­л­маған, ақауы бар пешті қолдан­бау, от жағуды балаларға тапсырмау қажет екенін ескерткіміз келеді.

Қазіргі таңда халық арасында өрт-профилактикалық жұмыс­тар­ды күшейту мақсатында Төтен­ше жағдайлар комитеті мен облыс­тардың, Астана, Алматы және Шым­кент қалаларының тиісті депар­­та­менттерінде жедел штабтар ұйым­­дастырылды. Штабтар ТЖК және ТЖД бөлімшелерінің қызметкерлерінен құрылған. Сонымен қатар профилак­тикалық іс-шараларға ерікті түрде во­лонтерлік және өрт қауіпсіздігі саласында қызмет көрсететін ұйымдар тартылуда. Штабтар елді мекендердің (көшелер, орамдар, шағын аудандар) өртке қарсы қызметтің назарын аударуды қажет ететін аса проблемалық аумақтарды анықтады.

Демалыс күндері азаматтардың көбі үйде болатынын ескере отырып, ТЖК бөлімшелерінің басқару аппараттарын қоса алғандағы барлық жеке құрамы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аула-ауланы аралауға шығады. Рейдтік іс-шаралар барысында халықпен нұсқаулық жүргізіліп, пештерді және басқа да жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіз­ді­гінің негізгі талаптары бойынша жаднамалар мен нұсқаулықтар таратыла­ды. Үй иелері келіскен жағдайда жылыту жүйесінің жай-күйіне тексеру жүр­гізі­леді, ұсыныстар беріледі.
Суық түскеннен бері (қазан айынан наурыз айына дейін) жылыту құралдарын пайдалану басталғанына байланысты, тұрғын сектордағы өрт саны өсуде. Талдау көрсеткендей, өрттердің 70%-ы тұрғын үй секторында болады екен. Көптеген жағдайларда (36%) өрт халықтың отты абайсыз қолдануынан шығады. Бұл ретте өрттің пайда болуының негізгі көзі электр желілері мен жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (32%), сондай-ақ пешпен жылыту (16%) болып табылады. 

Қорыта айтқанда, жылыту маусымында сақтық шараларын күшейтіп, өрт, иістен улану оқиғаларын алдын алу жұмыстарын жандандырған жөн. Әйтпесе айдың күннің аманында жиі-жиі «әттеген-ай!» деп қапы қала беруіміз бек мүмкін. Бұл орайда тиісті қызметтер мен қарапайым тұрғын­дар арасында тығыз байланыс орнату маңызды-ақ.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»