Медицина • 13 Ақпан, 2019

Ақтөбе облысында мобильді топтар мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп жатыр

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында мобильді топтар мұқтаж азаматтардың мекенжайларына барып, олардың жанұяларының тұрмыстық жағдайымен танысуда. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде мүмкіндігінше әлеуметтік көмектер көрсету механизмі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облысында мобильді топтар мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп жатыр

Мобильді топтардың құрамына қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары,  мемлекеттік органдардың өкілдері мен мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтар кірді.

12 ақпанда ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, прокуратура органдарының ардагері Мария Тәжібаева, сонымен қатар, «Shanyraq» қоғамдық қорының өкілдері 34 жастағы Сәнімгүл Сүйінбаеваға көмек көрсетті. Ол жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр, кенжелері бір жаста. Жанұя саяжай алабында тұрады. Үйдің газ бен тұрғын үй құжаттары жоқ. Пеш жағып жылытылады.

«Жолдасымның айлығы аз, отбасымызға жетпейді, несиелеріміз бар. Бүгін мен мәселемді қоғамдық қабылдауға айтып, жауабын тез алдым»,- дейді көпбалалы ана.

Мобидьді топ мүшелері тұрмыс жағдайымен танысып, отбасына азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақтар, кеңсе тауарларын әкелді. «Shanyraq»қоғамдық қоры отбасына көмір алып береді. Құжаттар мен газ жүргізу мәселесі әкімдіктің бақылауында.

«Сәнімгүл Сүйінбайға барынша көмек көрсетілетін болады. Өзім зейнеттемін, бірақ мобильді топтардың құрамында мұқтаж жандардың үйіне барып жүрмін. Кейбір отбастарына заң тұрғысынан кеңес берем. Халықтың түсіністікпен қарайтыны көрініп тұр, билікке көрсеткен көмегі үшін риза»,- деді мобильді топ мүшесі Мария Тәжібаева.

Тағы бір мұқтаж отбасы «Авиатор» ауданындағы қаусап тұрған үйде тұрады. Гүлжайнар Шамсина жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр, олардың екеуі мектепке барады. Отбасыға азық-түлік жағынан көмек көрсетілді, жуырда баспана кезегіне тұруға жәрдемдеседі. Шамсиндерге көмекке облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мен депутат Сергей Вишняк келді.

«Менің жағдайымды естіп, келгендеріңізге рахмет. Балалар сыйлықтарға риза. Мәселемізді айтып келетін осындай қоғамдық қабылдаулардың болғанына қуаныштымыз. Жалғыз емес екенімізді білеміз»,- деді ризашылығын білдірген Гүлжайнар Шамсина.

Сондай-ақ, отбасыға балаларын мектепке апару үшін жәрдем берілетін болады.

«Екі күннің ішінде қоғамдық қабыладуларға 2 мыңнан аса адам жүгінген. Мобильді топтар отбасылардың үйлеріне барып, жағдайларын көріп жатыр. Біздер сол жерде бірден қолданыстағы заңнама аясында қолдан келген көмегімізді көрсетеміз»,- деді С.Қалдығұлова

Ақтөбе облысында құрылған мобильді топтар жеті түрлі бағытта жұмыс жасайды. Балаларды мектепке дейінгі мекемелерге беру, баспана кезегіне тұру, медициналық көмек көрсету, заң тұрғысынан кеңес беру, жылу, газ жүргізу, коммуналды қызметтерге мүмкіндігінше жеңілдік жасау.

Бұлбұл Елеусінова: «Осы сұрақтардың барлығы бұрын да билік бақылауында болған. Бірақ, тез арада шешуді қажет ететін сұрақтар да жоқ емес. Кейбір жүгінулер егжей-тегжей қарауды талап етеді. Сондықтан түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Бірде бір жүгіну немесе ұсыныс қараусыз қалмайды» деп сөзін түйіндеді.