Тәрбие • 14 Ақпан, 2019

Қасірет шеккен қариялар

1204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейдауа ғалам өмірде жолы болғандардың ғана ғұ­мыр­ларынан тұрмайды. Қай­дан басталғаны және қай­да зулап бара жатқаны белгісіз жалғанда түрлі-түрлі тағдырлар мен әркім­нің маңдайына шақ тәлкек бар...

Қасірет шеккен қариялар

Осы жолы байырғы қы­зыл­ор­далық фототілші Болат Омар­әлиевтің шығармашылық қор­жы­нына қол салғанымыз­да бір сурет шықты.

– Бұл кісілердің тағдыры өте ауыр! – деді фототілші. – Талай адамдарды суретке түсіріп­пін. Бірақ осы қариялардың қасі­рет­ті оқиғасы есімнен еш шықпайды.

– Қайбір жылдары газет жұмысынан қолым қалт еткенде, табиғат көріністерін, әртүрлі фотоэтюдтер түсіруді әдетке айналдырып алдым. Сондай демалыс күндерінің бірінде дария жағалап келе жатып, жағалаудағы қалың жыңғылдың арасынан саманнан салынған кішкентай үйді көрдім. Үйдің қатарына шағын мал қора тұр­ғызылған. Сырттай қарасаң еге­сіз үй сияқты. Жақындап келсем, үй маңынан біреулер қараңдап көрінеді. Қой, жөн сұрайын деп үйге кіргенімде ерлі-зайыпты қариялар жүр екен.

Бұл 1982 жыл болатын. Ақ­сақалдың жасы 88-де болса, кем­пірінің жасы сол кезде 83-ке келіпті. Екеуі есік алдында күн шуақтап отыр екен. Жөн сұраса келе, ақсақал Тасбөгет деген жерден Сырдариядағы бөгеттің құрылысы басталған 1946 жылы көшіп келгенін білдім. Қазалы жақтың адамдары екен. 

Сырдарияға салынған бө­гет­тің құрылысы 1956 жылы бітіп­­ті. Соның арасында бұл кісілер13 баласымен жабылып жүріп, осы үйді салып алған екен. Сол он үш перзенті тегіс қайтыс болған. Біреуін ат сүйретіп кеткен. Біреуі дария­ға кетіп өлген... Балаларының көбісі жастай шетінеп кеткен. Басқа салмасын, ұл-қыздарының біреуі де қалмаған мүсәпір жандар екен, – дейді суреттің авторы. 

Осыншама қасіреттен кейін қос мұңлық күлді ме, шындап өмір сүрді ме, нені медеу етті, тек өздеріне аян. 

«Құдай бір айналдырған­­­ды шыр айналдырады» деп бекер айтпаса керек. Қызылорда­лық байырғы фототілші бұл аз болғандай, олардың жал­ғыз бұ­заулы сиырын да түнде ұры­лар бұзауымен қоса ұрлап кет­кенін айтады. Тіпті бұл да аз болғандай, есіктің алдында ес болып жүрген итін де дария жа­ға­лап жүрген бұзықтар сойып жеп, терісін тастап кетіпті.

Сол заматта Тасбөгет кентін­­дегі, Сырдария ауданы­ның басшыларына барып осы мүсә­пір­лердің жағдайын айттым. Олар қатырамыз, жетім қал­ған қарияларға қарайласа­мыз деп маған уәде беріп қал­ды. Әкімшіліктің адамдары әне барамыз, міне барамыз деп жүр­генде шал қайтыс болған, кемпірді ағайындары алып кетіпті...

Бұл суреттің сыры осындай. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

АЛМАТЫ