Әдебиет • 14 Ақпан, 2019

Мақпал Мыса: Ақын әрқашан өмірді жырлайды...

1588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарын анықтау салтанаты өткен болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шарада ел өңірлерінен топжарған 29 адам Елбасымен кездесті.

Мақпал Мыса: Ақын әрқашан өмірді жырлайды...

Осы салтанатқа Алматы облысыннан ақын Мақпал Мыса қатысқан болатын. Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен келген Мақпал облыстық «Жетісу» газетінде қызмет етеді. 4 жыр жинағының авторы. Елбасы қоры өткізген «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлдегері. Біз «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына қосылған ақынмен аз-кем сұхбаттасып, салтанатты шарадан алған әсері мен әдебиет, шығармашылық жайлы да әңгімелескен едік.

«Менің еліміздің елеулі есімдерінің қатарынан көрінуіме себеп болған оқырмандарыма, жерлестеріме шексіз алғыс айтамын. Бұл дәреже маған үлкен құрметпен қатар, зор жауапкершілік жүктейді. Еңбегімді, шығармашылығымды Тәуелсіз еліміздің дамуына арнай беремін. Жалпы, кешегі кездесудің әсері күшті болды. Аздап толқыдым...» дейді ақын.

- Мақпал, кешегі оқыған өлеңге қатысушылардың елжірегенін, Елбасының зейінмен құлақ салғанын теледидардан көрдік...

- Шынымды айтсам, аздап ресми жиынның протоколын бұзуға тура келді. Мен отырыста патриоттық тақырыптағы өлең оқуым керек болатын. Соған іштей дайындалып отырғанмын. Айналамдағы адамдардың әсерлі әңгімесі, тағдыр жолындағы жетістіктері, өмірге деген құштарлық, қиындықты еңсеру сияқты жігер-күші қанат бітіріп, «Неге махаббат, сезім жайлы өлең оқымасқа?» деп шештім. Ақын қашан да өмірді жырлайды ғой. Бүгінгідей адамзат баласының ақыл-ойы аламанға түскен заманда біздің әдебиетіміздің көркейіп, кемелденуі аса маңызды. Жан тазармай, дүние тазармайды. Адамдар бір-бірінің қадіріне жетіп, бағалай білсе, жақсы көріп бақыт сыйласа. Өмір деген осы бір адами құндылықтардан тұрады...

- Мақпал, әңгімемізді шығармашылық ортаға қарай бұрсақ. Сіздің буын алдыңғы толқын сияқты құрмет көрген қоғамда өмір сүріп жүрген жоқ. Бірақ, аға буынның өткен кезеңдегі әдебиетке деген қамқорлықты аңсауы жастарға жұқты. Бұл жас толқынның қауқарсыздығы ма, әлде шынымен талантқа, өлеңге, жалпы әдебиетке деген сұраныстың жоқтығы ма?

- Кезінде әдебиеттегі аға буынды идеологияның жыршылары ретінде қызмет еткізді. Сол қоғам, сол уақыттың иелігіне қатысты шығармалар тудыруға мәжбүрледі. Бірақ, әдебиетті қашанда жеке адамдар жасайды. Сол таланттар қазақ әдебиетін жасады, ғұмырлы туындыларды дүниеге әкелді. Мәселен, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын қылышынан қан тамған Кеңестік дәуірде жазды. Біздің заманымыз қазір бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген, бағын қондырған заман. Біз - Тәуелсіздіктің түлектеріміз. Қазір нағыз ұлттың табиғатын, жанын, тарихы мен мұратын жазатын кез деп ойлаймын. Нарық келгелі әдебиеттің құны да түсіп кетті дейміз. Әдебиет тек әдебиеттің айналасындағыларға ғана керек деген ұғым қалыптасты. Сұраныстың жоқтығы осы әңгімеге қатысты. Дегенмен, өнер өлмейді. Қын түбінде жатқан алмастай жарқырап шығады, шығып та жатыр. Қамқорлық деп кешегі Мұқағалидың «Аққулар ұйқтағанда» поэмасын жазып, Ғабит Мүсіреповке оқытқанында, алтын қалам сыйлауын айтуға болады. Бұл сол кезде қоғамдық резонанс тудырған биік шығармаға берілген баға деп түсіну керек. Және әдебиетке келген әрбір қаламгер осы сұрақты өзіне қою тиіс шығар...

 - Дұрыс қой, бірақ, әдебиетке келу белгілі бір кезеңді қажет етеді дейді екен. Сіз және сіздің қаламдастарыңыз қазір әдеби отаудың босағасында ма... мүмкін ол тұстан да орын тимей жүрген шығар?

- Әдебиет - киелі төр. Оның қай жерінен орын тиетінін ұлы мәртебелі уақыт қана анықтай алады!

- Есіңізде шығар, Есенғали ағамыз былай деген: «Әйелден ақын шықпайды, Биші, күйші болмаса...». Керісінше, қазіргі қазақ поэзиясында қаламы қуатты қыздар көп. Мені қызықтыратыны, жаны нәзік ақындардың өзара қарым-қатынасы, достығы...

 - Негізі, өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп қойдыңыз. «Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз ақ сырын айтар қаламына...» демей ме ұлы Мағжан? Меніңше осы екі жол сұрағыңызға тура жауап.

- Бұрынғы Шығыста өзіне дейінгі ақындардан пәленше жол жатқа айтпаған ақындарды мойындамайды екен. Мысалға, сіз үлгі алған, үйренген, әлі күнге дейін «әсерінен арылмай жұрмін-ау» дейтін 5 ақынды атаңызшы. Тек, Абай мен Мағжаннан бөлек...

- Менің ұстаздарым - қазақтың қара өлеңінің өзі, маған дейін жыр жазған ақындардың бәрі, оның ішінде Ілияс, Қасым, Мұқағали, Кеңшілік пен Қанипа да бар...

- Мүмкіндік туып тұрғанда кешегі салтанатта Елбасын елжіреткен өлеңіңізді «Егеменнің» оқырмандарына да оқуға ұсынарсыз...

-Әлбетте. Өлең іздеген жұртқа, шашуым болсын, мінеки!

 

СЕН МЕНЕН АЛЫСТАМА!

... Қайда мені бастайсың ғарышқа ма?

Досқа да айпас сыр еді танысқа да.

Сағынышым сарғайған сағымдардай,

Сен менен алыстама!

 

Оттай шарпып өтетін жалын іштен,

Сағым ба едің, сарғайған сағыныш па ең?

Жанарыңда жаhұттай жасын ойнап,

Бақыттың балын ішкем.

 

Түрен тартқан тіршілік тұр өңіңде,

Бір сөз айтып қалсаңшы жүреріңде.

Өмір зулап барады көз алдымда,

Өлең тулап барады жүрегімде.

 

Арай сыйла сен маған ай күн ұсын,

Өзiңменен күнiм күн, ай тынысым.

Бұл өмірге келгенбіз біздер бәлки,

Бақыт әнiн қосылып айту үшін.

 

Тұнжырап тұр таныс қыр, таныс қала,

Арна керек алқынған ағысқа да.

Өмір жайлы өлеңді мен бастайын,

Сен менен алыстама!

 

Сұхбаттасқан Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»