Аймақтар • 14 Ақпан, 2019

Таразда тындырылған тірлік көп, мәселе де аз емес

518 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов өткен жылды қорытындылап, халық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Кездесу барысында қала әкімі «2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2019 жылға арналған міндеттері» туралы баяндады.

 Таразда тындырылған тірлік көп, мәселе де аз емес

«Жалпы Тараз қаласының өнеркәсіп саласына тиесілі жер телімі 4297 гектарды немесе қала аумағының 22,9 пайызын құрайды, пайдаланушылар саны 3400 бірлікке тең. Ол жерлерде, өткен жылы инвентаризациялау жұмыстарының І-ші кезеңі бойынша 154,5 гектарды құрайтын 42 бос өндіріс нысандары анықталды. Экономиканың тұрақты өсімін 4 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету туралы Елбасының Үкіметтің кеңейтілген құрамындағы тапсырмасын орындау мақсатында, босап тұрған өнеркәсіп нысандарын анықтап, аталған нысандардың иелерімен бірлесіп алдағы кезеңдерге даму жоспарын немесе әлеуетті инвесторларға беру жолдарын қарастыру қажет. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы айналма тас жолының бойында орналасқан 36 гектар жер теліміне индустриалды аймақ құру жоспарланып отыр. Аталған аймаққа инженерлік инфрақұрылым тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 35,0 миллион теңге облыстық бюджет есебінен қаржы қарастырылып, қазіргі кезде техникалық шарттары алынуда. Конкурс жариялау мәселесі облыстық құрылыс басқармасының құзырында», деді әкім.

  Өз сөзінде Ғалымжан Әбдірайымов Елбасының «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру керектігі жөнінде кезекті Жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатында, өнеркәсіп саласына инвестицияларды тарту жұмыстарында отандық кәсіпорындарда халық көп тұтынатын тауарлар тізбесін шығаруға көңіл бөлу қажеттігін де айтты.

  «Бұл бағытта, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қаладағы нақты дайын өнім шығаратын кіші және орта кәсіпкерлер мен аудандардағы осы кәсіпкерлерге шикізат немесе қосалқы заттарын тапсыра алатын кәсіпкерлердің мониторингісін жасау, қалада олар үшін орталықтандырылған кеңсесін ашу жұмысы қолға алынуда. Қазіргі кездің өзінде Тәуке хан даңғылы бойындағы «Атамекен» әмбебап сауда алаңында облыстық жеңіл өнеркәсіп Ассоциациясымен бірлесіп Тараз қаласының және облыстағы жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін сату дүкендері ашылуда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шағын, орта бизнесті дамыту мәселелеріне басымдық бере отырып, елдің ішкі жалпы өніміндегі олардың үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету керектігіне аса назар аударған. Қалада қазіргі уақытта 32 712  кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде жұмыс істейтіндері 23 753 бірлік немесе 72,6 пайыз. Жалпы аймақтық өнімдегі шағын, орта бизнестің үлесі 28,4 пайыз, оның ішінде өнеркәсіп саласында қаладағы өндірілген өнім көлемі 43,9 миллиард теңге немесе 18,3 пайыз, бұл межені келешекте 20 пайызға жеткізуге алдымызға міндет қойып отырмыз», деді қала әкімі.

  Бұдан кейін көне шаһар басшысы қаладағы білім, денсаулық, құқық қорғау, тұрғын үй салаларындағы жетістіктерді де атап өтті. Қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны – 16573 адамды құрап отыр екен. Ал, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 70057 азаматтар кезекте тұр. 

  «2018 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 243,7 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 127 пайызды құрады. Жалпы өткен жылы 1040 пәтер пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 арендалық әлеуметтік тұрғын үй немесе 240 пәтер берілді. Жаңа 15-ші мөлтек ауданында әрқайсысы 80 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл 800 пәтердің 480-іне, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» арқылы келісім шарттар бекітілсе, Елбасының халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі аясындағы «7-20-25»  бағдарламасы арқылы «Арай» мөлтек ауданында 14 пәтер сатылып, тағы 33 азаматтардың арыздары екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда. Үстіміздегі жылы 15-ші мөлтек ауданында 80-пәтерлі                                        5 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның үстіне аталған алқапта қосымша 80-пәтерлі 9 үй, 60-пәтерлі 11 кредиттік үйлердің құрылыстары басталады. Алдын ала жоспар бойынша аталған үйлердің құрылысы 2019-2020 жылға жоспарланған. Барлығы 1380 пәтер беріледі», деді Ғалымжан Райылұлы.

  Тараз қаласы бүгінде экономикалық жағынан ғана емес, сәулеттік келбеті жағынан да өрлеп келеді. Биылғы жылы облыс әкімдігінің алдына жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылып, Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Желтоқсан көшесінің бойынан субұрқақ ашылып, «Ғибрат», «Желтоқсан» орталықтары пайдалануға берілді. Осы және өзге де мәселелерге тоқталған қала әкімі алдағы уақыттарда жұмыс қарқынын бұдан әрі арттыратынын айтты. Бұдан кейін тұрғындар әкімге сауалдарын жолдады.

  Өз кезегінде қала тұрғыны Қайрат Шаханов «Шалғай Қарасу» аумағына қашан мектеп салынатынын сұрады. Бұл ретте Ғалымжан Әбдірайымов бұл аймаққа 600 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттардың дайындалып жатқанын айтып, жауап берді. Сонымен қатар, қала тұрғыны Оразбек Өскенбаев қала ішіндегі қоғамдық көліктердің жүру жиілігіне қатысты сын айтты. Тұрғынның «Тым болмаса қоғамдық көліктер таңертең және кешке қарай жиі жүрсе екен» сауалына әкім «Тараз қаласы бойынша халыққа 10 мекеме қызмет көрсетеді. Қалада 470 қоғамдық көлік бар. Рас, күн суық кездерде олардың жүру жиілігі көп сақталмайды. Алайда бұл мәселе бақылауда болады», деді әкім. Ал, Тараз қаласына қосылған «Шөлдала» аймағы талай жылдан бері көгілдір отынсыз отыр. Тұрғындар атынан осы мәселені көтерген Наргиз Сайранбаеваға Ғалымжан Әбдірайымов аймақта 2020 жылға қарай құрылыс жұмыстарының басталатынын жеткізді.

  Жиын соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, атқарылған жұмыстардың аз емес екенін, алайда тұрғындарды толғандырған мәселелердің одан да көп екенін айтты. Әкім әсіресе өнеркәсіп саласын арттыруды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді тапсырды.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazaqstan»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше