Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Жалақыны көтергені - маңдай тердің өтелгені

695 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  дәстүрлі Жолдауында төменгі жалақы алатын жұмысшылардың айлығын өсіру мен салық мөлшерлемесін азайтуды тапсырған болатын. Қазір бұл бағытта аймақтарда нақты шаралар қабылданып, іске асып жатыр.

Жалақыны көтергені - маңдай тердің өтелгені

Мәселен, Алматы облысындағы 43 503 кәсіпорындағы 79,4 мың жұмысшының төмен жалақы алатын анықталған еді. Биылдан бастап олардың жалақы мөлшері көбейтілді. Қазір кәсіпорындардағы еңбек өтеуі едәуір жоғарылады. Нақты есеп бойынша, 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмыскердің айлық жалақысын көтерген. Сондай-ақ, облыста бюджеттік ұйымдарда қызмет атақаратын 41 мың адамның жалақысы орта есеппен 35 процентке көбейді. Жалпы облыс бойынша 2018 жылы орташа айлық жалақы 5 процентке өсіп, табыс мөлшері 114 мың теңгені құрапты. Мұнан бөлек, салық жүктемесін төмендетуге орай 133,5 мың адамның жалақысы қайта қаралған екен.

Мемлекет басшысының төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырмасына сәйкес Талғар ауданында да нақты шаралар қолға алынған. Аудан әкімі Рыскелді Сатбаевтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің дамуы оң көрсеткіштермен толыққан. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 1,6 млрд. теңге болатын 24 жоба қаржылай қолдау тауыпты. Бұл өз кезегінде аудандағы 1716 кәсіпорындағы жұмысты жандандырған. Нәтижесінде 1405 нысандағы жұмысшылардың жалақысын өсіруге мүмкіндік берді. Яғни, аудан бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап 3903 жұмысшының айлығы көбейіп, жалақы қоры 230 млн теңгеге артыпты.

Мұнан бөлек, аймақтағы ірі кәсіпорындар да ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру жолға қойылды. Бұл бастамаға алдымен қосылғандар ішінде «Алматы бояулары» ЖШС бар.

– Біздің компанияда 160 адам жұмыс істейді. Олардың жалақысын үнемі көтеріп отыруға тырысамыз. Бұған дейін барлық жұмыскердің жалақысын 50 пайызға көтердік. Елбасы Жолдауынан кейін еңбекақыны тағы көтеру керек деген шешімге келдік. Өйткені халықтың әл-ауқатын шынымен де арттыру керек. Осы жолы біз жалақыны тағы да 15 пайызға өсірдік, – дейді «Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова.

Ал Ілеу ауданындағы «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасановтың айтуынша, кәсіпорындағы ең төменгі еңбекақы мөлшері қазір 120 000 теңге болса, орташа жалақы 353 000 теңгеге жеткен. Осы қатарда «Жаркент крахмал-сірне зауыты» серіктестігі де бар. Серіктестіктің басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиев: «Біздің компания 1 желтоқсаннан бастап еңбекақы мөлшерін ұлғайтты. Өндірісте 1200 жұмысшы бар. Олардың орташа жалақы мөлшері 114 000 теңге, ең төменгісі – 68 000 теңге болып келді. Қазір 311 қызметкердің айлығына қайта есептеу жасалып, орташа орташа еңбекақы 127 000 теңгеге, ал төменгі айлық 80 000 теңгеге дейін көбейді» дейді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы