Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Жамбыл жастары жақсы іс бастады

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараз қаласында өткен қайырымдылық акциясы аясында 220 тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді.

Жамбыл жастары жақсы іс бастады

Биылғы жастар жылына орай, бүгінгі таңда Әулиеата өңірінде волонтерлік қозғалысты дамыту, олардың жұмысын қайырымдылыққа бағыттау, сол арқылы жастарды қайырымдылыққа тәрбиелеу басты мақсат болып отыр. Қазіргі кезде облыста «Жібек жолы жастары» волонтерлар қозғалысы құрылған. Жалпы, облыста мыңнан аса еріктілер дерекқоры жасалған. Жуырда ғана волонтерлар 3 апта бойы Тараз қаласында адрестік жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде 450-ге жуық қамқорлық пен қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтады.

Осы орайда, Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында қайырымдылық акциясы өтті. Акция аясында 220 тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Оның ішінде көпбалалы отбасы, көпбалалы жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар және жалпы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Шара барысында аталған санаттағы әр отбасына ұн, сұйық май, шай, шекер, күріш, макарон, қарақұмық сияқты тұрмысқа қажетті азық-түліктер табысталды. Сонымен қатар, акция аясында әр отбасына киім-кешектер де таратылды.

«Бұдан бөлек, алдағы уақытта қайырымдылық дүкендері іске қосылады. Волонтерлар мен кәсіпкерлердің тығыз байланысын орната отырып, бес жерге арнайы жәшіктер қойылады. Сонымен қатар, азық-түлік, киім-кешек сынды тұтыну заттарын жинақтап, тарату жұмыстары қолға алынады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жүйелене отырып, тұрақты түрде жалғасын табады», дейді басқарма басшысы Мәди Мәтен.

Айта кетейік, басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Волонтерлар мектебінің жұмысын жүргізу, үйлестіру және олардың әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» тақырыбына тиісті жұмыстарды жүргізу үшін 15 миллион теңге қаржы қаралған. Енді мұндай қайырымдылық шара барлық аудандарда бір мезетте ұйымдастырылатын болады.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше