Әлем • 15 Ақпан, 2019

Солтүстік Македония НАТО құрамына кірді

858 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Македония Еуропаның Оң­түстік-Шығысындағы Балқан түбегінде орна­ласқан шағын ғана мемлекет. Еуропалық өл­шеммен қарағанның өзінде бұл әлемдегі ең шағын елдердің бірі. Жер көлемі 25 мың шаршы шақырым, халқының са­ны 2 млн адам. Осы ел жа­қын­да Еуропа елдері құрған Сол­түс­тік Атлантика әскери блогінің (НАТО) қатарына енді. 

Солтүстік Македония НАТО құрамына кірді

Бұл мемлекет бұрынғы Югос­ла­вияның ыдырауымен оның құрамынан шығып, 1991 жы­лы өз тәуелсіздігін алған бо­латын. Содан бері бұ­рынғы бір тудың астында бол­ған Сербия тарапынан қауіп кү­тіп, НАТО әскери блогінің қам­қор­лығын көруге талаптанып келген. Бірақ мемлекеттің атауына байланысты НАТО-ның бұ­рыннан бергі мүшесі Гре­кия альянсқа өту жолына кедер­гі жасап келген болатын. Өйт­кені Македония атауын Гре­кия өздерінің ұлы жерлесі Алек­сандр Македонский есімі­не бай­ланысты жеке-дара ием­ден­гісі келеді. Оның үстіне Гре­кия­да «Македония» облысы бар. Елдің атауын өзгер­туге байланысты Грекия­мен келісім жасалып, былтыр­ғы 30 қыркүйекте ол референ­дум­ға да шығарылған. Бұл келі­сім­ді референдумға қатысқан халықтың не­гізгі бөлігі қол­да­ға­ны­мен шешім қабыл­данған жоқ, өйткені дауыс беруге қа­тыс­қандар үлесі халықтың 50 пайы­зына жетпейтін. Бірақ премьер-министр Зоран Заев мәселені пар­ламент­тің қарауына ұсынып, онда Грекия­мен жасалған ке­лі­сімшарт ратифика­цияланды. Осы келісімді 2019 жыл­дың 25 қаңтарында Грекия парламен­ті де мақұлдады. Сөйтіп елдің атауы ендігі жерде Солтүстік Македония Респуб­ли­касы деп танылды. Македония НАТО-ның құрамына да осы атауымен енді. 

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг «біз ешкімді де альянсқа кіруге күштеп ша­қыр­маймыз, ал өздері қала­са, олардың шешімін қабыл­даймыз. Біз тәуелсіз елдердің ше­шім­дерін сыйлаймыз. Мәсе­лен, Сербия бізге кіргісі келмесе, біз олардың да шешімімен санасамыз» деді. Сонымен бірге ол Ресейдің Балқан елдерінің альянсқа кіру процесіне кедергі жасауын да сынап өтті. 

Сөйтіп бір кезде КСРО бас­шысы М.Гор­бачевке айтыл­ған «НАТО шығыс­қа жылжы­майды» деген ауызша уәде жыл­­дан-жылға орындалмай келеді. Маке­дония альянстың Шығысқа қарай жыл­жуы­ның кезекті бір мысалы. НАТО-мен текетірес саясат жүргі­зетін Ресей үшін бұл диплома­тиядағы жеңіліс деу­ге болады. Оның үстіне НАТО құра­мына соң­ғы жылдары кіріп жатқан елдер бұ­рынғы «Варшава шар­ты» елдері әрі негізінен сла­вян жұртының өкіл­дері. Ал Ресей Балқандағы славян ел­дерін түбі бір туыс деп са­най­ды. Ресей іргесіндегі Бал­тық жағалауы елдерінің НАТО-ға мүшелікке өтуі, онда ұйым­ның кеңейтілген әскери жаттығуларын ұйымдастыруы өз алдына бөлек әңгіме. 2004 жы­лы аталған әскери блокқа Бол­гария, Румыния, Словакия, Сло­вения, Эстония, Латвия және Литва елдері бірден кірді. 2009 жылы кезек Албания мен Хорватияға келді.
Енді Оңтүстік-Шығыс Еуро­пада НАТО-ға кірмеген Сербия, Босния мен Гер­цеговина, сон­дай-ақ Косово сияқты үш мемлекет қана қалып отыр. Ал егер

Украи­на мен Грузия Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуды өзіне стратегиялық мақ­сат етіп қойғанын ескерсек, онда НАТО ал­да­ғы уақытта Ресей шекарасына қарай тағы да жылжуы мүмкін. Тек бір ғана кедер­гі бар. НАТО-ға мүшелікке кандидат мемлекеттердің өзге ел­дермен терри­то­риялық ше­шілмеген мәселесі болмауы тиіс. Ал Украинаның да, Гру­зияның да Ресеймен дәл осы сұрақта «шешімін тап­паған үл­кен түйткілдері» бар. 

Солтүстік Македонияның НАТО-ға мүше атануының Ресейге экономикалық та зияны болуы мүмкін. Себебі дәл осы Ма­кедония жері арқылы «Түрік ағыны» атты газ құбыры өтпек. Македония был­тыр күзде «егер Еуроодақ рұқсат берсе ғана, біз жобаға қосыламыз» деп мә­лімдеген. Яғни, Брюссельдің шеші­міне кіріптар. Енді Ма­кедония еуроат­лан­тикалық қа­уым­дастыққа кірген соң, Брюс­­сельдің құбыр құрылы­сына қатыс­ты ұстанымын күтеді. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»