Қоғам • 15 Ақпан, 2019

Құнанбай қажы мешіті

1364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында атқарылған «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне «Құнанбай қажы мешіті» еніп отыр. Мешіт Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының орталығында орналасқан.

Құнанбай қажы мешіті

Қарқаралы қаласының іргесі ресейлік отарлау сая­сатының ықпалымен 1824 жы­лы 8 сәуірде қаланған. Жаңа­дан пайда болған округ орталығына мешіт тұрғызу мәселесі 1847 жылы көтеріліп, оған приказға қарасты 16 болыс қол қойып, аға сұлтан Құсбек Тәукеұлы мөр басқан құжат дуанға тапсырылған. Патша шенеуніктері мешіт тұрғызуға мақұлдық таныт­қан соң, яғни 1850 жылы құрылысы бас­талып, келесі жылы тоқы­­райды. Бірақ Құнанбай қажы 1849 жылы Қарқаралы округіне аға сұл­тандық лауазымына өті­сімен мешіт құрылысын қайта қол­ға алып, тыңғылықты аяқ­тағандықтан мешіт халық арасында «Құ­нанбай мешіті» аталып кеткен. Мемлекеттік ар­хив­тің 374-қорындағы «Де­ло строи­тельстве мечети в Кар­­ка­ра­линском селении» деп ата­­латын құжатта: «Құ­дай үйі­­нің құрылысы 1847 жыл­дың 11 қазанында басталып, 1851 жылы 18 қыркүйекте аяқ­талған» делініпті. 

Сол сияқты құрылыс ба­ры­сы жайлы аға сұлтан Құнан­бай Өскенбайұлы өзінің орыс ұлықтарына жолдаған баянхатында «Мешіт құры­лы­сының барысы маған бай­ланысты – Құдай тағала ұнам­ды дінді нығайтып, халық иман­дылығын жаңғырту үшін менің қызмет бабым бойынша ес­керусіз қалуға тиіс емес, сол мешітті қоғам дайындаған ағаш­тан салып шығуды өзіме міндет деп санаймын» деп, мешіт жанынан медіресе салу үшін жер аумағын кеңейтіп беруді өтінген. Нәтижесінде, 1851 жылы 26 ақпанда Омбы генерал-губернаторы кеңсесі Қарқаралыдағы мешіт жанынан имам-молдаға үй, бала оқыту үшін медресе салуға рұқсат қағаз береді. 

Кеңес өкіметі жылдары мешіт ғимараты әртүрлі мақсаттарға: тұрғын үй, қой­ма, кітапхана, архив ре­тін­де пайдаланылды. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы жергілікті жұрттың бастамасымен қажы мешітін қал­пына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 10 жылдың алдында толық реставрация жасалды. Қазіргі кезде мешіт еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғауға алынып, ҚМДБ-ға қарасты діни орталық мәртебесіне ие.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»